Basty bet

Шақпақ өңірінің тұрғындарымен кездесті

Жергілікті тұрғындармен кездесу кестесіне сәйкес, сәрсенбі күні аудан әкімі Олжас Қаржауов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ауданға қарасты Шақпақ ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесу өткізді. Жиынға аудан әкімінің салалық орынбасарлары Рақымғазы Құниязов, Асхат Жабағы, сонымен қатар, аудандық әкімдіктің бірқатар бөлім басшылары, ауданнан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев қатысты. Кездесу барысында аудан басшылары киелі Шақпақ өңірі тұрғындарының мәселелеріне қанығып, оның шешілу жолдарын бірлесіп талқыға салды.

Ауылдық округтің орталығы Шақпақата ауылындағы №4 Балалар өнер мектебінің ғимаратында өткен кездесу жиынында ең алдымен ауылдық округтің әкімі Затыбек Пашенов өңірде (ауылдық округте) атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Затыбек Ержанұлы өз сөзінде, аудан әкімінің бұдан бұрын жергілікті тұрғындармен болған есептік кездесуінде көтерілген бірқатар өзекті деген проблемаларға байланысты жергілікті жерде қолға алынып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Атап айтқанда, бұдан бұрын аудан басшысының ауылдық округ тұрғындарымен болған кездесуінде тұрғындар тарапынан округке қарасты Т.Дүйсебайұлы ауылының интернет және байланыс мәселесін шешу, сонымен қатар, милиция генерал-майоры Тәттібай Дүйсебайұлының есімін иеленген ауылдағы Б.Момышұлы, С.Тотайұлы, Жамбыл көшелерін орта жөндеуден өткізу, мал жайылымын ретке келтіру мәселелері көтерілген болатын. Оның ішінде, қазіргі таңда интернет, байланыс желісі мен оның жылдамдығын арттыру бойынша ауылдық округтің әкімшілігі тарапынан арнайы жобалық-сметалық құжаттар жасалып, байланыс қондырғы орналастырылатын орын белгіленген. Мұны ауылдық округтің әкімі З.Пашенов кездесуге жиналған тұрғындардың назарына салды.
Ал аталған ауылдағы көше жолдарын жөндеу мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан проблеманы Т.Дүйсебайұлы ауылынан жергілікті қоғамдастыққа мүше болып сайланған азамат Оралхан Батырқұлов және ауыл тұрғыны Айгүл Имашева қайта көтерді. Олардың айтуынша, жөнделмеген жол мектепке әр көшеден келіп оқитын балалар үшін қиындық тудырып отыр. Көктем, күз айларында балшыққа батып жүрсе, ал жаз мезгілінде шаңнан көз ашпаймыз дейді тұрғындар. Аталған мәселеге аудан басшысы Олжас Қаржауов жауап беріп, 2022 жылға аудан көлеміндегі жолдарды жөндеу жобаларына республикалық бюджеттен қаражаттың толық көлемде қарастырылмауына байланысты аудан көлемінде бірқатар жолдарды орта жөндеуден өткізу жұмыстары кейінге шегеріліп отырғанын жеткізді.
Ал жиында одан бөлек, Ынтымақ ауылына спортзал салу, ауыл сыртындағы (бұрынғы Бірлік ауылы бағытына баратын) жеті шақырым жолға шағалтас төсеу, мал жайылымы мәселелерін реттеу, ауылдың тұсынан өтіп жатқан үлкен күре жолдың бойынан (Шақпақ стансасының тұсы) мал өткелін салу, сонымен қатар, сервистік қызмет көрсету үшін жер бөлу туралы да сұрақтарға тиісті жауаптар берілді. Тұрғындар әсіресе, мал жайылымы мәселесін шешуге бағытталған жұмыстарға көңілдері толмайтынын ашық жеткізді. Атап айтсақ, қоғам және ауыл белсенділері Смайыл Көбесов, Гүлжаухар Сәметқызы мал жайылымы және мал азығына арналған жемшөптің бағасын реттеу мәселелерін көтеріп, былтырғыдай қымбатшылықтың алдын алу үшін жергілікті атқарушы билік шөп дайындау науқанының алдында бірқатар тиісті шаралар қабылдау қажеттігін алға тартты.
Ал жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Пернебек Бердімбетов Шақпақата ауылына тартылған ауызсу құбырына суды толыққанды жіберу, аталған ауылдағы ескі мәдениет үйін жөндеу жұмыстарын жандандыру туралы ұсынысын білдірді.
Көтерілген мәселелерге байланысты аудан әкімі Олжас Қаржауов, аудан әкімінің салалық орынбасарлары және бөлім басшылары жауап беріп, оның кейбірінің орындалуы жауапты басшыларға жүктелді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close