Basty bet
Мансап емес, мақсат қуған жан
Мемлекеттік қызмет – бұл мемлекеттік биліктің міндеттері мен функцияларын жүзеге асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді орындау бойынша мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызметкерлердің қызметі.
Мемлекеттік қызметкерлердің өз қызметіне деген жауапкершілігі, білімі мен тәжірибесі арқылы халықтың билікке деген көзқарасы қалыптасып, құрметі артады.
Аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Шынаркүл Әбдікерімова мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы өзіне жүктелген функционалдық міндеттерді мінсіз атқарып келе жатқан абыройлы маман.
Шынаркүл Әбіразаққызы Қырғызстан Республикасында туып-өскен. Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін Қаратау тау-кен құрылыс техникумына техник-құрылысшы мамандығы бойынша оқуға түседі. Техникумды үздік тамамдап, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында инженер-құрылысшы мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолы 1990 жылы Жуалы аудандық агроөнеркәсіптік құрылыс бірлестігінің жылжымалы механикаландырылған колоннасында техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер болып бастайды. Бір жылдан кейін аталған мекемде кадрлар жөніндегі инспектор қызметіне ауысады.
1992 жылы Қаратау қалалық халық депутаттары Кеңесінің аппаратында іс басқарушысының міндетін уақытша атқарушы, Кеңес төрағасының көмекшісі қызметін атқарады.
Мемлекеттік қызметке 1997 жылы келген. Яғни, Талас ауданы әкімінің аппаратында жалпы бөлімнің маманы, бас маманы, кеңсе меңгерушісі, кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, персоналды басқару бөлімшесінің басшысы, Талас ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарады.
Ал 2018 жылдың қараша айынан бастап бүгінгі күнге дейін аудандық мәслихаттың аппарат басшысы қызметін атқаруда.
ҚР Жергілікті басқару және өзін-өзі басқару туралы Заңда көрсетілгендей, мәслихат аппараты мәслихат пен оның органдарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады, депутаттарға өздерінің өкілеттігін жүзеге асыруға көмек көрсетеді.
-Мемлекеттік қызмет – қоғам айнасы. Сондықтан мемлекетік қызметші қоғамға үлгі болуы керек. Яғни, жұмыстан тыс уақытта да мемлекеттік қызметшінің имиджіне кір келтірмеу қажет.
Менің пікірімде, мемлекеттік қызметші отаншыл, мемлекетшіл, адал, жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. Мен өзіме де, әріптестеріме де қояр талабым осы.
Менің әкем Әбдіразақ Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері, ұзақ жыл ұстаздық еткен жан. Әкемнің мына бір сөзі менің санамда мәңгілік жатталып қалыпты: “Мейлі ол қандай жұмыс болсын, жоғары лауазымды қызмет, мейлі жәй аула сыпырушы болсын, әр адам өзінің қызметін құрметтеуі керек. Жұмыстан кешікпей, ерте қайтпай, өзінің міндетін сапалы орындауы керек. Сонда ғана оның жұмысы өнімді болады, өзінің сыйы да артады” дейтін. Әкемнің осы сөзі менің жадымда үнемі жаңғырып тұрады. Жұмысқа деген көзқарасым да әкемнің осы пікірімен қалыптасқан. Мен үшін жұмысты мінсіз және уақтылы орындау басты орында. Мен еңбек жолымда мансап қуған емеспін. Адам өмірде баспалдақтың барлық сатысынан өте білуі тиіс. Яғни сіз біреуге тапсырма бергенде, оның қалай орындалатынын бірінші өзіңіз жетік білуіңіз керек. Өмірде азғантай болса да жоғары жетістікке жетсем, ол жұмысқа деген жауапкершілігім мен орындаушылық қасиеттерімнің нәтижесі деп білемін. Себебі, мен жұмысымды қатты жақсы көремін,- дейді Шынаркүл Әбдіразаққызы.
Мемлекеттік қызметші Шынаркүл Әбдікерімова жұмысына деген адалдығы, тиянақтылығы мен жоғары жауапкершілігі үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің “Үздік мемлекеттік қызметші” төсбелгісімен марапатталған.
Шынаркүл Әбдікерімова шын мәнінде еңбекқор, ізденімпаз жан. Заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды үнемі қарап, оқып, әрбір құжаттың заң талаптарына сай, сауатты жазылуына үлкен мән береді. Аппараттағы жас мамандармен де тәжірибесін бөлісіп, бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырмауға тырысады.
Шынаркүл Әбдіразаққызының айналасындағы жандардың бойынан жоғары бағалайтын қасиеттері – адалдық, тәртіп пен тазалық, тиянақтылық және жоғары жауапкершілік. Әрбір мемлекеттік қызметшіге тән қасиеттер Шынаркүл Әбдіразаққызының бойынан табылады.
Кейіпкерімізді төл мерекесімен құттықтап, деніне саулық, ұзақ ғұмыр, жұмысына сәттілік тілейміз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»