Бақытжан Ертаев 1952 жылы 25 маусымда Жуалы ауданы бұрынғы Кеңес ауылында өмірге келген. 1973-1985 жылдары Алматы қаласындағы жалпы әскери қомандалық училище мен М.В.Фрунзе атындағы әскери академияны тамамдаған. Бұдан соң біраз жылдар әскер саласында басшылық қызметтер атқарды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, 1997-2000 жылдары Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, 2002 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әскери академиясының бастығы болды.
Осы жылдар аралығында ол Қазақстан әскерін реформалау шараларына үлес қосып, бұл бағытта қаншама игі істерге бастамашы болып, қаншама сарбаздарды әскери іс-әрекеттерге машықтандырды. Өз ісіне деген адалдық пен еңбекқорлығының арқасында 2008 жылы Бақытжан Ертаевқа еліміздің ең жоғарғы наградасы – «Халық қаһарманы» атағы берілді. Аталған награда басшылық қызметтегі жетістіктері үшін ғана емес, Ауғанстандағы соғыс кезіндегі батальон командирі ретінде өзінің ержүрек әскери қолбасшы әрі ақылды әскери стратег ретіндегі қасиеттері үшін берілді.
Б.Ертаев ол кезде небәрі 27 жаста болған. Ол өзінің жастығына әрі әскери шенінің аса жоғары бола қоймағанына қарамастан, әскер басшылары оны біліктілігі мен тәжірибелілігі үшін батальон командирі етіп тағайындаған.
Әскери қайраткер, генерал-лейтенант «Халық қаһарманы» мен «Алтын Жұлдыз» белгісі, «Отан» орденінің иегері және «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Үздік жауынгерлік қызметі үшін», «Интернационалист жауынгерге ауған халқы атынан» т.б медальдармен марапатталған.
Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың 70 жылдық мерейтойы елімізде кең көлемде аталып өтті. Туған жері Жамбыл облысы Жуалы ауданы да жерлестерінің мерейтойын ерекше құрмет-қошеметпен атап өтті.
Жуалы ауданындағы іс-шара 91678 әскери бөлімнің жеке құрамымен танысудан басталды. Бақытжан Ертаев алдымен Отан алдындағы қасиетті борышын адал және абыроймен атқарып, еліміздің тыныштығын қорғау жолында жауынгерлік оқу тапсырмаларын орындау кезінде 2017 жылы 17 ақпанда табиғаттың салдарынан қар көшкіні астында қалып, қаза болған 91678 әскери бөлімінде арнайы мақсаттағы таулы егерлік ротасының жауынгерлеріне орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына құран бағыштады.
Бұдан соң әскери бөлімнің бұрынғы және қазіргі заманауи құрал-жабдықтары мен қаруларынан арнайы дайындалған көрмені көріп, жас сарбаздардан әр қаруды қалай қолдану керектігін сұрады. 91678 таулы егерлік полктың ашылу тарихын айтып берді. Бақытжан Ертаев аталған полктың біздің ауданнан ашылуына бірден-бір себепші болған азамат.
Генерал-лейтенант арнайы дайындалған орында әскери бөлімнің жеке құрамымен кездесті. Кездесуде сарбаздар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сарбаздармен жұмыс, жалпы сарбаз қандай болуы керектігі жайлы әңгіме өрбіді.
Іс-шара «Достық» мәдениет үйінде өрбіді. Батыр алдымен мәдениет үйінің алдында дайындалған «Жуалы батырлар өлкесі» яғни ауданымыздан шыққан 14 генералдың кітап көрмесі, Бауыржан Момышұлына арналған “Ұлтын сүйген батыр ұл”, “Шерхан Мұртаза – 90 жыл” кітап көрмесі, “Рақмет, туған ел!” кітап инсталляциясымен, тарихи-өлкетану музейінің аспан астындағы тарихи жәдігерлерімен танысты. Әскери вальс биледі.
Мәдени шара мәдениет үйінде «Ұлтым деп соққан жүрегі» атты шағын концерттік бағдарламаға ұласты.
Алғашқы құттықтау сөз облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев пен аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді. Ел ағалары Бақытжан Ертаевтың 70 жас мерейтойымен құттықтап, Баукеңдей, Шерағаңдай, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтай батырлар мен ақын, жазушыларды түлеткен жұлдызы биік Жуалыда әлі де батырлар туа берсін, жастарымыз биік рухты, патриот болсын деген тілектерін білдірді. Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы мерейтой иесіне шапан жауып, басына құндыз бөрік кигізді.
Бақытжан Ертаев мерейтойдың сонау елорданың төрінен бастау алғанын, алайда туған жердің, елдің ықыласының орны бөлек екенін жеткізіп, жуалылықтарға ризашылығын білдірді.
Бұдан соң Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы, аты аңызға айналған Батыр атамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Гүл қою рәсіміне қатысқан әскерилер, аудан әкімдігінің басшылары мен мамандары, ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, жалпы барша жуалылықтар Батыр атамызды бір сәт үнсіздікпен еске алды.
Батыр рухына тағзым етуге келген Бақытжан Ертаевқа сөз кезегі берілді.
-Аса құрметті менің кіндік қаным тамған туған жерімдегі жерлестерім!
Біз Жуалы жеріндегі шарамызды Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу барысында қаза болған жауынгерлердің рухына құран бағыштаудан бастадық. Біз әруақты, иманды, батыр халықпыз. Мен Сіздермен бақыттымын. Сіздермен биік дәрежеге жеттім.
Мен Жуалыда туып-өсіп, есейіп, оқып, 1969 жылы әскер қатарына аттандым. Әскери сапта 45 жыл болдым. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болдым. Қайда жүрсем де Бауыржан атамның, Шерағаның әруағы қолдасын деп жүремін. Сол тұлғаларымыздың атына, дәрежесіне сай болайық,- деді Бақытжан Ертаев.
Мерейтой иесі бұдан соң туған ауылы Ертай ауылына жол тартты.
Жерлестері Батырды өзі салып берген ауыл мешітінде қарсы алды. Амандық сұрасып, о дүниелік болған ата-анасы мен туған-туыстарының рухына құран бағыштады.
Ауылдағы негізгі шара Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектептің алаңында өтті. Шараны осы ауылдың тумасы, аудандық мәдениет үйінің қызметкері, мәдениет және өнер қайраткері Ришад Қуанышев жүргізді.
Ертайлықтардың туған жерін бір сәт ұмытпаған жерлестері Бақытжан Ертаевқа деген ыстық ықыласын Боралдай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов жеткізді.
Мақсатбек Байболов Батырды мерейтойымен құттықтап, оның туған жерін әрдайым сағынып, жүрегінде әлдидеп жүретінін, ауылына деген қамқорлығын, бірге ойнап, бірге жүрген замандастарын, туған ауылының сай-саласын, тоғайын, бұлағын естен шығармайтынын айтып, ризашылығын білдірді. Ардагер ұстаз Әлия Жақсыбекова Бақытжан Ертаевқа арнаған «Нағыз Батыр қаһарман» атты өлеңін оқып берді.
Батыр Бақытжан Ертаев та сөз кезегін алып, жерлестеріне деген игі тілегін білдірді.
Жерлестерінің атынан Батырдың иығына шапан жауып, «Мырзан» шаруа қожалығының жетекшісі Садық Нұрсейітов ақбозат мінгізді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»