Basty bet

Заңнаманың аясында әрекет еткенде ғана іс алға басады

Жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі, жалпы балалардың құқығын қорғау (оның ішінде, кәмелетке толмағандардың), оларды зорлық-зомбылықтан сақтандыру сияқты маңызды мәселелер – қоғамға ортақ мәселе екені даусыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдадық.

Өткен жылы барлық аймақта балаларды Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарды. Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда.
Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне, осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек» деп атап өтті Президент.
Жасөспірімдердің тәрбиесі мен олардың мектепте лайықты білім алуы, қауіпсіздігі мен жан-жақты жетілуі – аудандағы жергілікті атқарушы органның да тұрақты бақылауындағы мәселе. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарды аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия тұрақты үйлестіріп отыратынын баса айтқан жөн. Аталған комиссияның отырыстары жоспарға сәйкес өткізіліп, онда кәмелетке толмағандарға қатысты мәселелер жан-жақты талқылану үстінде.
Өткен аптада аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа комиссияның мүшелерімен қатар, аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы және БАҚ өкілдері шақырылды.
Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары, аталған комиссияның төрағасы Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды. Жиынның күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселе қаралып, жұмысқа жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, бірінші мәселе – «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның кәмелетке толмаған балалармен жүргізілген профилактикалық жұмыстары туралы, екінші – Шақпақ ауылдық округі әкімінің кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың, суицидтің және оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы есебі, үшінші – №16 Жуалы колледжінің жасөспірімдер арасында суицидтік мәселелерінің алдын алу және профилактикалық жұмыстары туралы есебі, ал төртінші – Жетітөбе ауылдық округі әкімінің кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың, суицидтің және оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы есебі тыңдалды.
Бірінші мәселеге сәйкес, аудандық Жастар ресурстық орталығы мекемесінің директоры Сәбит Қадыров баяндама жасады. Орталық басшысының айтуынша, 2026 жылдың басынан бері ауданда жастар мен жасөспірімдердің арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, оларды құқыққа қайшы әрекеттерге төзбеушілікке тәрбиелеу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Аталған бағытта Б.Момышұлы ауылында және ауылдық округтерде жалпы саны – 88 іс-шара ұйымдастырылған. Атап айтқанда, жастармен кездесулер, дөңгелек үстел отырысы, акция және түсіндірме жұмыстары бар. «Заң және тәртіп» қағидатының аясында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мен аудандық полиция бөлімі бірлесе отырып, құқық бұзушылықтың алдын алу және түнгі уақытта жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Б.Момышұлы ауылы және 13 ауылдық округте 31 түнгі рейдтік іс-шара өткізіліп, онда 3 925 жас қамтылды. Аталған іс-шаралар әлеуметтік желі парақшаларына жарияланды.
Өткізілген барлық іс-шараларға мекеме мамандары, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ, аудандық Отбасын қолдау орталығының мамандары белсенді түрде қатысқанын айта кеткен жөн. Баяндамашы жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ, құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында маңызды бағыттардың бірі болып табылатынын жеткізді. Тиісінше, бұл бағытта нақты іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылу үстінде.
Комиссия отырысында күн тәртібіне қойылған басқа да мәселелер толық қаралып, Шақпақ, Жетітөбе ауылдық округі әкімдерінің кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың, суицидтің және оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспарының орындалуын тұрақты бақылауға алу, оның ішінде, округтегі тұрмыс жағдайлары төмен, өмірлік қиын жағдайларға тап болған отбасыларға зерделеу жұмыстарын жүргізіп, мұндай отбасындағы оқушы балаларды жазғы сауықтыру лагерімен қамту, ата-аналарды дұрыс әлеуметтендіру бойынша тиісті шаралар қабылдау тапсырылса, ал №16 Жуалы колледжінің жасөспірімдер арасында суицидтік мәселелерінің алдын алу және профилактикалық жұмыстары туралы есебіне байланысты білімгерлердің сабаққа қатысуын қамтамасыз ету, мекемеішілік есепте тұрған білімгерлерді бақылауға алу, т.б. маңызды мәселелер жауаптыларға тапсырылды.
Комиссия төрағасы Анар Ахметова өз сөзінде, мектеп пен мекеме басшыларының балаларға қатысты заңнамалармен толық танысу қажеттігін, әлеуметтік осал топтағы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жалпы балаларға қатысты оқыс жағдайлар орын алғанда оны құзырлы органдарға дер кезінде хабарлау, сонымен қатар, жұмысқа жауаптылар тиісті заңнаманың аясында әрекет еткенде ғана істің алға басатынын айтып, тиісті хаттамалық тапсырмалар жүктелді.

Таңдаулы материалдар

Close