Basty bet
2023 жылғы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (мәмс) жүйесіндегі өзгерістер туралы
Ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері инфляцияның болжамды деңгейін ескеріп, жыл сайын белгіленеді. Осыған байланысты Әлуметтік медициналық сақтандыру қоры биылғы қаңтардан бастап МӘМС үшін кім қанша төлейтінін айтты.
Қорда атап өткендей, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлейтін жарналар мен аударымдар көлемі МӘМС туралы заңда бекітілген және ағымдағы жылы өзгеріссіз қалды. Ал ең төменгі жалақы және айлық есептік көрсеткіш базалық әлеуметтік төлемдерінің мөлшері өсуіне байланысты дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейтін жарна көлемі артты.
1- сұрақ. 2023 жылы медициналық сақтандыру жарналарын кім қанша төлейді?
Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін – жалақының 3% мөлшерінде төлейді. Алайда салық салынатын табыс 10 АЕК (700 000 теңге) аспауы керек, яғни жұмыс берушінің ақша аударымының ең жоғары сомасы 21 000 теңгені құрайды.
Қызметкерлер және АҚС шарты бойынша жұмыс істейтіндер – табысының 2% төлейді. Бұл жерде салық салу объектісі 10 ЕТЖ аспайды, ақша аударымының ең жоғары сомасы14 000 теңгені құрайды.
Жеке кәсіпкерлер – ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы немесе 4 900 теңге төлейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыға азаматтар (БЖТ төлеушілер):
– Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін БЖТ көлемі 1 АЕК құрайды, яғни 3 450 теңге.
– Қалған елді мекендердің тұрғындары үшін БЖТ көлемі 0,5 АЕК құрайды, яғни 1 725 теңге.
Дербес төлеушілер – 1 ЕТЖ 5% немесе 3 500 теңге
Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап арнайы салық режимдерін қолданатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бірыңғай төлем енгізілді.Осы әдіс бойынша барлық міндетті төлемдердің мөлшері жұмыс берушілер үшін 15%, ал қызметкерлер үшін бірыңғай төлем мөлшерлемесінің 10% құрайды. Бұл ретте төлем есептелетін ең жоғары айлық табыс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.
Бұдан бөлек, мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін төлем жасауды жалғастырады.
2- сұрақ. Мемлекет есебінен МӘМС үшін жарна төленетін жеңілдікке ие 15 санат қатарына кімдер және қалай кіреді?
1) 18 жасқа дейінгі балалар. Балаға туу туралы куәлігі табысталған яғни жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) берілген уақыттан бастап «сақтандырылған» болып саналады.
2) Жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар. Мұндай мәртебе алу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде ресми тіркелу қажет.
3) Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер. Аталған жеңілдік санатына ену үшін әйел тіркелген емханада жүктілігі бойынша уақытылы есепке тұруы тиіс. Соңғы 2 айда ол үшін зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болмауы шарт. Жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген және өз қызметін тоқтатпаған әйелдер, сондай-ақ БЖТ төлейтін әйелдер жұмыс істейтін болып саналады және жеңілдік санатына енгізілмейді.
4) Үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін тұлға. Бұл санаттағылар автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады, бірақ ресми түрде жұмыс істемеуі және де олардың атына соңғы 2 айда зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар жасалмаған болуы керек.
5) Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы тұлға. Олар демалысқа ресми түрде шыққан кезде «сақтандырылған» мәртебесін алады.
6) Мүгедек баланы күтіп-бағатын жұмыс істемейтін адамдар. Баланың тиісті құжаттарын дайындаған кезде күтім жасайтын тұлғаның мәліметтері дерекқорға енгізіледі. Кейін автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесін иеленеді.
7) Бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адам. Мүмкіндігі шектеулі жанның тиісті құжаттарын дайындаған кезде күтім жасайтын тұлғаның мәліметтері дерекқорға енгізіледі. Ізінше «сақтандырылған» мәртебесі автоматты түрде беріледі.
8) Зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Бұл жерде мемлекеттен сақтандырылғандардың тізіміне Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы алатындардың ғана енгізілгенін атап өту қажет. Зейнетақыны әлі ресми түрде рәсімдемеген адамдар және басқа мемлекеттерден зейнетақы алатын адамдар жеңілдік мәртебесін ала алмайды.
9) Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар. Бұл жеңілдік санатына ену үшін қамаудағы мекеменің жауапты қызметкері жазасын өтеуші адамның деректерін ақпараттық жүйеге енгізуі қажет.
10) Тергеу изоляторларындағы адамдар, сондай-ақ үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін адамдар. Бұл санаттағы жандар туралы мәліметті уәкілетті органның қызметкерлері жүйеге енгізеді.
11) Жұмыс істемейтін қандастар. «Қандас» куәлігін алған соң, соңғы екі айда МӘМС үшін төлем жасалмаған болу керек. Сонда автоматты түрде жеңілдік санатына енгізіледі.
12) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады.
13) Мүгедектер. Ресми құжаты шыққан кезде, мәртебе автоматты түрде беріледі.
14) Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын тұлғалар. Қазақстанда оқитын студенттер жеңілдетілген санатқа автоматты түрде қосылады.
Бұл жерде шетелдік оқу орындарында күндіз оқитын қазақстандық студенттер МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» тұлғалардың автоматты түрдегі жеңілдік мәртебесін бірден ала алмайтынын ескеру керек. Олар egov.kz электрондық үкімет порталындағы сервисті пайдалана отырып, жүйеде өз бетінше тіркелуі қажет. Ол үшін төмендегі әрекеттерді орындау керек:
– Іздеу жолағына «Шетелде оқитын студенттерді тіркеу» деп теру;
– Ашылған терезеде өтінішті толтыру және оқуды растайтын құжаттарды қоса беру;
– Өтінішке ЭЦҚ көмегімен қол қою;
– Көп жағдайда сақтандырудың жеңілдік мәртебесі жолдарды дұрыс толтырған уақытта 10 жұмыс күні ішінде беріледі;
Егер сақтандырудың жеңілдік мәртебесін беру көрсетілген мерзімнің ішінде жүзеге асырылмаса, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментіне хабарласу қажет.
Студент әрбір семестр аяқталғаннан кейін сақтандырылу мәртебесін тексеруі және оқудың өзектілігін растауы қажет екендігін есінде ұстағаны дұрыс. Өйткені дерекқордағы мәліметтер өзгеруі мүмкін.
15) Жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар. Әлеуметтік төлем тағайындалған кезде «сақтандырылған» мәртебесі автоматты түрде беріледі.
Егер сіз осы 15 санаттың біріне кірсеңіз, бірақ «сақтандырылмаған» болсаңыз, растайтын құжаттар тізімін жинап, Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыруыңыз керек. Ақпарат мемлекеттік органдарға жолданып, тиісті шаралардан соң сізге «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі беріледі және сіз үшін мемлекет жарна төлейді.
Азаматтар үшін fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot жұмыс істейді. Дәл осы байланыс арналары сақтандыру мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ электрондық үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөліміне өтіп, «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС үшін аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге мүмкіндік бар.
3- сұрақ. Қалай тез «сақтандырылғандар» мәртебесін алуға болады?
Қор өкілдері сақтандырылмаған азаматтар МӘМС жүйесінің қатысушысы болу үшін ыңғайлы әрі тиімді тәсіл – дербес төлеуші ретінде алдағы 12 айға жарна төлеуге болатынын атап өтті. Мысалы, 2023 жылдың қаңтарынан бастап сақтандыру мәртебесін алу үшін 2023 жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейінгі әр айға жеке-жеке 3 500 теңгеден төлем жасау керек.
Егер сізде тағы сұрақтар туындаса, өз емханаңыздағы Пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне аласыз. Ал ол жерден мардымды жауап ала алмасаңыз, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесі байланыс арналары арқылы өтініш жібере аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegramдағы SaqtandyryBot. Осы құралдар сақтандыру мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, egov.kz ҚР электрондық үкіметінің сайтында “Денсаулық сақтау” бөлімінде медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеріп, жүргізілген төлемдер туралы “Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ке аударылған сомалар туралы ақпарат” мемлекеттік қызметі арқылы білуге болады.
Жаныгүл Махмудова,
аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар
бөлімінің бас маманы