Basty bet
Демократиялық дамудың даңғыл жолы
Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданғаны белгілі. Биыл Ата Заңның қабылданғанына мерейлі 30 жыл толып отыр. Конституция елдің негізгі заңы ретінде Қазақстан халқының ерік-жігерін, оның ең жоғары құндылықтары адам, оның өмірі құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде елді бекітуге деген ұмтылысын көрсетеді.
Республика қызметінің негізгі қағидаттары: қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекеттік өмірдің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, соның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу болып табылады.
Қазақстан Республикасының азаматтарына тегіне, нәсіліне, ұлтына, жынысына, тіліне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне қарамастан немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша құқықтар мен бостандықтардың теңдігіне кепілдік беріледі.
Қазақстан Конституциясы халықтың материалдық әл-ауқатын арттырудың локомотивіне айналды. Қазір бізде мемлекеттік және жеке меншік теңдігі, кәсіпкерлік еркіндігі, қоғамның қажетті қағидаттары ескеріле отырып, осы тұрғыдағы тағы басқа да тетіктерді пайдалануға сәйкес дамуда. Бұл өз кезегінде экономиканың өсуі мен өркендеуіне айтарлықтай ықпалын тигізуде. Ата Заң меншік иелерін, бірінші кезекте, мемлекеттің өзін көп нәрсеге міндеттеуде. Негізгі заңды орындау арқылы мемлекет медициналық қызметті және білім беруді жақсарту, жаппай тұрғын үй құрылысы, жалақы және әлеуметтік төлемдер мөлшерін көбейту, азаматтарға және отандық кәсіпкерлерге салықты азайту сияқты әлеуметтік мәселелерді шешуде. Конституцияны басшылыққа алған Қазақстан халқының біріге еңбек етуінің нәтижесінде қаржы-экономикалық дағдарысқа да қажетті тосқауыл қойылуда. Мемлекет әлеуметтік бағдарламалар арқылы жағдайы ауыр азаматтарға өтемақылармен қолдау көрсетуде.
Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй-коммуналдық нысандары қайта жобаланып, жөндеу жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге өз өнімдерін қайта өңдеу үшін мақсатты несиелер берілуде. Бұл да халықтың әл-ауқатын арттырудың конституциялық шарасы болып табылады. Ата Заңда бекітілген азаматтардың құқығы іскерлік сипатқа ие. Бұл, әсіресе, еліміз үшін дағдарысты кезеңде анық көрінуде. Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет қағидаты негізделген әлеуметтік саясат – өзінің табиғаты бойынша әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған адам мен азаматқа жанашырлық білдіретін қайырымдылық қызмет емес. Бұл азаматтардың әлеуметтік құқықтарына кепілдік беретін және қорғайтын мемлекеттің конституциялық міндеті. Осы арқылы азаматтардың әділеттілік негіздегі құқықтары сақталып, мате-риалдық құндылықтары қамтамасыз етіледі. Конституциялық кеңестің бір шешімінде атап көрсетілгендей, адамды, оның өмірін, құқығы мен бостандығын конституциялық тұрғыда мойындау мен қорғау ең жоғарғы құндылық болып табылады.
Конституцияның негізгі қағидасы ретінде «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін жаралған» деген тұжырымға келеміз. Дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, басты байлық ретіндегі адамға деген сыйластық, жеке өмірі мен бостандығының қорғалуы, қоғам дамуының айқын көрінісі.
Сондықтан азаматтардың мемлекет алдындағы жауапкершілігі алдыңғы орындарда тұруы қажет. Мемлекеттің қоғамдық жұмысына белсене араласқан ерікті азаматтардың мемлекетке өз үлесі мен пайдасына қызмет жасамаған азаматтардан беделі жоғары тұрады.
Ежелгі жарғылардың жалғасы болған Конституция – алдымен мемлекет ретінде адамға құрметпен қарайды. «Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп бірінші бапта жазылған. Үшінші бапта «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» дейді. Иә, Ата Заң – жоғары заңды күшке ие құжат. Республикадағы саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық әлеуеті осы Ата Заңның аясында жұмыс істейді. Осылайша ел осыдан 30 жыл бұрын тарихи шешімін жасаған болатын. Содан бері де басты заң – қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықтың, экономикалық даму мен демократиялық өркендеудің айшықты көрінісі болып келеді.
Сейітхан ЖҰМАШЕВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы
«Құрмет» орденінің иегері.