Basty bet

Қош келдің, Жаңа жыл!

Бірлігі мен ынтымағы жарасқан еліміз тағы бір жылды артқа тастап, 2024 жылды қарсы алды. Жағымды жаңалықтар мен толағай табыстарға толы болған өткен жылға өкпеміз жоқ. Жақсылықтың жаршысы болып келген Қоян жылы да тарих қойнауына бет алды. Осы орайда, 31 желтоқсан күні Қоян жылын шығарып салып, Ұлу жылын қарсы алу мақсатында аудандық «Достық» мәдениет үйінің алдында «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, театрландырылған көрініс қойылды.

Әдемі безендірілген сахна, түрлі-түсті жарықпен көмкерілген алаң, бір-бірін құттықтаған тұрғындардың жылы жүзі және асыр салып ойнаған балалардың кіршіксіз күлкісі барлығы-барлығы мерекенің шырайын кіргізіп тұрды. Жаңа жыл мерекесінде барлығымыз таңғажайыптарды күтетініміз анық. Осы орайда мәдениет үйіндегі мерекелік шара алдымен театрландырылған көрініспен басталды.
Одан кейін мерекелік концертте аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз алып, жиналған көпшілікті Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
-Қоян жылы еліміз үшін және ауданымыз үшін де ауыз толтырып айтарлықтай айшықты жаңалықтарға толы болды. Әрбір қол жеткізген жетістігіміз, шыққан биік шыңымыз туған жеріне жанашыр өлкенің әрбір азаматының еселі еңбегінің жемісі деп білемін.
Атқарылған іс аз емес, дегенмен алда үлкен міндеттер бар. Жаңа жыл – еліміз үшін, қасиет пен киесі қатар қонған Жуалы өңірі үшін берекелі, табысты жыл болсын! Ұлу жылы жаңа өзгерістерге, қуанышты кездесулерге және бақытты оқиғаларға толы болсын.
Жаңа жыл әрбір шаңыраққа құт-берекесімен, ырыс-несібесімен, толайым табыстармен келсін!- деген аудан басшысы тұрғындарды құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Мерекенің көрігін қыздырған Аяз ата мен Ақша қар тұрғындарға ақ тілектерін арнады. Ортаға Ұлу жылы қошеметпен шақырылып, Жаңа жылдың тыныштығын, берекесі мен ырыс-ынтымағын табыс етті.
Аудан өнерпаздары жиналған жұртшылыққа әннен шашу шашып, мерекелік көтеріңкі күй сыйлады. Алаңға жиналған көпшілік ауа райының салқындығына қарамастан көңіл күйлерін түсірмей, бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп жатты.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close