Basty bet

Малы саудың – жаны сау

Адамзаттың амандығы мен қоршаған ортаның саулығы әсіресе, жан-жануар әлемінің саулығына тікелей тәуелді екені анық. Ежелден мал баққан еңбексүйгіш шаруақор халқымыздың күнделікті күнкөрісі мен тыныс-тіршілігі, онымен қоса, негізгі табыс көзінің ауыл шаруашылығы саласымен, оның ішінде, мал шаруашығындағы төрт түліктің амандығына тікелей байланысты екенін ескерсек, бұл бағытта жұмыс атқаратын ветеринария саласы жұмысының қаншалықты маңызды екенін оңай бағамдауға болады.
«Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген қағидалы түсінікті алға тартатын болсақ, негізінен бүкіл жер шары тұрғынының денсаулығына, олардың амандық-саулығына тек медицина мамандары ғана емес, ветеринарлар да жауапты әрі маңызды рөл атқаратыны түсінікті.
Мал шаруашылығы саласының жұмысын алға бастыру ісі және ондағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалу барысы ветеринарлық қызмет көрсету сапасын жақсартуға, мал ауруларының азаюына тікелей байланысты. Аудан аумағындағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау жергілікті атқарушы органдардың ішінде ветеринария саласының қызметіне тиесілі. Осыған сәйкес, ауданға қарасты барлық ауылдық округте ветеринариялық пункттер бар және олар салаға қажетті ветеринар мамандармен қамтамасыз етілген.
Жалпы өңірде тіркелген ауыл шаруашылығы жануарларының амандығы мен саулығына, оларды түрлі жұқпалы аурулардан аман сақтау үшін профилактикалық алдын алу жұмыстарын Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының «Жамбыл облысының ветеринариялық станциясының» Жуалы ауданының ветеринария бөлімі атқарады.
Мекеменің атқаратын негізгі міндеттеріне – аудандағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау және аса қауіпті экзоотикалық ауруларды болдырмау, алдын алу жұмыстарын атқару, т.б. жатады. Бұл мақсатта аудан көлемінде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау үшін аса қауіпті деген ауру түрлері мен жұқпалы ауруларға қарсы бөлінген ветеринариялық препараттар толық жеткізіліп, егу жұмыстары да сапалы ұйымдастырылып, жүйелі жүргізілу үстінде.
Мекеменің жұмысын тарқатып айтатын болсақ, Жуалы ауданының ветеринария бөлімінің негізгі қызметі – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, диагностикалау, вакцинациялау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
Ауыл шаруашылығы саласының ең бір сүбелі тармағы болып табылатын ветеринария саласының жұмысын жаңа заманға сай жаңғырту, аталған саланың жұмысына серпін беру мемлекет саясатының басым бағытының бірі десек те болады. Себебі, біздің бүкіл тыныс-тіршілігіміз төрт түлік малдың амандығы және одан алынған өнімнің сапасына тікелей байланысты болғандықтан, осылай айтуға болады.
Жалпы ауыл шаруашылығы саласын дамыту турасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған 2023 жылғы Жолдауында: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы.
Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады» деп атап өтілгенін жақсы білеміз.
Иә, аталған бас құжатта Президент сонымен қатар, ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал екенін айтып, отандық шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті екенін еске салған Қ.Тоқаев, ауыл шаруашылығы саласын байыпты қолдау шараларын қолға алып, құс фабрикалары мен көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде озық тәжірибелерді басшылыққа алу керектігін де қадап айтты. Мұның бәрі айналып келгенде, сала жұмысын ширатуға үлкен сеп.
Ауыл-аймақты дамыту үшін негізгі асыраушы саланың жұмысына жете көңіл бөліп, мал-жанның да амандық-саулығын қамтамасыз етудің маңызы өте зор.
Бұл орайда аудан көлемінде ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атап айтқанда, жануарлар ауруларының алдын алу, оларды емдеу, ауыл шаруашылығы жануарларын дер кезінде есепке алу, жануарлардан алынатын азық-түлік өнімдерінің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты адам мен жануарға ортақ аурулардан қорғау бағытында Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының «Жамбыл облысының ветеринариялық станциясының» Жуалы аудандық ветеринария бөлімінде жүйелі жұмыстар атқарылу үстінде. Аталған бөлімде барлығы – 83 маман тұрақты қызмет атқарады.
2025 жылы ауданда тіркелген мал басына келетін болсақ, аудандық ветеринария бөлімінің мәліметінше, мүйізді ірі қара (МІҚ) – 50 974, уақ малдың басы – 202 545, жылқы – 22 233 бас тіркелген. 2025 жылға жоспар бойынша бұзау – 17 150 бас болса, оның орындалғаны – 11 700 бас, қозы – 88 100 бас, орындалғаны – 24 300 бас, құлын – 3 110 бас, орындалғаны – 4 150 басты құрап отыр. Сонымен қатар, ветеринар мамандардың тарапынан ересек малдарды қайта сырғалау, яғни түсіп жоғалып қалған құлақ жапсырмаларын ауыстыру жұмыстары да қоса жүргізілу үстінде. Мүйізді ірі қара – 2 600, Уақ мал – 12 100 бас. Ал жылқы малдарына 3 550 дана чипке тапсырыс беріліп, қазіргі таңда жеңілдетілген ақылы түрде чиптеу жұмыстары орындалды.
Ауыл шаруашылығы жануарларын түгендеу ісінде мал санақ жұмыстарының маңызды рөл атқаратынын жақсы білеміз. Бұл жұмыстарға келсек, өңірге қарасты 49 елдімекенде мал санақ жүргізілді. Шалғай ауылдар мен мал қыстақтарындағы ауыл шаруашылығы жануарларының есепке алынуына байланысты елдімекен тұрғындарының және мал иелерінің арасында түсіндірме жұмыстары тұрақты атқарылуда.
– Жуалы ауданының ветеринария бөлімі негізінен өңірге қарасты 14 ауылдық округте орналасқан 14 ветеринариялық пункттерімен жұмыс атқарады. Қазіргі таңда аудан бойынша 11 ауылдық округ ветеринариялық пункттермен толық қамтамасыз етілген. Ал ауданның орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылы, Көкбастау және Күреңбел ауылдық округтерінде ветеринар мамандар ауыл әкімшілігінің ғимаратында орналасқан бөлмелерде жұмыс атқарады. Округтегі ветеринариялық пункттер интернет желісімен қамтамасыз етілген. 2024 жылы ауылдық округтің әкімдері мен шаруа қожалық иелерінің қолдауымен 11 ветеринариялық пунктке жөндеу жұмыстары және аудан орталығында орналасқан ветеринариялық станциясының ғимаратына табиғи газ құбыры мекеменің қаражаты есебінен жүргізілді.
Ал 2025-2026 жылдарға облыс тарапынан Бауыржан Момышұлы және Күреңбел, Көкбастау және Билікөл ауылдық округтеріне заманауи жаңа үлгідегі ветеринариялық пункт ғимараттарын салу жоспарланып, құрылыстың жер телімі анықталған.
Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы тарапынан аудандық ветеринария бөліміне 5 (бес) жаңа қызметтік «Нива» автокөлігі Ақсай, Ақтөбе, Күреңбел, Жетітөбе және Боралдай ауылдық округтерінің ветеринар мамандарына берілді. Сондай-ақ, 2025-2026 жылдардың соңына дейін өңірге қарасты қалған ауылдық округтердегі ветеринар мамандардың жаңа қызметтік автокөліктермен толық қамтамасыз етілетіні ескертілді,- дейді аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Бақыт Сүйіндіков.
Ветеринария саласының жұмысына жауапты бөлімнің басшысы Бақыт Үшкемпірұлы өз сөзінде, 2025 жылға мемлекеттік тапсырыстың аясында бекітілген жоспарға сәйкес, жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың уақтылы әрі сапалы орындалу үстінде екенін айтады.
– Жыл басындағы кешенді жоспарға сәйкес, түйінді дерматит ауруына қарсы мүйізді ірі қара малдарына (МІҚ) – 19 000 басқа, брадзот ауруына қарсы уақ малға – 5 000 басқа, аусылға қарсы МІҚ – 24 000 басқа, аусыл уақ малға – 160 100, туберкулезге қарсы МІҚ-ға – 21 000 басқа, қарасанға қарсы МІҚ-ға – 5 000 басқа, Сібір жарасы МІҚ – 32 000 және уақ малға – 111 000 басқа, жылқының – 15 600 бас көлемінде дозалы вакциналар таратылып, егу жұмыс атқарылуда. Биыл сәуір айынан бастап бір кезеңдік Сібір жарасы ауруына қарсы екпе салу жұмыстары толығымен басталды. Біздің бөлімнің мамандары 2024 жылға дейін 16 аса қауіпті деген ауруға қарсы екпе-профилактикалық жұмыстарын атқарып келсе, 2025 жылдан бастап өңірде үш жылдың көлемінде аса қауіпті аурулардың шықпауына байланысты көптеген вакцина қысқартылды. Ал бөлімге келмеген вакциналарды мал иелері өз қаражатының есебінен сатып алып салдыру қажеттілігін ескерту жөнінде ауылдық округтің әкімдеріне тиісті хаттар жолданып, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді,- дейді Б.Сүйіндіков.
Аудандық ветеринария бөлімі жұмысының басты мақсаты – аудан көлемінде ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атап айтқанда, жануарлар ауруларының алдын алу, оларды емдеу, ауыл шаруашылығы жануарларын дер кезінде есепке алу, жануарлардан алынатын өнімдердің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты адам мен жануарға ортақ аурулардан қорғау екенін мақаланың басында ерекше атап өткеніміздей, 2025 жылға бруцеллез ауруын анықтау мақсатында диагностикалық зерттеулер бойынша биыл көктемде, атап айтқанда, наурыз, сәуір, мамыр айларында жоспарға сәйкес, қан сынамаларын алу жұмыстары жүргізілді. (МІҚ – 18 654, уақ мал – 76 764 басты құрайды). Бөлімнің мамандары зертханалық тексерулердің қорытындысымен бруцеллез ауруы анықталған 45 бас ауыл шаруашылығы жануары (МІҚ – 12 бас, ұсақ мал – 33 бас) санитариялық талаптарға сай сойылып, уақ малдар қайта өңдеуге жіберілгенін айтады.
Ветеринария саласының жұмысында мал сою алаңдары да маңызды рөл атқарады. Бұл ең біріншіден малдың санитария жағынан талапқа сай таза орында сойылуын қамтамасыз етеді. Осындай маңызды талаптарды қамтамасыз ету мақсатында ауданда бір мал сою алаңы тұрақты жұмыс істейді. Оның ішінде, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы мал сою алаңы тұрақты жұмыс атқаруда. Мамандар әлеуметтік желілердің мүмкіндігін тиімді пайдалана отырып, төрт түлік малдан адамдарға жұғатын түрлі қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында малды арнайы орында союдың қажеттілігі мен маңыздылығы туралы үнемі ескертіліп отырады.
Төрт түлік мал болған жерде қауіпті аурулардың да қоса жүретіні белгілі. Бұл ретте аудандық ветеринария бөлімінің мәліметіне сәйкес, аудан көлемінде Сібір жарасы ошағының көмінділері де бар. Дәлірек айтқанда, аудан аумағында Сібір жарасының барлығы – 45 ошағы тіркелген. Олар Күреңбел ауылдық округінің аумағында – 9, Жетітөбе – 6, Ақтөбе – 1, Қарасаз – 4, Боралдай – 5, Шақпақ – 2, Ақсай – 1, Қошқарата – 8, Нұрлыкент – 1, Көкбастау – 2, Билікөл – 2, Б.Момышұлы ауылында – 1 және Мыңбұлақ ауылдық округінде – 3. Олар талапқа сай бетондалып, жан-жағы қоршалған, арнайы белгі қойылып, атаулары да жазылған. Мұнда жылына бір мәрте ағымдағы жөндеу және залалсыздандыру, сонымен қатар, сынама алынып тексеру жұмыстары тұрақты жүргізіліп отырады.
Биотермиялық шұңқырлар туралы айтсақ, аудандағы биотермиялық шұңқырлардың саны – 5. (Олар Мыңбұлақ, Көкбастау, Күреңбел, Боралдай және Билікөл ауылдық округтерінде орналасқан) Мыңбұлақ және Көкбастау ауылдық округтеріндегі биотермиялық шұңқырлардың толуына байланысты консервацияға қойылған. 2025 жылға аудан орталығына жақын орналасқан Ақсай ауылдық округіне 1 (бір) Беккери шұңқырын соғуға жер телімі анықталып, тиісті сұраныс хат тасталған.
Қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары да аудан ветеринарлары атқаратын маңызды жұмыстың бір тармағы саналады. Бұл ретте 2021 жылдың 30 желтоқсанындағы №97-VІІ-КРЗ Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасына сәйкес, аудан көлемінде иесіз иеттерді аулау жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылға қаңғыбас иттерді аулау жоспарына – 750 бас қойылса, бүгінгі күнге аудан бойынша 595 бас қаңғыбас ит ауланды. Ауланған қаңғыбас иттерді ұстауға арналған уақытша панажайдың (питомник) жағдайы өте төмен. Мұнда ауланған иесіз иттерді қамап ұстауға мүмкіндік жоқтың қасы. Сол себептен де питомникке жөндеу жұмыстарын жүргізу – күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close