Basty bet

Сауда белгісі – «Aq Altyn»

«LF Company» ЖШС экологиялық таза сүт өнімдерін молынан өндіруге күш салуда

Жуалы ауданы – аграрлы өңір. Ауасы таза, шөбі шүйгін, суы мол қасиетті өңірде жыл санап төрт түлік малдың басы да артып келеді. Оның ішінде, қазіргі таңда өңірде мүйізді ірі қараның басы 50 мыңға жетіп жығылса, ал оның ішінде, сауынды сиырдың басы 25 мыңға жуықтайды. Тиісінше, өңірде сүт кластерін дамытуға да мүмкіндік мол.

Қазір ауданда күнделікті сүт қабылдап, одан түрлі өнімдер шығаратын тоғыз бірдей кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуде. Осыған сәйкес, аудандағы сүт өңдейтін кәсіпорындарды шикізатпен толықтай қамтамасыз етіп, зауыттардың жүктемесін арттыруға күш салу өте маңызды.
Жалпы өңірдегі сүт өңдеу саласында кейінгі жылдары бірқатар проблемалардың туындап отырғанын да жақсы білеміз. Оның өзіндік себептері де жоқ емес…
Өңірдегі сүт өңдейтін зауыттардың ішінде, соңғы бес жылдықта іске қосылып, өндірістік қуатын арттырған «LF Company» ЖШС-ын өзінің жұмыс қарқыны мен өнім сапасы жағынан болсын, басқа кәсіпорындардан ерекешеленіп отыр деп айтуға болады. Аудан орталығында орналасқан сүт өңдейтін кәсіпорын 2019 жылдың ақпан айында өз жұмысын бастап, қазіргі таңда отандық нарықта өзіндік брендін қалыптастырып үлгерді. Жұмысы ілгері басқан шағын зауытта сүт өнімдерінің 14 түрі шығарылып, отандық нарыққа қолжетімді бағамен өткерілу үстінде. Компанияда жасалған өнімдердің барлығы дерлік табиғи жолмен өндірілген экологиялық таза өнімдер.
Жақында аталған серіктестіктің сүт өңдейтін шағын зауытында болып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысқан болатынбыз. «LF Company» ЖШС-ның бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан. Негізінен кәсіпорын ашылып, іске қосылған күннен бастап мұндағы зауыттың жұмысына өндіріс жетекшісі, білікті маман Сұлушаш Матеева жетекшілік етіп келеді. Зауыттың толыққанды жұмыс істеуіне ең бірінші кезекте жұмысшы күші және білікті кадрлар құрамымен қатар, өнімді өңдеуге арналған қондырғылардың атқаратын қызметі орасан. Кәсіпорын өндірістік қондырғылармен, тағы да басқа қажетті қосалқы құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. Серіктестіктің өндіріс жетекшісі С.Матеева қондырғылардың дені Ресей Федерациясынан, Қытайдан және Германиядан осында жеткізіліп, орнатылғанын айтады.
-Кәсіпорында сүтті күнделікті қабылдағаннан бастап, оны суытуға, дайын өнім шығаруға арналған әртүрлі сыйымдылықтағы тот баспайтын болат материалдан жасалған ванналар, басқа да қажетті құрал-жабдықтардың барлығы бар. Сүт өнімдерінің дені көлемі 200-600 литр сыйымдылықтың аралығындағы ванналарда дайындалып шығарылады. Атап айтқанда, сүтті суытуға арналған сыйымдылығы екі тоннаны құрайтын үлкен цистерна, сарымай шығаруға арналған аппарат, сүт айдайтын сорғылар (насос), сыйымдылықтары жғары тоңазытқыштар мен мұздатқыштардың бірнеше данасы, сүттен қаймақ айыратын сепаратордың үш түрі, су сүзгілері және айран, қаймақ ұйытуға арналған арнайы қондырғы-ванналар және бу генераторы сияқты қуатты қондырғылар өндіріс жұмысын жеңілдетумен бірге, өнімді сапалы шығаруға да үлкен көмек болу үстінде,- дейді өндіріс жетекшісі Сұлушаш Зиятбекқызы.
Иә, жалпы сүт өндірісі процесінде санитарлық-гигиеналық тазалықты сақтау, өндірісте қолданылатын құрал-жабдықтар мен ыдыстардың үнемі таза болуын қадағалау барлығынан маңызды. Себебі, тамақ өндірісі тазалықты сүйеді. Серіктестіктегі күнделікті өндіріс барысында арнайы сүзгіден өткізілген таза су қолданылады. Күнделікті сүт құйылатын ыдыстар мен қондырғылардың таза жуылуына сумен қатар, бу генераторының да атқаратын рөлі зор. Жалпы қабылданған сүтті дайын өнімге айналдырмас бұрын сүттің сапасы мен тазалығы, майлылығы кәсіпорынның зертханасында мұқият тексеруден өтеді. Қондырғыларда залалсыздандырылған сүт содан кейін ғана өндіріске жіберіледі. Бұл – мұнда атқарылатын жұмыстардың ең маңыздысы. Бұл процестің сапалы атқарылуы сүт өнімдерінің сапасына да тікелей әсері ететіні анық.
Сүттің тазалықты сүйетінін жоғарыда айтқанымыздай, одан сапалы өнім шығару ісінде өз ісінің қыр-сырын өте жақсы білетін білікті кадрлардың маңызы да ерекше. Ендігі кезекте шағын зауыттың жұмысшылар құрамына тоқталсақ, қазіргі таңда кәсіпорында барлығы 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кадрлар құрамынан өндіріс жетекшісі С.Матеевадан бастап, күзетшіге дейін өндірістің толық қуатында әрі жұмыстың үздіксіз сапалы атқарылуына барлық білім-білігі мен күш-қуаттарын сарқа жұмсауда.
Атап айтқанда, кәсіпорынның бас инженері қызметін техника ғылымдарының магистрі, білікті маман Сәкен Байұзақов жүйелі атқару үстінде. Мейрамбек Сәрсен өнім өндірудің технологиясы мен оның сапасына жауапты болса, Ілияс Тоқпанов қойма меңгеруші және материалдық жабдықтаушы жауапты маман міндетін қалтқысыз атқаруда. Өнім шығарушылардан – тәжірибелі маман Дамира Мырзахметова құрт цехының жұмысына жауапты, ал Роза Тілеуқұлова сарымай жасаумен бірге, зертхананың жұмысына да араласып, сүт сапасын тексерудің қыр-сырына қанығу үстінде. Білікті маман Фарида Ержанованы чечил, сулугуни ірімшіктерін дәмді етіп жасаудың нағыз шебері дерсің.
Қазіргі таңда кәсіпорында тәулігіне орта есеппен 1,5 тоннаға дейін сүт қабылданып, одан 100 келіге дейін құрт, 50 келі сарымай, онымен бірге ірімшіктің бірнеше түрі, тағы басқа сүт өнімдері шығарылады. Құртты кептіруге және чечил ірімшігін ыстауға арналған арнайы шкафтар да бар. Алдағы ақпан айынан бастап, шаруашылықтарда сиырлар жаппай төлдеп, тиісінше, сауылатын сүттің көлемі де көбейеді. Соған сәйкес, кәсіпорын сүтті молынан қабылдап, оны тәулігіне үш тоннадан асыруды көздеп отыр.
Біз кәсіпорында болған кезімізде, білікті мамандар Д.Мырзахметова құрт жасап жатса, ал Фариданың чечилді қолмен созып жатқанына куә болдық. Жалпылама айтқанда, кәсіпорындағы дайын өнім шығаратын және өнімді орау және қаптау цехтарының барлығында жұмыс қарқынды жүргізілуде. Кәсіпорында таңертең шикізатты қабылдағаннан бастап, оны дайын өнімге айналдырып, буып-түйіп жөнелтуге дейінгі аралықтағы жұмыс процесі бір тынбайды. Мұндағы әрбір маман өз міндеттерін бес саусағындай жақсы біледі. Олар ең бастысы, сүттен сапалы және экологиялық таза өнім шығару ісіне барынша күш салуда. Кәсіпорында одан бөлек, жүргізуші-экспедиторлар, зауыт өнімін насихаттап, тарататын мамандар, сонымен қатар, әртүрлі жұмыстарды атқаратын жұмысшылар және көлік жүргізуші, күзетшілер жұмыс атқарады.
«LF Company» ЖШС-ның сүт өңдеу кәсіпорнында өндірілген айран, сарымай, құрт, чечил және сулугуни ірімшіктері, брынза және қаймақ өнімдері негізінен «Aq Altyn» сауда белгісімен отандық нарыққа өткерілуде. Өндіріс жетекшісі С.Матеева өз сөзінде, басқа өнімдерге қарағанда, тұрақты тұтынушылардың тарапынан пластик бөтелкедегі айран мен клеенка қаптамадағы құртқа сұраныстың жоғары екенін айтады. Атап айтқанда, дайын өнімдер өз өңірімізбен қатар, Тараз қаласына (Таразда серіктестіктің 3 фирмалық дүкені жұмыс істейді), одан бөлек, облыстың Меркі, Т.Рысқұлов, Талас және Сарысу аудандарының орталығына, сондай-ақ, Ақтау, Түркістан қалаларына тұрақты өткерілсе, таулы өңірдің сүтінен жасалған бренд өнімдер Қазақстанның үлкен мегаполистері – Шымкент, Алматы және Астана қалаларында да танымалдылыққа ие. Онымен бірге, серіктестікте шығарылатын өнімдер ISO сапасына сәйкес және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал Даму» сертификаттарына ие болған.
-Алға қойып отырған бірқатар өндірістік жоспарларымыз бар. Қазір біз өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері арқылы алты шаруа қожалықтан тәулігіне екі тоннаға дейін (сүт көбейген кезде) сүт қабылдап отырмыз. Сүттің көлемін бұдан да арттырып, кәсіпорынның жұмысын кеңейтсек деген ниеттеміз. Барлығын уақыт пен нарық көрсетеді. Ең бастысы, сүт өндірісін дамыту ісінде сапаға жұмыс істеп, тұтынушылардың көңілінен шықсақ дейміз. Біздің серіктестік өндіріспен қатар, жоғары оқу орындарының студенттеріне осында ғылыми жұмыстармен айналысуына да қолайлы жағдайлар жасауда. Ғылым мен өндірісті ұштастыру – өнімнің, жалпы жұмыстың сапасын арттырады,- дейді серіктестіктің өндіріс жетекшісі Сұлушаш Матеева.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close