Basty bet
Электронды темекіні ермек етпе, жас ұрпақ!
Қоғамдағы басты мәселенің бірі жасөспірімдердің зиянды затқа шамадан тыс әуес болуымен байланысты болып отыр. Қазіргі мектеп оқушылары арасында электрондық темекі шегушілер көбейіп келе жатқаны қоғамды алаңдататып отырғаны рас. Жасөспірімдердің жаман әдетке әуестеніп бара жатқанын Мемлекет басшысы да сөз етті. «Электронды темекіге әуес жасөспірімдер жыл санап көбеюде. Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай», – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жасырын істеген әрбір іс-әрекеттің кері әсері болады. Өмірге бір рет ғана келемін, барлық істі байқап көрейін дейтін түсінік қателікке әкеліп ұрындырары айтпаса да түсінікті.
Жалпы электронды темекі алғаш 2003 жылдан шығарыла бастаған. Электронды темекіні патенттеген қытайлық фармацевт Хон Лик. 2004 жылы Хон Лик Қытай нарығында, сосын халықаралық деңгейде осындай өнім шығаратын және сататын алғашқы адам болды. Темекінің құтысы кішкентай, иісі шықпайтын болған соң оған жастар қызығып, шылымның шырмауына байланады. Түрлі тәтті иістер қосылғандықтан барлығы жаппай сатып алды. Электронды темекінің зияны жайлы қанша айтылса да, бізде шылым шегетіндердің саны азаяр емес. Керісінше, түрлі дәммен «Вейп», «IQOS» (айкос), «Снюс», «Паучи» сан алуан түрі сатылуда. Ата дәстүрімізде жоқ, жаман әдет біздің ұлтқа қайдан келді? Жасанды шылымның адам ағзасына қаншалықты зиян екенін жастардың білгені жөн.
«Снюс» – түтінсіз темекінің бір түрі. Мамандардың айтуынша, оның құрамында никотиннің мөлшері темекімен салыстырғанда бірнеше есе көп. Мәселен, 1 дана темекіде – 1,5 миллиграмм болса, «снюста» – 20 миллиграмнан 250-ге дейін болуы мүмкін. Ал «паучиды» еріннің астына салып тартады екен. Айта берсек, бұл заттың адам өміріне тигізер залалды зияны көп. «Жасанды шылым қауіпсіз бе?» деген сұрақтың жауабын осыдан-ақ аңғара беріңіз.
Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Бұл бала тәрбиесінің әрбір отбасынан бастау алатынын көрсетеді. Сондықтан ата-аналарға айтарымыз, балалардың тәрбиесіне көңіл бөлейік. Үйде балалармен тұлға ретінде сөйлесіп, электронды темекінің денсаулыққа зиян екенін түсіндіріп, санасына сіңіру керек. Екіншіден, кәсіпкерлер, дүкендегі сатушылар да баланың денсаулығына зиянды заттарды сөрелерден алып тастаса дұрыс болар еді. Бүгін сіздер пайда табамын деп біреудің баласына темекі өнімін сатарсыз, ертең сіздің де балаңыз сол кеселді барып басқа біреуден сатып алмасына кім кепіл?! Біз бұлай өскелең ұрпақтың болашағына балта шаппауымыз керек. Әрине, әр дүкеннің алдына, әр балаға қадағалаушы қоя алмаймыз. Бір ғана жолы бар. Ол тәрбие арқылы, әр баламен түсіндіру жұмысын бірге жүргізе отырып шешу. Аталған мәселе бойынша аудан мектептерінде қандай тәрбие жұмыстары жүргізіліп жатқанын білу мақсатында мектептерге хабарласуды жөн деп санадық.
Осыған орай аудандық білім бөліміне қарасты барлық мектептерде ата-аналар жиналысы өтіп, онда жоғарыдағы айтылған өзекті мәселелер қызу талқыланып жататынынан хабардар болдық.
Біз аудан орталығына жақын орналасқан Ақсай ауылдық округіндегі №2 Мыңбұлақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Махаббатқызына хабарласқан едік. Оның айтуынша, аталған мектепте тәрбие процесі қазіргі уақытта біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.
-Қазіргі уақытта ақпараттар ағыны да өте көп. Соның ішінде электронды темекі деген өзекті проблема десе де болады. Жас ұрпаққа темекі қазіргі таңдағы адамзаттың басты проблемасы екенін, оның зиянды жақтарын түсіндіру, ғасыр дертіне айналып отырған кеселдердің залалын жан-жақты талдау, зиянды заттардан барынша аулақ болуға шақыру, сана-сезімдерін дамыта түсу ата-ананың, мектептің де басты міндеті.
Осы өзекті тақырып аясында үнемі түсіндіру, ақпарат, кеңес беру түрінде сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер өтеді. Аудандық аурухананың мамандарымен кездесулер де ұйымдастырылады. Ата -аналармен түсіндіру, алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Жүз жылға жуық тарихы бар қазақ мектебінің дана қарттарымен де кездесулер ұйымдастырылады,- дейді Роза Мұратаева.
Ал, Қарасаз ауылындағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рәтбек Дарханов мектеп пен ата-ана арасындағы тығыз байланыс пен атқарылған жұмыстар жайында айтып өтті. Онымен қоса вейп электронды темекінің бала өміріне қауіпті екенін, оларды тұтынуға болмайтынын үнемі сынып сағаттарында және ата-аналар жиналысының барысында айтылып отыратынын тілге тиек етті.
Мектепте саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында сынып оқушылары арасында дәрістер өтіп тұратынын алға тартты. Ғасыр дерті болып отырған зиянды нәрселерден аулақ болуға шақыратын тәрбие жұмыстары аталған мектепте жиі өткізіледі. Осындай тәрбие жұмыстарының нәтижесінде мектепте электронды темекіге әуес оқушылардың жоқтығы көңіл қуантады. Бұл біз хабарласқан аудандағы екі мектептің берген мәліметі ғана.
Дегенмен, дүкендерде зиянды заттардың мектеп оқушыларына сатылмауын барынша қадағаланса деген ұсынысымыз бар. Ой-санасы дамыған, адамгершілік және дене тұрғысынан саламатты, мәдениетті тұлғаны жан-жақты қалыптастыруды көздеген тәрбиенің мәселелері мектепті де, ата-ананы да, жалпы қоғамды әрқашан толғандыратыны анық.
Қорыта келгенде айтарымыз, бала тәрбиесі тек мектептің ғана шаруасы емес. Бұл мәселені «сенікі, менікі» деп те әр жаққа тартуға болмайды. Ұрпақ тәрбиесі – қай кезде маңызды мәселе. Өскелең ұрпақ көк түтіннің шырмауында қалмасын десек, қазірден бастап электронды темекіден бас тартуымыз керек. Болашақ өзіміздің қолымызда. Адамзатқа індет болған жаман әдетке әуес болмай, саламатты өмір салтын ұстанып, жарқын өмірге қадам басайық. Осыны қаперден шығармай, электронды темекіні ермек қылма, жас ұрпақ!
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»