Basty bet
Қауын да, қарбыз да өсірген диқан
Бәйтерек ауылының тұрғыны Әділбек Әміреев 25 жасынан бастап диқаншылықпен айналысады. Ерте көктемнен қара күзге дейін егіншілікпен айналысатын еңбекқор азамат әр дақылдың күтімін бес саусақтай меңгерген.
Бүгінде Әділбек Құрбанәліұлы Жаңаталап ауылынан бес гектар жерді жалға алып, отбасымен еңбек етіп, ел-жұртты тәнтті етіп отыр. Диқан бес гектар жерге қызанақ, қияр, болгар бұрышы, қырыққабат, қарбыз, қауын егіпті. Қауынды биыл бірінші рет байқап көру үшін бір жүйекке ғана еккен екен. Дәл қазір қауындары пісіп тұр. Ал, қарбызды еккеніне екі-үш жыл болыпты.
Біз барғанда диқан алқап басында ұлы мен қызы үшеуі қияр теріп жүр. Қиярды күнара теріп сатады екен. Терілген қиярды алушылар көп дейді.
-Қазір қысқа банка жабу уақыты болғандықтан ауылдағылардан-ақ артылмайды. Артылып жатса, базарға алып барамыз.
Қызанақ та пісіп жатыр. Оны да шетінен теріп өткізудеміз. Биыл көкөністердің бағасы да жақсы.
Қарбызымыз да жақсы өнім берді. Қарбызды ауылға, аудан орталығындағы базарда саудаладық.
Көп адам мұнда қарбыз өспейді, өссе де піспейді деп ойлайды. Бірақ олай емес, қарбызымыз өте дәмді болды.
Қауынды байқап көру үшін аз ғана жерге еккенбіз. Ол да пісіп тұр. Дәмі тіл үйіреді.
Әр өнімнің күтімі әртүрлі. Біз еккен көкөністердің барлығы суды жақсы көреді. Сондықтан күнара суғарып отырдық. Қосымша қажетті дәрумендерін себеміз. Дұрыс күтімнің нәтижесінде өнім де жақсы. Қызанақ, қияр, қырыққабат, болгар бұрышы әбден күн суығанша өнім бере береді,- дейді Әділбек Құрбанәліұлы.
“Еңбек түбі – береке” деген осы. Қарапайым еңбек адамы еңбегінің жемісіне дән риза. Әкесіне көмектесіп жүрген ұлы мен қызы да көңілді. Күлімсіреген, кішіпейіл, еңбекқор балалар кісіні сүйсінтеді.
Балаларын еңбекке баулып, бірге отбасылық табысын еселеп отырған әкенің өнегесі әрбір отбасына үлгі.
Диқан ерте көктемде Сарыағашта болып, көшет егеді екен. Себебі, Сарыағашта бізге қарағанда көктем ерте шығады. Жуалының ауа райымен кеш ексек, кейбір өнімдер піспей қалады дейді. Жер жылыған соң, дайын болған көшеттерді осында алып келіп, еге саламыз дейді диқан.
Әділбек Құрбанәліұлы жерді ескі тракторымен жыртып, көк есегінің күшімен тырмалап, жүйек сызады. Сосын отбасымен және қосымша жұмысшылардың күшімен көшеттерді отырғызып, күтім жасайды.
-Өзім Өзбекстан Республикасында туып-өстім. Атажұртқа 2014 жылы көшіп келдік.
Диқаншылықпен 25 жасымнан бастап айналыстым. Жуалыға келген соң 2018 жылдан бастап егін егуді қолға алдық. Бұрын көп екпейтінбіз, жылдан-жылға көбейтіп келеміз. Келесі жылы да Алла қаласа, бұдан да көбірек егуді жоспарлап отырмыз.
Науқан кезінде бес-алты адамды жұмыспен қамтимыз. Басқа кезде отбасымызбен жүріп, күтіп-баптаймыз. Еңбегімізге қарай табысымыз да жаман емес.
Егіншілік – отбасымыздың негізгі кәсібі. Атажұртқа келгелі бұл жерге, ауа райына қарай қандай өнім жақсы өсетінін, жақсы өнім беретінін әбден зерттеп, егіп, байқап көріп, нәтижесіне қарай өнімнің көлемін арттырып келеміз. Мәселен, биыл қызанақ пен қиярды көбірек ектік,- дейді диқан.
Қияр қатары жап-жасып, әлі гүлдеп, самсып салып тұр. Күнара суғарылып, күн сәулесін молынан алған соң, тез өсіп жетілуде. Қиярдың сорты да жақсы сияқты. Тым үлкен емес, орташа көлемде әрі қытырлақ, сулы. Сапалы болғандықтан диқан айтқандай, ауыл тұрғындары өздеріне керекті қиярды осы алқаптан алып кетуде.
Әділбек Құрбанәліұлы отбасында жұбайы Айжан екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеуде. Тұңғышы Шымкент қаласында оқиды. Студент Райханның мамандығы – стоматолог дәрігер. Әкесінің қолқанаты Абдуазиз 9 сыныпта оқиды. Кішілері Айша 1 сыныпқа барса, Әлинұр мектепалды даярлық тобында.
Еңбекқор отбасы диқаншылықты кәсіп етіп, тұрғындарға құнарлы, сапалы өнім ұсынып, өз отбасының да несібесін арттырып отыр.
Диқан отбасының еңбегі рәтті, берекелі болсын!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»