Basty bet
Тәртіп пен еңбексүйгіштік – ел мен қоғам дамуының кепілі!
өңір басшысы Боралдай және Қошқарата ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауларында кәсіби мемлекеттік аппараттың жұмыс тиімділігі мен жергілікті атқарушы органдардың халықпен жұмыс істеу және жергілікті жерлердегі мәселелерді оңтайлы шешудің тәртібі туралы кеңінен айтылғаны белгілі.
Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде, әкімдердің қызметіне баға бергенде өңір тұрғындарының пікірі ескерілуі қажет екенін және олардың жұмысын бағалау тәсілін оңтайландыру керектігін баса айтқан болатын.
Халыққа қызмет – мәртебелі міндеттің бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер.
Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет» деп ерекше екпін беріп атап өтуі де бекерден бекер емес.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда атқарушы орган басшыларының міндеттеріне де терең бақылау мен талдау жүргізілу үстінде. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде мемлекет орган басшыларының тұрғындармен кездесулері өңірлерде, әсіресе ауылдық елді мекендердегі түйіні тарқамаған мәселелердің шешілуіне, одан бөлек, жер-жердегі ахуалды зерделеу ісінде өзінің жемісті нәтижесін беріп отыр.
Осыған сәйкес, өткен жұмада аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданға қарасты Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінде болып, ондағы жергілікті жұртшылық өкілдерімен кездесіп, пікір алмасты. Сонымен қатар, ауыл-аймақтағы туындаған бірқатар әлеуметтік мәселелер де кеңінен әңгіменің арқауына айналды.
Аудан басшысы Жалғас Мұртаза Боралдай ауылдық округінде болғанда, ең алдымен ауыл-аймақтың амандығынан хабар алып, онымен бірге, аудан және ауылдық округте атқарылған жұмыстардың барысынан және алдағы уақытта атқарылуы тиіс мәселелерден хабардар етті.
-Өздеріңізге хабардар ететін болсам, Көлтоған ауылы Үкімет белгілеген спутниктік немесе тіректі ауылға жатпайды. Сол себептен де ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге республикалық бюджеттен қаражат қарастырылмайды. Біз бұл ауылдағы мәселелерді аудандық бюджеттің есебінен шешуге күш салып жатырмыз. Иә, аудан қазынасынан тиісті қаржы бөлу арқылы ауылда ауылішілік көше жолдарын жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Биылдың өзінде ауылдық округке қарасты ауылдарда барлығы бес ауылішілік көше жолы орта жөндеуден өтуде. Оның ішінде, Рысбек батыр ауылындағы ең ұзын көше – О.Ауғанбаев көшесі орта жөндеуден өтті. Ендігі кезекте округтің орталығы Ертай ауылындағы негізгі көшенің жолын жөндеу қажет. Көлтоған ауылында да көшелер жөнделіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда. Мұның барлығы тұрғындардың қарым-қатынасы үшін қажет. Кейінгі жылдары ауыларалық және ауылішілік көшелерді орта жөндеуден өткізуге қыруар қаражат тартып жатырмыз. Мұның өзі үлкен олжа.
Ауылдық округте бұған дейін бірқатар әлеуметтік мәселе өз шешімін тапқан. Оның ішінде, ауызсу мен табиғи газ құбырының тартылуын айтуға болады. Биыл Ертай ауылында заманауи спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Ендігі кезекте ауылдық округтің орталығы Көлтоған ауылындағы спорт кешенін саламыз. Рысбек батыр ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепке жаңа ғимарат салуымыз қажет. Бұл жөнінде жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Міне, бұл айтылғандардың барлығы менің сайлауалды бағдарламамда межеленген міндеттер болатын. Сәтін салса, аталған мәселелердің шешілуіне бар күш-жігерімді салатын боламын,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Өңір басшысы одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласының дамуы жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан боралдайлық шаруаларға алғысын білдірді. Сонымен қатар, кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде, ет пен сүт бағасының төмен түсуіне байланысты да ой-пікірін жеткізіп, мұның уақытша құбылыс екенін айтты. Сондай-ақ, ауылдық округте туған өңірді дамыту үшін арнайы қор құрып, жұмыс істеп жатқан жанашыр азаматтардың еңбегін ерекше атап өтіп, мұндай игі бастамаларға қолдан келгенше көмек-қолдау жасайтынын да атап өтті.
Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде Рысбек батыр ауылының тұрғыны Жарас Әлішеров, ауылдағы О.Ауғанбаев көшесінің орта жөндеуден өткенін айта келе, ендігі кезекте ауыл балалары үшін жаңа мектеп ғимараты салынса, ауызсудың мәселесі түбегейлі шешілсе, сонымен бірге, ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында жеңілдетілген несие беріліп, атакәсіпті дамытуға серпін жасалса немесе аталған бағдарламаның талаптары оңтайландырылса деген тілегін аудан басшысының назарына жеткізді.
-Биылдан бастап «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алудың шарттарына біршама өзгерістер енгізіліп отыр. Алдыңғы жылдары мал бағытында несие алған тұрғындардың қарасы әлдеқайда мол болғанын білеміз. Олар қаржыны алуын алды. Бірақ, одан өңірде не малдың саны артып, не өндірілген еттің көлемі айтарлықтай өсе қойған жоқ. Бір сөзбен, бұл бағыт өзін өзі ақтаған жоқ деп айтуға болады. Мал бағытында несие алғандардың бірқатары қазір СПК-ға қаржыны қайта қайтаруға мәжбүр болуда. Сіздерге айтарым, мал бағытын таңдағанша, ауылдық аймақтарда кәсіпкерліктің дамуына атсалысыңыздар. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға да септігін тигізбек,- деді өңір басшысы.
Жиында одан бөлек, Ертай ауылындағы «Береке-2» шаруа қожалығының басшысы Досымжан Дүйсебеков сөз сөйлеп, ол ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзінің атакәсіппен тікелей байланысты екенін айтып, кейінгі жылдары ет пен сүт бағасының төмен деңгейде қалыптасып отырғанына, бұлай жалғаса беретін болса, ауылда мал өсіруден де айтарлықтай пайда болмайтынын қынжылыспен жеткізді. Одан бөлек, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Мақсатбек Байболов және еңбек ардагері Ниязбек Сейділдаев ауылдың тыныс-тіршілігіне байланысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Айта кету керек, кездесуде көтерілген мәселелердің бірқатарына аудан басшысының тарапынан жауап беріліп, кейбірі хаттамаға енгізілді.
***
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза келесі кезекте Қошқарата ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесіп, осындағы еңбекқор жұртшылықтың амандығынан хабар алып, кездесу барысында ауылдық округке қатысты бірқатар мәселелерді атап өтті.
-Ауыл тұрғындарының негізгі тілегі болған мәселе ол – ауылдық округті аудан орталығымен жалғап жатқан облыстық мәндегі күре жол – «Б.Момышұлы-Қошқарата-Қызтоған» автожолының 15 шақырымын орта жөндеуден өткізу болатын. Бұл жөнінде мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияланғанымен, оның нәтижесі көңіл көншітерліктей болған жоқ. Кейбір маңызды мәселелер ескеріле келе, республикалық бюджеттен бөлінген қомақты қаржыны «Батыс-Қытай-Батыс Еуропа» автокөлік дәлізінің Қарасаз ауылының тұсынан басталатын үлкен жолдың бастауынан таулы өңірдегі ауылдық округтерге қарай 15 шақырым жөндеуге бағыттау қажет деп шешім қабылданды. Бұл да маңызды шешім болғаны анық. Себебі, күрежолдың осы тұсының да әбден тозығы жеткен. Келер жылдары сәтін салса, Қошқарата ауылынан аудан орталығына қарайғы 15 шақырым автожол жөнделетін болады,- деді аудан басшысы.
Қошқарата ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталатын болсақ, биыл ауылдық округтің орталығында бірқатар көше жолдары мен бұрылыстар орта жөндеуден өткізілу үстінде. Онымен қоса, ауылдық мәдениет үйінің орта жөндеуіне де қаржы бөлінген.
Кездесуде ауыл тұрғыны Жүрсінбек Айдосов, Қошқарата ауылында 2021 жылы пайдалануға берілген ауызсу жүйесі құрылысының сапасыз атқарылуына байланысты су тарату стансасының басында және электр желілерінде бірқатар бағананың құлағанын айтып, кепілдік мерзімін пайдалану арқылы жұмысты атқарған мердігер мекеменің тарапынан қайта жөндеу қажеттігін жеткізді. Жиында одан бөлек, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Үркімбаев Ақтасты ауылының көше жолы жөнделіп, ауылға келетін ағынсудың арықтарына темір-бетоннан жасалған лоток құбыр қойылса деген тұрғындардың тілегін жеткізсе, сондай-ақ, Қызтоған ауылының тұрғындары медициналық пунктке фельдшер, ал Қошқарата тұрғындары ауылдық дәрігерлік амбулаториясына аға дәрігердің ауадай қажет екенін алға тартты.
Қошқарата ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде аудан әкімі Жалғас Мұртаза, ауылдық округте жақында ғана ардагерлер кеңесінің төрағасы сайланғанын атап өтіп, өңірде жас ұрпақтың тәрбиесіне тереңірек көңіл бөлініп, оларды үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге баулу арқылы ауыл-аймақтың береке-бірлігін арттыруға ұйытқы болудың маңыздылығына да ерекше тоқталды. Одан бөлек, тәртіп пен еңбексүйгіштік болған жерде ғана қоғам мен елде даму мен өркендеу салтанат құратынын баса айтып, жиында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жан-жақты жауап берді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»