Basty bet

Емханада ем-дом алуға мүмкіндік мол

«Денсаулық – адам өмірінің алтын арқауы» десек, сол баға жетпес байлықты сақтауға бар күш-жігерін арнап жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Халық денсаулығын нығайту, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Осы маңызды міндетті абыроймен атқарып келе жатқан мекемелердің қатарында Жуалы аудандық орталық емханасының орны ерекше.
Б.Момышұлы ауылында орналасқан аудандық орталық емхана 1986 жылдан бері аудан тұрғындарының денсаулығын қорғау жолында үздіксіз қызмет атқарып келеді. Көпжылдық тәжірибе мен кәсіби шеберлікті ұштастырған мекеме бүгінде ауданындағы медициналық қызметтің негізгі тірегіне айналған.
Қазіргі таңда емхана ауданға қарасты 14 ауылдық округ пен 49 елдімекеннің тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Бір ауысымда 250 науқасты қабылдай алатын емхана күн сайын жүздеген адамның өміріне араша болып, олардың денсаулығын өмір сапасын жақсартуға үлкен үлес қосуда.
Аудан орталығынан шалғай орналасқан ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі – мекеменің басты назарындағы мәселелердің бірі. Осы мақсатта емханаға қарасты 46 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде, сегіз дәрігерлік амбулатория, төрт фельдшерлік-акушерлік пункт және 34 медициналық пункт аудан тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті уақтылы көрсетуде.
Әсіресе, шалғай елдімекен тұрғындарының жағдайын ескерген жылжымалы медициналық қызметтің маңызы зор. Онда арнайы мамандар ауылдарды аралап, профилактикалық тексерулер жүргізіп, кеңес беріп және қажетті ем-дом шараларын ұйымдастырады. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау әрі денсаулық сақтау қызметінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған тиімді қадам.
– Бүгінде емханаға 45 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Оның ішінде, бір жасқа дейінгі нәрестелер саны – 692, 14 жасқа дейінгі балалар – 13 421, ал 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер саны – 16 268. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауданда 418 жүкті әйел тұрақты медициналық бақылауда тұр. Сонымен қатар, 60 жастан асқан 6 041 тұрғынның денсаулығы ерекше назарда. Соңғы бес айдың өзінде аудан көлемінде 532 сәби дүниеге келіп, бұл өңірдегі демографиялық өсімнің оң көрсеткішін айғақтай түсуде.
Емхананың ең үлкен күші – оның кәсіби мамандары екені сөзсіз. Қазіргі уақытта мұнда 32 білікті дәрігер, 71 медбике, үш мейіргер, бес акушер және 19 кіші медициналық қызметкер қызмет атқарады.
Мекеме құрылымында барлығы 48 кабинет жұмыс істейді. Оның ішінде, учаскелік қабылдау кабинеттері, тар бейінді маман кабинеттері, диагностикалық және емдеу бөлімдері заманауи талаптарға сай қызмет көрсетеді. Әрбір кабинет тұрғындардың денсаулығын сақтауға және аурулардың алдын алуға бағытталған маңызды міндет атқарады.
Сондай-ақ, диспансерлік есепте тұрған 10 860 тұрғын тұрақты бақылаумен қамтылған. Олардың денсаулық жағдайын жақсарту және асқынулардың алдын алу мақсатында жоспарлы медициналық шаралар жүйелі түрде жүргізіледі,- дейді аудандық орталық емхананың меңгерушісі Ерік Қамбарбеков.
Жыл басында емхана жанынан Әйелдерге кеңес беру бөлімі ашылып, өз жұмысын нәтижелі бастады. Бұл бөлім аналардың денсаулығын қорғауға, жүктілікті қауіпсіз жүргізуге және әйелдердің репродуктивтік денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды құрылымға айналды. Мұнда, үш аймақтық акушер, екі аудандық гинеколог және үш аймақтық гинеколог және аға гинеколог медециналық қызмет көрсетуде.
Заманауи денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру үрдісі аудандық орталық емханада да толық жүзеге асқан. Тұрғындар дәрігер қабылдауына жазылу, медициналық қызметтерге тіркелу және қажетті ақпараттарды алу үшін «DamuMed» мобильді қосымшасын белсенді пайдаланады. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету сапасын арттырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беруде.
Мекеме қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Заманауи технологиялар мен жаңа медициналық құралдар дәрігерлердің жұмыс тиімділігін арттырып, диагноз қою мен емдеу сапасын жаңа деңгейге көтеруде.
Сондай-ақ, емхананың ғимаратында кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылған. Келушілер үшін қолайлы жағдай жасау – мекеме басшылығының басты назарындағы мәселелердің бірі.
Аудандық емхана – тек медициналық қызмет көрсететін мекеме ғана емес, аудан тұрғындарының денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік орталық. Мұнда әрбір азаматтың денсаулығы басты құндылық ретінде бағаланып, әрбір науқасқа жанашырлықпен қарау қағидаты берік қалыптасқан.
Ақ халатты абзал жандардың кәсібилігі, жауапкершілігі мен адал еңбегінің арқасында Жуалы жұрты сапалы медициналық көмекке қол жеткізіп отыр. Алдағы уақытта да аудандық орталық емхана тұрғындардың игілігі жолындағы ізгі қызметін жалғастырып, ел саулығын нығайтуға өз үлесін қоса беретіні анық.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close