Basty bet
Қиялға қанат бітірген қылқалам
Нұржан Өміртай Талас ауданы Майтөбе ауылының азаматы. Ол көпбалалы отбасында өскен. Үйдің ортаншысы. Нұржан А.Дәулетбеков атындағы орта мектепте оқыған. Тараз қаласындағы Тараз мемлекеттік педогогикалық институтында «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығында білім алып шықты.
Нұржан Жарасұлының бейнелеу өнеріне деген алғашқы қызығушылығының оянуына себепші болған сызу пәнінің ұстазы, өнерлі азамат Бақыт Аубакиров ағайы болды. Жас таланттың осындай ерекше өнерді тереңінен меңгеруіне, бала кездегі баспалдағының дұрыс қалануына ұстазының ықпалы зор еді.
Мектеп табалдырығында мектепішілік және ауылдық, аудандық іс-шараларға қатыса жүріп, өз өнерін ақырындап көпшілікке таныта бастады. Бастапқыда ертегі кейіпкерлерін, қоршаған ортаның сұлулығын, портрет жанрында ақырындап суреттер сала бастаса, кейіннен салған суреттерінің тақырыптары күрделене түсті.
2016 жылдың қыркүйек айынан бастап аудан орталығындағы №1 Балалар өнер мектебіне көркем сурет пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Осы жылдар аралығында мекеменің атынан, аудандық, облыстық және республикалық сурет салу байқауларына қатысып, жүлделі орындармен аталған мекеменің ұжымын қуантып келеді.
Бір топта 15 оқушы бар. Шәкірттеріне алғашқыда түстермен дұрыс жұмыс жасау керектігін үйретсе, кейіннен сурет құрылымын үйретеді. Шәкірттері аудан орталығына қарасты мектептің оқушылары. Сурет өнерін тереңінен меңгеремін деген оқушыларына бастапқыда жұмыстың жеңіл әдіс-тәсілдерін үйреткен болса, уақыт өте келе тапсырманы күрделендіре түседі.
Жалпы суретті меңгеруде оқушыларға негізгі үш бөлім оқытылады. Көркем сурет, кескіндеме және композиция. Көркем сурет сабағында оқушылар түрлі-түсті қаламмен ғана сурет салуға бейімделсе, ал кескіндемеде бөлімінде түрлі-түсті бояуларды дұрыс, үйлесімді пайдалану керектігі үйретіледі. Композиция бөлімінде суретші өз қиялына ерік береді. Осылайша суретші өзінің салған суретін әртүрлі кейіпте түрлендіре түседі. Осындай күрделі жұмыстарды орындау кез келгеннің қолынан келе бермейтін шаруа. Ол үшін бір пайыз талант пен тынымсыз еңбек, ізденімпаздық қажет.
-Мен үнемі өзімдегі бар өнерді жаңартып, жаңғыртып отырамын. Әрдайым тынымсыз ізденуде боламын. Нағыз суретші өзінің мықтылығын үлкен өнерпаздардың арасында дәлелдеп, көрсеткенде ғана оның өнеріне бас июшілердің қатары көбейеді. Сурет өнері менің қиялыма қанат бітіреді. Әр салған туындым маған күш береді. Осындай өнеріме берген бағаның бірі Алматы қаласындағы республикалық пәнаралық байқауда ІІІ орын және «Үздік суретші» атансам, 2015 жылы облыстық дельфилік ойындарға қатысып Бас жүлдемен оралдым. 2022 жылы Ш.Мұртазаның туылғанына 90 жыл толуына орай өткен облыстық сурет байқауында ІІ орынмен және аудан әкімінің Алғысхатымен, «Тараз жауһарлары» көркем еңбек пәні мұғалімдерінің, кәсіби суретшілер мен қолөнер шеберлерінің ІV халықаралық симпозиумында көрмедегі «Ең үздік туындысы» үшін және «Ең үздік плэнер туындысы» атты сурет байқауларында Диплом және Алғысхаттармен марпатталдым,- дейді Нұржан.
Шәкірттерінің ішінде ерекше өнерімен көпшілікті тәнті еткен Нұргүл Қамбар аудандық, республикалық байқауларда топ жарып, ұстазының еңбегін ақтау үстінде.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»