Basty bet

Шебердің қолы алтын

Ойланып қарасақ, адам өмірінде мамандық көп. Оны икемімізге қарай игеру өз қолымызда. Бастысы мамандық таңдаудан қателесіп кетпесек болды. Кейде халқымызға қалаулы, елімізге елеулі болып қызмет көрсеткіміз келеді. Ол үшін бәріміз бірдей әкім, заңгер немесе сот болу шарт емес.

Адамға қарапайым мамандықпен де еңбектің нанын татуға болады. Мысалы аспаз, дәнекерлеуші, құрылысшы, шаштараз, тігінші секілді кәсіби мамандықтардың да маңызы зор.
Менің бүгінгі қозғағым келіп отырған қарапайым мамандықтың бірі – тігіншілік өнері. Біз бала күнімізден әжелеріміздің ине-жіп алып жыртылған киімді тігіп, жамап-жасқап отырғанын көріп өстік. Ал, қазір ше? Қазір мүлдем басқаша. Әдетте тігісінен кеткен киім болмаса, оны қалпына келтірудің тіпті қажеті жоқ-мыс. Жаңасын аламыз. Бітті. Инені түртуге икем келмегесін базарға тартамыз. Ол жақтың заңы қатал. Арзанынан алсаң, аз ғана уақыт киесің, қымбатынан алсаң ұзағырақ киесің. Бағасы да солай. Оның үстіне «бренд» деп алғанымыз бір жуылғаннан соң (сылпиып) созылып немесе тарылып қалатыны шындық.
Мұндай сәтте кейбіріміз тігіншінің қызметіне жүгінеміз. Себебі, талғамыңа сай тігілген киім пішініңе қарай жеті рет өлшеніп, бір рет кесіледі. Әрі базар бағасынан әлдеқайда арзан. Міне осындай қарапайым болса да, қоғамда сұранысқа ие тігіншілік мамандығын таңдаған жандардың бірі – тәттібайлық ісмер келіншек Анар Саурықбаева. Оның тігін ісімен айналысқанына бірнеше жылдың жүзі болған. Айтуынша, бұл қасиет оған нағашы әжесінен дарыған екен. Ісмер келіншек 10 жасынан бері қолына ине-жіп алып, көрпеге мақта салып, киім тігуді үйрене бастаған.
Бүгінде ол ұлттық ою-өрнекпен, құрақпен көрпе-көпшік тігу, қыз жасауын дайындау, бесік жасауы мен қоржын, шымылдық тігу және терезенің жақтауына әсем перде тігу сияқты жұмыстармен айналысады. Ал мұнда тігілетін көрпелер базардағы көрпелермен салыстырғанда әлдеқайда сапалы, таза әрі бағасы да қолжетімді.
– Менің ойымша, өз кәсібін құрметтейтін ісмерлер сапалы мата алады, тігістеріне де өте қатты мән береді, әдемілігіне де баса көңіл бөледі. Тігін тігу менің сүйікті ісім десем, артық айтқандық емес. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жеке кәсібімді өрге домалатып, шағын тігін шеберханасын ашуды жоспарлап отырмын. Осы орайда мемлекет тарапынан өз кәсібін ашқысы келетіндерге қаржылай қолдау болса деген тілегім бар. Заманауи үлгіде киім пішіп, тігуге арналған машина жұмысымды жеңілдетеді. Матаның сапасына көңіл бөліп, ою-өрнек түскен сан түрлі бұйымдарды жасауға дағдыланып келемін. Алдағы уақытта шағын тігін шеберханасын ашып, кеңейтіп кәсібімді жандандырғым келеді, – дейді тігінші.
Бүгінде тігіншінің жасаған тың дүниелеріне қызығушылықпен қарап, тапсырыс беретіндер тек ауыл тұрғындары ғана емес, басқа ауылдардан да тапсырыс түсіп жатады. Бірақ, барлық нәрсе айналып келгенде қаржыға келіп тірелетіндігін айтады ісмер.
Одан бөлек, түрлі киімдер тігіп, заманауи үлгіде жаңаша, әдемі дүниелерді шығаруды да жоспарға қойып отыр.
Анар Ниязбекқызының Тәттібай Дүйсебайұлы ауылындағы Саурықбаевтар әулетіне келін болып түскеніне 25 жылдай уақыт болған. Өзі Түлкібас ауданына қарасты Шақпақбаба ауылының тумасы.
Жолдасы Сейіт Саурықбаев үйде мал шаруашылығымен айналысады. Екеуі Жансая, Диана, Бақыт, Алмаз, Ақбота және Назым есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірген көпбалалы ата-ана.
Қыздары да тігін ісіне аса қызығушылықпен қарайды.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close