Basty bet

Липа – қазақ келіні

Шешен ұлтының қызы Липа Алиевна қазақ отбасының келіні. Билікөл ауылдық округінде дүниеге келген. Балалық шағы бұрынғы Жамбыл қаласында өткен, сонда орта мектепті бітіріп, техникумды тігінші мамандығымен тамамдаған.
Бала күнінен тігін тігуге машақтанған Липа Хабизаева 30 жылдан бері тұрғындардан түрлі тапсырыстар қабылдап, киім тігумен және қысқартумен айналысып келеді. Оның еңбегіне өнеріне ауыл жұрты дән риза. Әр тұтынушының көкейіндегісін дөп басып түсінетін тігіншінің талғамы тамаша. Тіпті жоғары деңгейде деуге болады. Өнерлі жанның адамгершілігінің өзі бір төбе. Неге десеңіз, Липа Алиевна көп жағдайда ауыл халқының жағдайына қарайды. «Қанағат қарын тойғызады» деген сөзді әркез есінде ұстайтын тігінші азға қанағат етіп, тапсырыс берушінің жағдайына қарайды.
-Менде мынадай баға деп қатып қалатын кездер жоқ. Тапсырыс алған соң, оны уақтылы дайындап беруге бар күшімді жұмсаймын. Тұтынушымен жұмыс істеп отырған әрбір адам үшін жауапкершілік пен тиянақтылық бірінші кезекте болуы керек,– дейді Липа Хабизаева.
Тігінші еңбек жолын нан зауытында қарапайым жұмысшы болып бастап, осында шебер қызметіне дейін көтеріледі. Бұдан кейінгі жылдары Ш.Үлеков атындағы фабрикада сегіз жыл тігінші болып еңбек етеді. Аталған жұмыс орны жабылған соң, Алматы қаласындағы Алматы мақта-мата комбинатында тігінші болып жұмыс істейді. Одан кейін сауда саттықпен айналысты.
Алайда, жұмысы жүйелі болмай, ауылға қайтып, «Айдана» сауда орталығындағы жеке кәсіпкер Клара есімді келіншектің қарамағында сегіз жыл тігінші болып жұмыс істейді. Қазіргі таңда жұмысын өз үйінде жалғастыруда.
– Аллаға шүкір, жағдайым жақсы, тұрақты тұтынушыларым көп, ең бастысы, барлығы ризашылығын білдіріп кетеді. Өзім тігін машинамнан бір елі алыстаған емеспін. Жалғыз қызымды еңбек ете білуге үйреттім. «Жұмыс жоқ» деп үйде қол қусырып, қарап отыруға болмайды. Ең бастысы, адамға ниет пен жігер керек,– дейді қазақ келіні.
– Шешен отбасында өсіп, мектепті орыс тілінде оқысам да, кішкентайымнан қазақшаға судай болдым. Үйде анам қазақша сөйлейтін. Өйткені, ауылда барлығы мемлекеттік тілде сөйлесетін. Сондықтан тіл жағынан ешқандай мәселе болған жоқ.
Күйеуім – қазақ, өзім шешен болғаныммен, әрдайым жанымыз, жүрегіміз, қазақ деп мақтанамын. Үй-ішімізбен қазақтың салт-дәстүрлерін мықтап ұстанамыз,- дейді Липа Алиевна.
Жолдасы Қайрат ауылының түлегі Нүрилин Сұлташов. Қызы Амина №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектептің 10 сынып оқушысы.
Өз ісін дөңгелетіп отырған қарапайым, қазақ келінінің жүзі мейірімге, жүрегі жылулыққа толы. Осындай іскер жанға ісіне береке тілейміз!

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close