Basty bet
Қаһарман тұлғаның ерлігі – қалың елдің жадында
Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылдың 19 қазанында Ақмола облысы Ақмола ауданының Тайтөбе қыстағына жақын орналасқан Қырыққұдық қыстағында дүниеге келген.
1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы қазанда Фрунзедегі жаяу әскер училищесін бітірген. 1944 жылы қазан айынан бастап Белорусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясының құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысты.
«Берлин» операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде Рақымжан Қошқарбаев Ұлы Отан соғысында алғашқылардың бірі болып Берлинде Рейхстагтың үстіне қызыл туды тіккен қазақ азаматы. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды.
1947-1967 жылдары Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор болды. 1967 жылдан «Алматы» қонақүйінің директоры болды. Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
1988 жылдың 10 тамызында Алматы қаласында қайтыс болды. 1999 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа қайтыс болғаннан кейін ең жоғарғы ерекшелік дәрежесі – Халық Қаһарманы атағы беріледі. Елін сүйіп, оны жаудан қорғаған ержүрек қаһарман тұлғаның ерлік істері қалың елдің жадынан өшпек емес.
Мұхамед-Али БЕКБАУОВ,
Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің
жұмылдыру бөлімшесінің бастығы, майор