Basty bet

Мектеп бітіру кешін өткізуге қойылатын талаптар түсіндірілді

Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде 25 мамыр – Соңғы қоңырау іс-шарасын ұйымдастыру мәселесіне арналған жиын өтті. Жиынға мектеп директорлары мен орынбасарлары және ата-аналар шақырылды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Жиында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс орталықтарының әкімдіктерімен 2026 жылғы 29 сәуірде «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында заңсыз ақша жинауға және бітіру іс-шараларын өткізуге жол бермеу жөніндегі шаралар туралы» №106-НҚ бірлескен Бұйрығымен таныстырды. Бұйрыққа сәйкес, оқу жылының аяқталуына байланысты мектепке дейінгі ұйымдарда, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында енгізілген шектеулер жан-жақты талқыланып, көпшілік назарына ұсынылды.
Бұл уақытқа дейін аудандағы білім беру мекемелеріне бұйрықтың орындалуы жөнінде хат жолданып, енгізілген шектеулер ескертілген. Нәтижесінде, мектеп әкімшілігі ата-аналармен жиналыс өткізіп, түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Жиында аталған бұйрық орындалмаған жағдайда заң аясында мектеп әкімшілігі және ата-аналар жауапкершілікке тартылатыны, сонымен қатар, мектептен тыс жерде ұйымдастырылған бітіру кештері үшін сынып жетекшілеріне де қатаң ескерту берілетіні айтылды.
Ауданның білім бөлімінің басшысы Бахыт Рахымжанқызының сөзінше, оқу жылының аяқталуына орай барлық білім беру мекемесінде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында сынып сағаты таңертеңгі сағат 08:00-де басталады. Сынып сағатында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына басымдық беріледі.
11-сынып оқушыларына арналған оқу жылының аяқталуына байланысты салтанатты жиындар барлық мектепте бір уақытта, яғни сағат 09:00-де өтеді. Мектеп бітіру аттестаттарын табыстау рәсімдері де бекітілген тұжырымдамаға сәйкес ұйымдастырылуы қажет. Аталған талаптардың орындалуын бақылау мектеп директорларына жүктелген.
Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы, апта басында аудан аумағындағы 10 тойхана, 11 кафе және өзге де демалыс орындарының иелерімен түсіндіру жұмыстарының жүргізілгенін айтты. Ол енгізілген шектеулердің талабын бұзған кәсіпкерлер де заң аясында жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Жалпы биыл, яғни, 2025-2026 оқу жылында 29 орта мектепте 11 сыныптың саны – 49 болса, онда 719 оқушы бітіреді.
Аудан әкімінің орынбасары ата-аналармен ашық диалог құрып, соңғы қоңырау кешін ұйымдастыру мәселесін бірлесіп талқылады. Әр мектептен келген ата-аналар бұйрықпен танысқандарын және мерекелік іс-шаралардың тек мектеп қабырғасында өтетінін жеткізді. Ал, бұйрық талаптарын орындаудан бас тартқан ата-аналарға қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оларға ең бастысы, балалардың қауіпсіздігі екені түсіндірілді.
Аудандық полиция бөлімінің қызметкері Ілияс Жұмағұловтың айтуынша, бұл күні полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Рейдтік шараларға бөлімнің 87 қызметкері жұмылдырылмақ. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігі үшін аудан аумағынан Тараз қаласына шығатын бағыттарға арнайы бекеттер қойылады. Яғни, құқық қорғау органдары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барынша қырағылық танытады.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы ата-аналарға үндеу жасап:
– Құрметті ата-аналар! Бала – біздің болашағымыз. Ал олардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Сондықтан балаларды дарақылыққа емес, қайырымдылыққа, мейірімділікке, жомарттыққа баулыңыздар. Бос ойын-күлкімен емес, біліммен жарысайық. Әлеуметтік желілерде жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар туралы жақсы жаңалықтар көптеп жарияланып жатыр. Біз де балаларға осындай жақсы үлгі көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар беруіміз керек. Мектеп бітіру кешін талғаммен әрі жауапкершілікпен мектеп қабырғасында ұйымдастыру қажет. Балалардың өміріндегі маңызды күннің қауіпсіз әрі есте қаларлықтай өтуіне бәріміз бірге атсалысайық, – деп атап өтті.
Жиын барысында мектеп әкімшіліктеріне түлектер мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ, Соңғы қоңырау іс-шарасының күн тәртібін оқушылармен бірлесіп ұйымдастыру тапсырылды. Сонымен қатар, ата-аналардың балаларды тікелей бақылауда ұстауы қажеттігі де ерекше атап өтілді.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close