Basty bet
Тұрғындардың мәселелері тыңғылықты әрі түпкілікті шешілуі қажет!
бұл ретте олар мемлекеттік көмек-қолдауларды максималды түрде пайдаланғаны дұрыс
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерімен қатар, аудан әкімдері әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу, ал ауыл әкімдері айына бір рет жергілікті халықпен кездесу өткізуге міндетті.
Жергілікті деңгейдегі әкімдер ендігі кезекте халықпен жиі-жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажымен және ауылдардағы қордаланған проблемаларды шешуге ықпал жасауға міндеттенеді. Мұндай кездесулер әрине, жергілікті халықтың арасындағы әлеуметтік, басқа да көкейде жүрген проблемалардың оң шешілуіне әрі оның уақтылы орындалуына жол ашатыны сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуына, мемлекет басшылығының шешімдеріне ашық пікір айтуларына мүмкіндік тудырып отыр. Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айқындалған ел дамуының басты бағыттары – еліміздің өркендеуі мен мемлекетіміздің дамуына және тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталып отырғаны даусыз.
Президент аталған Жолдауда: «Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды. Жаңа сайлау науқанының мерзімдерін және оның ретін елге ашық жариялау шешім қабылдау кезіндегі ашықтық қағидатына сай келеді. Осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуламызды біртіндеп нақты мән-мазмұнмен байыта түседі»,- деп атап өтті.
Жергілікті тұрғындармен кездесу кестесіне сәйкес, өткен аптаның жұма күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданға қарасты Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.
Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Ерғали Тілеубеков қатысты.
Аудан басшысы ең алдымен Көлтоған ауылдық мәдениет үйінде боралдайлық тұрғындармен кездесті. Кездесу жиынының барысында Боралдай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Абдалиев округте 2022 жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасады.
2022 жылы атқарылған жұмыстарды таратып айтар болсақ, былтыр «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында облыстық бюджет қаражаты есебінен округке қарасты Рысбек батыр ауылының кварталішілік газ құбырларын жүргізу жұмыстары аяқталып отыр. Округке табиғи газ құбырын тартудың нәтижесінде, осындағы үш елдімекеннің тұрғындары табиғи газбен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда округ тұрғындарының 90 пайызға жуығы магистральды газ құбырына қосылып үлгерді.
Одан бөлек, республикалық бюджет қаражаты есебінен былтыр Рысбек батыр ауылында ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізілді. Қазір округке қарасты үш елдімекеннің тұрғындары сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліп отыр. Сондай-ақ, ауылдағы электр жүйелерін жөндеу жұмыстары да соңғы жылдары қарқын алуда. Атап айтқанда, былтыр округтегі Ертай ауылындағы 159 ескірген электр бағаналары толықтай жаңа темірбетон бағаналарымен ауыстырылып, кабельдері жаңартылып, қуаттылығы жоғары бір дана трансформатор орнатылды. Көлтоған ауылындағы Б.Момышұлы, Рысбек батыр, Әмір және Сейділда көшелеріндегі 73 ескірген ағаш бағаналар темірбетонмен айырбасталып, электр сымдарымен қатар қуаттылығы жоғары трансформатор жаңартылды.
Ауданның орталығы мен таулы өңірдегі ауылдық округтерді жалғап жатқан әрі мұндағы тұрғындар тұрмысының негізгі күретамырына айналған «Б.Момышұлы-Қошқарата» бағытындағы облыстық мәндегі автожолдың 33-45 шақырымдарының аралығындағы алты шақырымы жөнделді. Айта кету керек, кейінгі жылдары ауылішілік жолдардың да сапасына мән беріле бастады. Былтыр аудандық бюджет қаржысының есебінен Көлтоған ауылындағы Рысбек батыр және Әмір көшелерінің (жалпы ұзындығы 1,6 шақырым) жолы орта жөндеуден өтті.
Тағы бір айта кетерлігі, ауылдық округте ұялы телефон байланысы және интернет жылдамдығын арттыру, «Асарлатып үй салу» жобасы, ауыл мешіттерін жөндеуден өткізу, онда асханалар салу, сонымен қатар, қайырымдылық бағытындағы жұмыстар да қарқын алып келеді. Бұл жұмыстар негізінен тұрғындардың бір-бірлеріне деген жанашырлығы мен мейірімін оятып, ауылдағы ағайынның ынтымақ-бірлігін арттыруға да зор ықпал ететіні сөзсіз.
Одан бөлек, Боралдай ауылдық округі ауыл шаруашылығына бейімделгендіктен, өңір шаруалары былтыр «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қомақты қаражатқа екі бірлік «МТЗ» маркалы доңғалақты трактор мен сегіз тіркемеге қол жеткізді. Шаруалар мен жеке кәсіпкерлердің төмен пайызбен алған несие қаражаттары да 20 миллион теңгеден асып жығылып отыр.
Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде ауыл тұрғыны Ниязбек Сейділдаев, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов, жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Уәлихан Жаманқұлов, Ертай ауылының тұрғыны Достай Келдібеков сөз сөйлеп, олар ауыл көшелерін орта жөндеуден өткізу жұмыстарын тездету қажеттігін, сонымен қатар, М.Байболов өз сөзінде, Көлтоған ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін алға тартып, оны жөндеуге алдағы жылы бюджеттік өтінім берілсе деген тілегін жеткізді. Ал жергілікті қоғамдастықтың төрағасы У.Жаманқұлов ауылдық округтің орталығында спорт кешенін салу туралы ауыл тұрғындарының өтініші аудан басшылығының тарапынан назарға алынғанына алғысын білдірді.
Жиынды аудан әкімі Жалғас Мұртаза қорытындылай келе, жалпы ауылдарда әлі де болса түйіні тарқамаған әлеуметтік мәселелердің бар екенін айтып, оны шешудің жолдарына және алдағы жоба-жоспарларға да біршама шолу жасады.
-Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың бастамасымен қолға алынған облыстың 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы ауылдағы ағайының мәселелерін оңынан шешіп, олардың тұрмыс-тіршілігін арттыруға үлкен септігін тигізеді. Бағдарлама негізгі үш бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, инвестициялық жобалар, бюджеттік инвестициялық жобалар және жұмыспен қамту мәселелері.
Ел қазынасы қаражатынан қаржыландырылатын жобалар мен жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарыла береді. Біз бұл ретте ауылға жеке азаматтардың қаражаты есебінен инвестиция тартуымыз қажет. Облыс басшысы Нұржан Молдиярұлының біздің алдымызға қойып отырған негізгі тапсырмасы да осы. Ауылдық округтің әкімі өз кезегінде округ аумағындағы ауылдарда тұратын тұрғындардың үйлерін күнделікті аралап, олардың мәселелерін тыңғылықты әрі түпкілікті шешуге атсалысулары қажет. Осының нәтижесінде ғана ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға қажетті кеңестерге кеңінен қанығып, қолдауларға ие болып, елде қабылданған түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрмыс-тіршілігін түзей алады. Бұл ретте ауыл тұрғындарының мемлекеттен көрсетілетін көмек-қолдауларды максималды түрде қолдануына ең бірінші кезекте ауылдық округтің әкімдері тиісті жағдай туғызулары қажет.
Мен мұнымен қоса, қасиетті Әулиеата өңірінде бірнеше жылдан бері жемісті жүзеге асырылып келе жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасының тиімділігін баса айтқым келеді. Аталған жоба бұдан бұрын да біздің өңірде жүзеге асырылуда. Биыл пилоттық жобаның аясында ауданымызда екі ауылдық округте жұмыстар жүргізілуде. Ауыл тұрғындары осы жобаға да максималды түрде қатысулары қажет. Мұның бір тиімді тұсы, пилоттық жоба жүзеге асқан ауылдық округтерде қазіргі таңда мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны әлдеқайда азайған. Біз алдағы уақытта да облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған пилоттық жобаның аясындағы жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз, – Жалғас Әлижанұлы.
***
Аудан басшысы Ж.Мұртаза келесі кезекте Қошқарата ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесіп, ондағы тұрғындардың талап-тілектеріне де баса назар аударды. Жиын барысында ауылдық округтің әкімі Жәнібек Мырзалиев 2022 жылы өңірде атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Ауыл әкімінің айтуынша, былтыр округте мемлекет меншігіне бірнеше гектар жер қайтарылып, мал жайылымы мәселесі ішінара шешілген.
-Округте ауыл маңында бес шақырым аумағында орналасқан шаруа қожалықтардан 727 гектар жер анықталып, шаруашылық иелеріне хат түрінде хабарлама берілді. Түсіндірме жұмыстарын жүргізуге байланысты аталған жерлерді ауыл тұрғындары бірлесіп пайдаланады. Қайтаруға жататын қажетті жайылымдар зерделеніп, нәтижесінде, «Айдын» ШҚ-дан 70 гектар, «Ақтасты» ШҚ-дан 50 га, «Ақиқат» ШҚ-дан 75 га, «Еркінбек» ШҚ-дан 50 га және «Мұрагер» шаруа қожалығынан 36 гектар жайылымдық жерді қайтаруға келісім алынып, барлығы – 381 гектар жер қайтарылды. Маусымдық жайылым үшін тұрғындарға берілетін 1 368,58 гектарды құрайтын жайылымдық жер ауылдық округтің теңгеріміне алынып, тұрғындардың жеке малдарын жаюға үйлестірілу үстінде.
Округ тұрғындарының негізгі кәсібі мен табыс көзі мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, өңірде мал шаруашылығы саласын дамыту ерекше маңызға ие. 2022 жылдың есебімен округтегі ірі қара малдың саны – 2 580, уақ мал – 16 833 басты, жылқы – 852 басты, үй құстары – 7 440 басты құраса, 2023 жылдың қаңтар айының есебіне сәйкес, округтегі ірі қара мал саны – 3 170, уақ малдың саны – 21 681 басты, жылқы – 920 басты, үй құстары тиісінше, 5 349 басқа жетіп отыр. Міне, осынау көрсеткіштерге қарап-ақ мал жайылымы мәселесінің өзекті екенін аңғару қиын емес,- деді Жәнібек Амангелдіұлы.
Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде сөз алған Қызтоған ауылының тұрғыны Жүзбай Тұртаев, аталған ауылда электр қуаты кернеуінің тым төмен екенін айтып, тіпті түнгі мезгілде электр жарығының шамадан тыс әлсіз жанатынын, сонымен қатар, шағын ауылдағы ауызсудың мәселесін де назарға алуды сұрады. Аталған екі мәселе туралы қосымша айта кететін болсақ, электр энергиясын тұрғын үйлерге бөліп тарататын қосалқы тирансформатордың да тозығы жеткен. Кернеудегі қуаттылық та осыған байланысты тұрғын үйлерге төмен берілуде. Ал ауызсу мәселесі ауданның ең түкпірінде, былайша айтқанда, «Бір Құдайдың уысында» жан бағып отырған Қызтоған ауылының тұрғындарын бірнеше жылдан бері толғандырып келеді. Аталған ауылдың шағын-шағын үш көшеден тұратынын ескерсек, еліміз тәуелсіздік алғалы бері мұндағы бірде-бір көшеге жаңадан ауызсу құбыры тартылған жоқ. Әзірге ауылдықтар сай-саладағы бұлақтар мен құдық суын ылаждап пайдалануға мәжбүр. Айта кету керек, Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ақтасты ауылында да тұрғын үйлерге электр қуатының берілуі көңіл көншітпей отыр. Бұл туралы мәселені аталған ауылдың тұрғындары айтты.
Қорытынды сөз сөйлеген аудан әкімі Жалғас Мұртаза, ауылдарда тұратын халықтың негізгі табыс көзі мал шаруашылығы екенін айта келіп, осында мемлекеттік көмек-қолдаулар мен бағдарламалардың тетіктерін тиімді пайдалана отырып, ет және сүт бағытында шағын кәсіпорындар ашуға, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге арналған цехтарды ашуға болатынын шаруақор ағайынның есіне салды.
Жалғас Әлижанұлы, Қошқарата ауылдық округіне қатысты әлеуметтік мәселелердің біртіндеп шешіліп келе жатқанын айтып, алдағы жылдары аталған ауылдық округтің «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасына енгізу бағытында жұмыстардың жасалып жатқанын тілге тиек етті.
Қосымша айта кететін болсақ, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасына қаржылай көмек-қолдау жасау туралы Үкімет басшыларына жасаған өтінішінің негізінде алдағы уақытта Жамбыл облысына қомақты қаражат тартылады деп күтілу үстінде.
Айта кету керек, Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінде өткен жиындарға аудан прокуроры Б.Жанұзақұлы қатысып, тұрғындарға құқықтық тұрғыдан кеңестер берді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»