Basty bet
Өңірдегі діни ахуал қатаң бақылауда болады
Аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімдігінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Жиынды аудан әкімі, кеңес отырысының төрағасы Жалғас Мұртаза ашып, жүргізіп отырды. Кеңес отырысына кеңес мүшелері, Б.Момышұлы ауылы мен ауылдық округтердің әкімдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында аудандағы діни ахуал мен дін саласындағы жұмыстар туралы аудан әкімдігіне қарасты ішкі саясат бөлімінің басшысы Данияр Тұрмаханбетов баяндама жасады. Ол алдымен аудандағы дін саласындағы жұмыстар, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатынын және аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыс жоспары аудан әкімінің орынбасарымен бекітіліп, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілетінін айтты.
– Ақпараттық-түсіндіру тобы тарапынан жыл басынан бері 108 іс-шара өткізіліп, бұл шараларға 5 600-ден аса адам қамтылған. Сонымен қатар, дін саласы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті және аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы жүргізілуде. Аудандық газетте дін саласына қатысты тақырыптарда 29 мақала жарияланса, әлеуметтік желілерде 67 материал орналастырылды.
Ауданда 27 мешіт, бір намазхана және екі шіркеу тіркеуден өткен. 25 мешітте діни қызметкерлер жұмыс атқаруда, оның ішінде үшеуі жоғары білімді, 22-сі курстардан өткен. Ал, Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау және Ақтөбе ауылындағы мешіттердің имамдары тағайындалмаған, – деген Данияр Жанатбекұлы, қазіргі таңда Т.Дүйсебайұлы, Нұрлыкент, Ақбастау ауылдарында тұрғындардың демеушілігімен мешіттің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын және таяуда ғана Бақалы ауылында ашылған жаңа мешіттің құрылысы аяқталып, бүгінде мешіттің құжаттары заңдастырылу үстінде екендігін жеткізді.
Аудан әкімдігіне қарасты ішкі саясат бөлімінің басшысы Данияр Тұрмаханбетовтың сөзіне сүйенсек, мешіттердің қауіпсіздік мәселесі бойынша аудан көлеміндегі 27 мешіттің барлығында бейнебақылау құралдары жұмыс жасауда.
Сонымен қатар, бөлім басшысы экстремистік идеяларды жақтаушы адамдар санын азайту индикаторы бойынша атқырылып жатқан шараларға кеңінен тоқталды.
Жиын барысында мешіттердегі ахуал мен дін саласындағы жұмыстар төңірегінде ауданның наиб имамы Алмас Нұрбеков, Қызыларық ауылдық округінің дін саласында атқарған жұмыстары жөнінде ауылдық округтің әкімі Ермұхамед Сүгірбеков, аудандық білім бөлімінің дін саласында атқарған жұмыстары турасында аудандық білім бөлімі басшының м.а. Гүлмира Мәденова баяндама жасады.
Баяндамашыларды тыңдай келе сөз алған аудан әкімі Жалғас Мұртаза, таяуда ғана Бақалы ауылында жаңа мешіт бой көтергенін хабарлап, осы мешіттің құрылысына демеушлік танытқан азаматтарға алғысын жеткізді. Ал, осы ауылдағы бұрынғы мешіттің ғимаратын тұрғын үйге мұқтаж отбасына беру керектігін айтты. Одан бөлек, жоғарыда аталған Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау және Ақтөбе ауылдық мешіттеріне имам тағайындау мәселесіне атүсті қарамай, ауыл әкімі Е.Сүгірбековке тез арада бұл олқылықты жоюды тапсырды. Сонымен қатар, 25 имамның үшеуі ғана жоғары білімді екендігін ескере отырып, басқа да ауылдық мешіттердегі имамдарды оқыту жұмыстарын мықтап қолға алу қажеттігін баса айтты.
Сондай-ақ, өңір басшысы Жалғас Әлижанұлы өз сөзінде мектеп оқушылары әр нәрсеге үйір әрі еліктегіш болатынын, сондықтан да оқушылардың мінез-құлқын қатаң қадағалауда ұстап, жат ағымға еріп кетпеуі үшін білім ошақтарында түрлі шаралар ұйымдастырып отыруы керектігін алға тартты.
Жиында кеңес мүшесі Нұрсұлтан Совет сөз алып, сәуір айларында аудандағы дүкендерде орнатылған садақа жәшіктеріне зерделеу жұмыстары жүргізілгенін, соның ішінде барлығы 72 қайырымдылық жәшігі бар екенін және оның 17-і ғана ауданға тиесілі екендігін айтты.
Жиын соңында баяндамалар назарға алынып, кеңес мүшелері бірауыздан шешім қабылдады.
Жоғарыда аталған мәселелерді ескере келе, аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы тиісті ауылдық округ әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеп, алдағы уақытта өткізілетін кеңес отырысында талқыланатын мәселелер тереңінен әрі жан-жақты қаралатынын жеткізді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»