Бүгінде ауыл-аймақтарда үй іргесіндегі жерін табыс көзіне айналдырмаса да, отбасының қажетіне жаратып отырғандар көп. Олар бақшадан алған өнімдерді ешқайда апарып өткізіп, пұл етпесе де, үй-ішінің, бала-шағасының ішім-жеміне жаратады, керісінше, көкөністер сатып алуға отбасы бюджетінен артық теңге шықпайды.
Жалпы, іздегенге бақша өнімдері, көкөністер мен жемістер базарларда самсып тұр. Дегенмен де өзің егіп, оны күнделікті өз қолыңымен күтіп-баптап, уылжып піскенде бала-шағаң мен немерелерің бырт-бырт үзіп, жұлып жеп жүргеніне не жетсін! Әрі десе табиғи таза, қазір үзілген жеміс дәрумендерге бай болады, шырынды болып келеді, пайдалы элементтерді бойына көп сақтайды.
Ал, үй іргесіндегі бақшалық жерден жеткілікті өнім алып, оның артылғанын өткеріп, аз-кем пайда тауып жүрген, босалқы жер қорының есебінен жер көлемін ұлғайтып, алынатын өнімді де еселей түсуге ниеттенген бағбандар не істемек? Оларға мемлекет тарапынан қандай да көмек-қолдау бар ма?
Осы және басқа да сауалдарды біз аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Қадырхан Жарасұлына қойған едік.
– Қадырхан Жарасұлы, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың жер қатынастары саласындағы мәселелерді реттеу мақсатында 2022 жылға бекіткен бес индикаторлық көрсеткіштің біреуі, яғни, босалқы жер қорынан егістік жерлерді қайта айналымға енгізу мәселесі. Бұл индикаторлық тапсырма өңірде қалай орындалмақ?
– Айта кетерлігі, осы индикаторға сәйкес биыл өңірде ауыл маңындағы бес шақырымдық радиустағы 15 582 гектарды қайтару, босалқы жерлер санатындағы 2096 гектар жайылым жерлерді елді мекенге қосу, 0-50 гектар аралығындағы 535 гектар жерді конкурсқа шығару жоспарланған. Сонымен бірге жыл соңына дейін игерілмеген 7 618 гектар жер босалқы қорға қайтарылуы қажет.
Бүгінгі күнге 2022 жылы аудан әкімдігінің қаулысымен нысаналы мақсатында пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 1 795 гектар болатын жеті жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды.
ҚР Жер кодексінің 48-бабына сәйкес босалқы жер қорынан егістік жерлерді қайта айналымға енгізу мақсатында мемлекеттік жер қорындағы егістік жерлерге жерге орналастыру жобалары әзірленуде, жыл соңына дейін индикаторлық жоспар орындалатын болады.
– Аталған индикаторда ауданда бақша шаруашылығын жүргізу үшін «конкурссыз» жер беру жоспарланған. Бұл мәселе іс жүзінде қалай шешімін таппақ?
– Ия, облыс әкімімен жыл соңына дейін «конкурссыз» бақша өсіру үшін азаматтарға 54 жер телімін беру индикаторы белгіленген.
ҚР Жер кодексінің 48, 50, 102-баптарында бақша өсіру үшін «конкурссыз» ауылдық елді мекендердің жерінен және босалқы жерден бақша өсіру үшін уақытша өтеусіз мерзімге Қазақстан Республикасының азаматтарына 1,0 гектардан аспайтын көлемде беру көзделген. Бақшалық жерлер жері жоқ азаматтарға беріледі. Мұны аудан халқының әл-ауқатын арттыру, әрі десе отбасының тұрмыстық табысын еселеу мақсатында жасалып жатқан шара деп түсінген жөн.
Аудан әкімдігі жанынан құрылған жер комиссиясының таяудағы кезекті отырысында жеке тұлғалардан бақша өсіру үшін түскен 49 өтініш қаралып 3 жыл уақытша өтеусіз мерзімге беру туралы оң қорытынды қабылданған. Бұдан бөлек жыл басынан бақша өсіру үшін 5 жер телімі берілген. Жыл соңына дейін тағы 10 жер телімін беру жоспарлануда.
Жалпы, бағбандардың бақша шаруашылығын дамытуға ықыласы құптарлық. Сондықтан да, алдағы уақытта бөлінген бақшалық жер көлемін 100 гектарға дейін жеткізу жоспарда бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»