Basty bet

Колледждің үздік студенті

Әрине, кім қалай өмір сүреді, болашағын немен байланыстырады – ол әркімнің өз еркі. Дегенмен, мамандық таңдаудан жаңылыспаған жөн. Көбіне жастар беделді оқу орындарын таңдайды да, оны бітірген соң жұмыс таппай сандалып қалады. Бүгінде қос-қостан дипломы болса да, жұмыссыз жүргендердің қатарын осындай «адасып» келген мамандар құрайды. Бастапқыда өз икемі бар кәсіпке қырын қарап, қатардан қалмау үшін жоғары оқу орнын таңдап, кейіннен жанына жақын жұмысқа келіп жататындар да аз кездеспейді.

Ал, керісінше өз мамандығын дұрыс таңдап, оны жан-тәнімен атқаратын жандар еңбегінің нәтижесін көреді. Кейде мамандығын қарапайым еңбек адамымен байланыстырып, оны абыроймен атқаратын жандар да арамызда кездеседі. Мәселен, аудандағы №16 Жуалы колледжіне мектепті үздік немесе жақсы оқу үлгерімімен оқуға түсіп, мамандығын кәсіптік-техникалық бағытпен ұштастырғандар да бар. Соның бірі ретінде жұрымбайлық Мадина Нұрланқызын атап өтуге болады.
Мадина Ақтасты ауылында дүниеге келген. Қарапайым отбасында тәрбиеленіп, білім алған. Әкесі Нұрлан Ахажанов құрылыс саласында еңбек етсе, анасы Мариякүл Болатбекова үй шаруасымен айналысады.
Үздік студент атанған Мадина Қарасаз ауылындағы А.Пушкин атындағы орта мектепте оқыған. Мектепте үлгілі әрі белсенді оқушылардың бірі болған. Дегенмен ол арман қуып, ауылдан жырақтап кетпей, ата-анасына жанында болуды ойлаған. Нәтижесінде, 9 сыныпты бітірген соң, №16 Жуалы колледжіне құжатын тапсырып, аспаз мамандығына оқуға түскен. Бүгінгі таңда ол осы мамандықтың ІІ курс білімгері.
Мектеп қабырғасында қалыптасқан оның белсенділігі колледжде де септігін тигізуде. Колледжде белсенді білімгерлердің қатарында. Оны білім ордасының әкімшілігі де, қатарластары мен ұстаздары да жоғары бағалайды. Мамандығына деген ерекше ықыласын ұстазы Айнұр Бұзауқұлова байқап, әрдайым бағыт-бағдар беріп отырады.
Ол математика пәнінен ұйымдастырылған онлайн олимпиаданың жеңімпазы. Жастар арасында белсенділік танытып, қоғамдық жұмыстарға, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқаны үшін аудан әкімінің Алғысхатымен марапатталған колледждің мақтанышы.
-Әр адам өзінің жүрек қалауымен мамандығын таңдағаны жөн. Мен осы колледжде аспаз мамандығын меңгеріп, қыр-сырын үйреніп жатқаныма қуаныштымын, – дейді Мадина. -Бұл – менің таңдауым. Көбісі мектепте жақсы оқыған шәкірт неге аудандағы кәсіптік-техникалық колледжді таңдаған деп ойлауы мүмкін. Болмаса жоғары оқу орнына түсіп, арманын әсем қаламен жалғастыруға болады деген пікір айтады. Дегенмен қолда барды бағалаған жөн-ақ.
Мектепте сабағымды жақсы оқыдым. Кейбір сыныптастарым өзге қалаларға оқуға түсті. Көбісі мектепте 11 сыныпты аяқтау үшін қалып, қазіргі таңда ҰБТ-ға дайындық үстінде.
Мамандығым бойынша түрлі мәліметтер алып, қыр-сырын үйрене бастадым. Колледжде кәсіптік-техникалық мамандық бойынша үздік мамандарды даярлайтынына көзім жетуде. Таңдауымнан қателеспеген екенмін. Мұнда түрлі тамақты әзірлеуді, адамдарға дұрыс қызмет көрсетуді, олармен дұрыс сөйлесуді меңгердім. Адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау арқылы біз өзіміздің қызметімізге оң баға алады екенбіз. Ең бірінші, қызмет көрсету мен мәдениетті сақтай білу қажет. Одан кейін ұсынған ас мәзірі дәмді әрі пайдалы болуы керек. Міне, біз мұнда осындай қарапайым дүниеден бастап үйреніп, мамандығымыздың ерекшелігін оқудамыз. Менің алдағы арманым колледжді жақсы үлгеріммен аяқтап, үздік аспаз болу, өз кәсібімді ашу. Ұстазым Айнұр Бұзауқұловадан әлі үйренерім көп. Сондықтан ұстазымды үлгі тұтамын.
Колледжде үздік шәкірт ретінде шәкіртақы тағайындалады. Жатақханадан орын алып, осында қызықты күндерім өтуде. Студенттер тек қойылған тәртіпті орындап, жақсы тәртібін, оқу үлгерімін көрсетуі керек. Біздің білім мен тәрбие алуымыз үшін мұнда бар жағдай жасалған. Әрі ата-анама жақын жердемін, әрі студенттік шағым өзімнің туған жерім қасиетті Жуалымның төрінде өтуде. Алдағы уақытта осы қалпымыздан танбай, ата-анамның үмітін ақтау үшін, өз арманыма қол жеткізу үшін оқуымды жақсы аяқтайтын боламын, – дейді ол.
Мадинаның ұстазы Айнұр Бұзауқұлова: шәкірті туралы пікірін білдірді. Ол: “Бір топта 14 қыз білім алады. Мадинаның сабаққа деген ынтасы жақсы. Белсенді. Көпшілікпен тез тіл табысып, өзінің биязы мінезімен айналасын баурап алады. Тапсырылған тапсырманың үдесінен шығып, уақтылы орындап келеді. Білмегенін сұрап, жаңа дүниені үйренуден жалықпайды. Оның бойындағы кішіпейілділік пен үлкенге деген құрметін жоғары бағалаймын” дейді.
Жалпы көпшілік арасында аудандағы №16 Жуалы колледжінде тек мектептегі үлгерімі төмен болмаса амалсыздан оқуға түскен студенттер оқиды деген түсінік қалыптасқан. Алайда мұнда Мадина секілді жүрек қалауымен оқуға түскен үздік шәкірттің барлығы бұл түсінікті теріске шығарады. Ендеше, колледждің үздік студентіне оқуда озат болып, өз арманына жетуіне тілектеспіз.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close