Basty bet

Көктемнің әр күні – жылға азық!

көкбастаулық «Бақнұр» шаруа қожалығы жер өңдеп,
дән себу үстінде

Жылдағыдан қарағанда, биылғы көктем суықтау әрі жаңбырлы болып тұр. Осыған сәйкес, жуалылық шаруалар көктемгі дала жұмыстарына Наурыз мерекесінен кейін кіріскен. Әдетте, бұл кезең арпа дақылын егуге өте қолайлы. Сәуір басталғаннан бері күнара жауын-шашын жауып, шаруаларға алқап басына шығуға мүмкіндік берген жоқ. Оған қарап жатқан шаруалар бар ма?! Көктемнің әр күнін тиімді пайдаланып, қолайлы күндері жер жыртып, дән себуге жанталасып кірісуде. Олай болмаса, тағы болмайды. Егін егетін аз күнді тиімді пайдаланбаса, дән сіңірудің уақыты өтіп кетеді. Өткен аптадағы қатты жауын-шашыннан кейін, күн ашылды. Шығыстың өкпек желі демесеңіз, қазір дән себуге қолайлы-ақ болып тұр. Шаруалар осы уақытты тиімді пайдаланып қалуға тырысып бағуда.

Жылдағы дәстүрге сәйкес, Көкбастау ауылдық округіндегі «Бақнұр» шаруа қожалығы алты ай қыс бойы ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеп, бөлшектерін майлап, күн жылынысымен көктемгі дала жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Аталған шаруашылық игеретін жер көлемінің ауқымды екенін ескерсек, жұмысқа ертерек кірісудің де заңды себебі бар. Жұмысқа ерте қамданған шаруашылық арпа дақылын егіп болып, ендігі кезекте картоп және қант қызылшасына арналған егістік алқаптарды өңдеу үстінде. Қазір шаруашылықтың жер жыртуға арналған қуатты техникалары Қосбөлтек ауылының шығыс жағындағы егістіктерді жыртып, оны тегістеп дайындауда.
Өткен аптаның соңғы күндері алқап басына арнайылап барғынымызда, онда жер өңдеп жатқан тәжірибелі механизаторлардың еселі еңбегіне куә болдық. Қосбөлтек ауылынан қозы көш жерде егістікті қайыстай тіліп аударып жатқан «К-700» қуатты техникасы мен Белорусь «МТЗ-82» тракторының дауысы құлаққа анадайдан келеді. Егістік басына жақындап барғанымызда, механизаторлар белгіленген жерді жыртып та үлгеріпті. Тек егістіктің шетін тегістеу жұмыстары қалған екен. Біздің келгенімізді көріп «К-700» тракторының рөлінен орыс жігіт түсті. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін әңгімеміз жерді өңдеу жайына қарай ойысты. Механизатор Вадим Панин алқапты өңдеу жұмыстарының барысын айтып берді.
-Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазір ғана ауыл маңындағы 28 гектар егістік алқапты аударып, өңдеп болдық. Жұмысқа таңертең ерте кіріскенбіз. Бұл алқап бұрын жоңышқа егілген жер болатын. Топырағы тыңайып та үлгеріпті. Қыс бойы қардың мол болып, көктемде жауын-шашынның да мол түсуіне байланысты болу керек, алқаптың топырағы жұмсақ, соқаның жанынан шашылып түсіп жатыр. Жерге соқа салумен бірге, оны ауыр темірмен тегістеудеміз. Бұдан кейін алқапқа қандай дақыл егілсе де, оңайырақ болады.
Шаруашылықта алты жылдан бері механизатор болып тұрақты жұмыс істеудемін. Еңбекақымыз – жақсы. Көбінесе көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде жер өңдеуге атсалысамын. Дақылдарды егетін және жинайтын бригадалар бөлек. Еңбекақыны жұмыстың көлеміне және еңбектің өнімділігіне байланысты тұрақты аламыз. Қожалық басшысына рақмет,- дейді жас механизатор Вадим.
Бұдан кейін «МТЗ-82» тракторының рөліндегі тәжірибелі механизатор Виктор Медведевпен де тілдесудің сәті түсті. Викторды тәжірибелі механизатор деп отырғанымыз, ол ауыл шаруашылығы саласында 40 жылға жуық уақыт еңбек етіп келе жатқанын айтады. Айтуынша, бұрын Ленин колхозында 25 жыл механизатор болып еңбек етсе, кейіннен бірқатар жеке құрылымдарда тер төккен. Бірнеше жылдан бері «Бақнұр» шаруа қожалығына жұмысқа ауысып, қазір осында тұрақты еңбек ету үстінде.
-Жер өңдеу жұмыстарын ерте көктемде бастағанбыз. Қазір алқаптың көбісін өңдеп үлгердік. Техниканың рөлінде жүргеніме 40 жыл уақыт болды. Бұл салада біршама тәжірибем бар деп айтуға болады. Денсаулық болса, еңбек етіп, жұмыс істегенге не жетеді?! Біздің жасымыз да ұлғайып келеді. Қазір 58 жастамын. Бар білгенімізді және техниканың тілі мен қыр-сырын жас мамандарға үйретіп кетсем деймін. Бірақ қазіргі жастар ауыр жұмысқа барғысы келмейді. Сонда да аға буын механизаторлардың орнын басатын білікті жас мамандар қажет. Бұл – ауыл шаруашылығын дамыту ісінде өте маңызды. Кәсіби-техникалық білім беретін колледждерде ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандары көптеп даярланса дейміз. Бір сөзбен айтқанда, жастарға еңбек етіп, маңдай терді төгу арқылы ғана жетістікке жетуге болатынын баса айтқым келеді,- дейді тәжірибелі механизатор.
Айта кету керек, ауыл шаруашылығы саласының білгір ұйымдастырушысы, еңбек ардагері Байұзақ Серкебаев басшылық ететін «Бақнұр» шаруа қожалығының иелігінде біршама егістік жер бар. Егістік алқаптарға жыл сайын дәнді дақылдардан – күздік бидай, арпа дақылы және мал азығына арналған көпжылдық шөп, сонымен қатар, картоп және қант қызылшасы егіліп, бапталады. Бір сөзбен айтқанда, шаруашылықтың жұмысы жүйелі, алға қойған мақсаты айқын.
-Биылғы жылдың өнімі үшін былтыр күзде 150 гектар алқапқа күздік бидай, биыл 100 гектарға жаздық арпаның дәнін септік. Бұдан бөлек, мал азығына арналған 180 гектар жоңышқа алқабы бар. Бағытымыз – жерді тиімді өңдеп, малдың басын көбейтумен бірге, оған сапалы азық дайындау. Өнімділікті арттыру мақсатында Алматы облысындағы қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтымен («КИЗ») көп жылдан бері тұрақты байланыста жұмыс істеу арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізудеміз. Атап айтқанда, былтыр аталған институттан күздік бидайдың І репродукциялы «Стекловидная-24» тұқымын алып ексек, биыл жаздық арпаның «Арна» аталатын тұқымын жерге сіңірдік. Тұқымдық материал жыл сайын тұрақты түрде жаңаланып отырады. Бұл – өнімділікті арттырудың бірден-бір кепілі.
Биыл көктемгі дала жұмыстарына ерте кірісіп, оны аяқтау үстіндеміз. Оған ауыл шаруашылығы техникалары алдын ала дайындалды. Жұмысшы күші де жеткілікті. Жаздық арпаны егіп болған соң, 22 гектар алқапқа қант қызылшасын және төрт гектарға картоп егу жоспарда бар,- дейді шаруашылық басшысы.
«Бақнұр» ШҚ ауыл шаруашылығы техникаларымен толықтай қамтамасыз етілген өңірдегі бірден-бір шаруашылық. Агроқұрылымда «К-700», бес бірлік Белорусь «МТЗ-82» тракторы, «КамАЗ» жүк көліктері, егін жинайтын және шөп оратын арнайы комбайндар бар. Соның нәтижесінде, науқандық жұмыстар уақтылы әрі сапалы атқарылу үстінде.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close