Ауыл шаруашылығы саласында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту еліміз үшін маңызды мәселелердің қатарына жатады. Себебі, жыл өткен сайын әрі әлемде орын алып отырған экологиялық бұзылыстарға байланысты азық-түлік қауіпсіздігі стратегиялық мәселеге айналып отырғаны жасырын емес. Сондықтан, қамданғанның қапы қалмайтынын ескерсек, бұл саланың дамуына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлгеніміз дұрыс болмақ.
Біз қозғап отырған тақырып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ерекше назарындағы мәселе. Аграрлық саланың маңыздылығы соншалық, бұл мәселе Президенттің халыққа арнайтын дәстүрлі Жолдауларынан да айқын көрініс тауып отыр.
Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы жаңа Жолдауында да бұл мәселе туралы жан-жақты айтылып, тапсырмалар де берілді.
«Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс.
Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек.
Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы.
Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды.
Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет»,- деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Біздің айтпағымыз, Президент Қ.Тоқаевтың пікірінше, қазіргі таңда еліміз үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды міндет болып отыр. Алдыңғы жылдары пандемияның өршіп, халықтың табысы азайған кезде азық-түлік бағасы арзандай түсудің орнына, керісінше, бірнеше есеге қымбаттап кетті. Мемлекеттік органдар тарапынан бағаларды ұстап тұру, оның ішінде, сауда желілерін жеңілдікпен несиелеу және сауда үстемелерін орнату сияқты қабылданған шаралар оң нәтиже берген жоқ. Соның салдарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы едәуір өсіп отыр.
Халыққа ең керегі – азық-түлік. Азық-түлік қымбаттай бастаса, халықтан да маза кете бастайды. Бәрі бір-бірімен байланысты дүние болғандықтан, қазір халық пен нарық та егіз ұғымға айналды. Бірінсіз бірі жоқ. Сондықтан халық пен нарықтың арасындағы көзге көріне бермейтін байланыстарды реттеп алмай жатып, азық-түлік бағасын бір жүйеге түсіреміз деу бос әурешілік сияқты.
Асыраушы саланың өзегі саналатын ауыл шаруашылығы саласын дамыту ісі қай кезеңде де аса маңызға ие болып қала береді. Бұл да сөз басында айтылған азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты мәселе. Азық-түлік қауіпсіздігі мен бағаның қолжетімділігі мал шаруашылығымен де тамырлас әрі өзектес екені айдан анық.
Ал қыс мезгілі алты айға созылатын біздің Жуалы ауданында мал қыстату және мал төлдету науқаны аса маңызға ие шаруалардың бірі. Себебі, қытымыр қыстан төрт түлікті қысылдырмай шығару, қыста туған жас төлдерді шығынсыз бағып-қағып, көктемдегі көкке іліндіру жұмыстары – малшы үшін ең қиын да жауапты кезең.
Қазір таулы Жуалы ауданында мал қыстату науқаны басталды. Өңірде жыл өткен сайын мал басы санының артып келе жатқанын ескерсек, бұл біз үшін өте маңызды әрі аса жауапты науқан саналады. Оның ішінде, соңғы есеппен мүйізді ірі қара малдың басы 50 мыңға жуықтады. Шақпақ ауылдық округіне қарасты Амансай ауылында орналасқан «Қуаныш» шаруа қожалығының бір өзінде ірі қараның басы 80 басқа жуықтап, оның ішінде сауынды сиыр 70 басты құрап отыр. Мұның бәрі бір күнде бола салған дүние-байлық емес, әрине. Малдың басын осыншамаға жеткізу үшін қожалық басшылары мен мүшелерінің күндіз-түні еңбектеніп, маңдай терінің тамшылағаны анық. «Еңбек түбі – береке» деген осы болса керек.
«Қуаныш» шаруа қожалығы еліміз етек-жеңін енді жинай бастаған тәуелсіздіктің елең-алаң жылдары, дәлірек айтқанда, 1996 жылы құрылды. Шақпақата ауылындағы бұрынғы үлкен ұжымшардан еншісін алып, бөлініп шыққан алғашқы кезеңдерде аяққа тұрып кету оңай болған жоқ.
– Алғашында небәрі 5 гектар ғана жеріміз ғана болатын. Техника деген атымен болған жоқ. Жеріміз кейіннен 11 гектарға жетті,- деп еске алады шаруашылық мүшесі Шыңғыс Көпбаев.
Ізденіс түбі – игілік. Еңбек түбі – береке. Міне, қазіргі таңда шаруашылықтың жер көлемі 100 гектарға жетіп жығылады. Оған жыл сайын тек қана мал азығы егіледі. Осыншама егістік алқабының 40 гектарына жоңышқа және эспарцет, қалған 60 гектарына ақ егістен күздік бидай және жаздық арпа дақылы егіледі. Мұның бәрі мал азығы үшін күтіп-бапталатын жұғымды дақылдар.
Алғашында аз ғана ірі қарамен жұмыс бастаған шаруа қожалық 2010 жылдан асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға біржолата бет бұрды. 2010 жылы шаруашылық мемлекет тарапынан «Сыбаға» бағдарламасымен үш миллион теңге жеңілдетілген несие алып, сауынды сиырдың басын молайтуға нақты қадам жасай бастады. Бүгінде шаруашылықта 80 бас қазақтың байырғы тұқымды сауынды сиырлары бар. Бұл сиырлар суыққа төзімді әрі жергілікті өңірдің табиғатына бейім келеді.
Сауынды сиырлар көктем мен күз айлары аралығында жайылым маусымы кезінде Амансай ауылының маңындағы жайлауда тұрақтаса, қыстың күндері қолға қарап, ауладағы жылы қораларда бағылады. Қолдағы мал тұқымын асылдандыруда агроқұрылымның атқарып отырған жұмысы басқаларға үлгі деуге болады. Малдың жайын жақсы білетін қожалық мүшелері ұзақ жылдан бері аудандағы «Гамбург» ЖШС және Меркі ауданындағы бірқатар асыл тұқымды шаруашылықтармен өзара тиімді жұмыс жасап келеді. «Қуаныш» ШҚ бұл шаруашылықтардан асыл тұқымды бұқаларды тұрақты түрде сатып алып отыр.
Малды жыл он екі ай күтіп, одан мол сүт сауу үшін және сапалы төл алу үшін де оларға ең алдымен жылы әрі жайлы орындар керек екені белгілі. «Қуаныш» шаруа қожалығының иелігінде мұндай жылы қоралардың бірнешеуі бар. Бірі сауынды сиырлардың күнделікті тұратын әрі жемшөп салынатын бөлек орын болса, енді бірі туған сиырлар мен жас бұзауларды уақытша күтіп ұстайтын жылы сарай. Біріншісінде сауынды сиырлар күнделікті бағылады және жем-шөбі және суы осында беріліп, осында сауылады. Ал екіншісіне жаңа төлдеген сиырлар бұзауларымен бірге бөлінеді. Айтпақшы, жас төлдің де күтімі де оңай емес. Қожалық басшысының айтуынша, жаңа туған бұзаулар 10-15 күндей енесінің бауырында болып, сүтін емсе, кейіннен енесінен ажыратылып, үш айдай сүт ішіп, одан кейін біртіндеп жем-шөпке үйретіледі екен.
«Сиырдың сүті – тілінде» демекші, жұғымды азық қорын бермей, сиырдан да мол сүт сауа алмайтынымыз анық. «Қуаныш» шаруа қожалығы сауынды сиырдың қыстық азық қорын ерте көктемнен бастап ойластырады. Ол үшін иелігіндегі егістік жерлерге арпа, бидай, мақсарымен бірге, жоңышқа, эспарцет егіледі. Оны арнайы техникалармен тайлап немесе турап, уақтылы жинап алады. Арпаны да уақтылы қамбаға құйып, оны дәнтартқышпен майдалап турап, сауынды сиырлар мен бордақы малдар қолға қараған кезде бере бастайды. Орта есеппен алғанда, шаруашылықта әр сиырдан 16 литрден сүт сауылуда. Өндірілген сүт күнделікті аудан орталығындағы «АҚМОЛ» ЖШС-ның сүт өңдеу зауытына тиімді бағамен өткерілуде. Шаруашылық сүттің әр литріне берілетін мемлекеттік субсидияны да алып отыр. Бұл да шаруашылық жұмысын ілгерілетуге үлкен көмек.
«Қуаныш» ШҚ-ның мүшесі Шыңғыс Көпбаев бұрын облыс орталығында «Асылдандыру-Тараз» ЖШС-ында біраз жыл оператор болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда бұл мекемедегі жұмысынан қол үзіп қалса да аталған серіктестікпен іскерлік байланысын үзген жоқ. Өйткені, малды асылдандыру ісінде тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңестері керек-ақ. Бұрын бұл шаруашылықтағы сиырлар көбінесе «Асылдандыру-Тараз» ЖШС шығарған өнімдерімен қолдан ұрықтандырылатын. Бұл жаңа үрдіс өз кезегінде жемісін де берді.
-Ғылыми жолмен жасалған бұл жұмыстар өзінің оң нәтижесін берді. Сиырлар белгілі бір уақытта ғана емес, ұрықтандырудың мезгіліне қарай кезегімен жылдың кез келген мезгілінде төлдей береді. Бұл бір жағынан сүтті көктем мен күз айлары аралығында ғана емес, жыл бойы тұрақты өндіріп, аудандағы сүт өңдеу зауыттарын сүтпен қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді,- дейді шаруашылық басшысы.
Өзіміз көргендей, бұл қожалықтағы жаңа туған бұзаулар жай бұзауларға қарағанда анағұрлым ірі. Тұрақты күтім мен бағымына қарай төлдердің жетілуі де тез болатын көрінеді. Шаруашылықта бағылған бұзаулар ересек болған соң еркек төлдері бордақыға байланып, ал аналық бастары кәрі сиырлардың орнын басады. Малдың басы да осылай өз төлінен көбейтіліп отыр. Шаруа қожалық ауылдың екі азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын да айта кеткен ләзім.
Мал шаруашылығымен айналысқандарға мемлекет тарапынан қолдаулар аз емес. Аталған саланы дамытуда проблемалардың да бар екенін жасыра алмаймыз. Алайда «Қимылдаған қыр асады» демекші, тәуекелге бел буып еңбек еткен азаматтардың несібесіз қалмайтыны анық. Біз әңгіме еткен «Қуаныш» шаруа қожалығы ет және сүт өндірісін дамыту бағытында ірі қара сатып алу үшін мемлекеттік бағдарлама аясында несиемен қамтылса, өздері де талпынып мал басын көбейтіп, шаруашылықты дамыту бағытында аянбай жұмыс жасау үстінде.
«Еңбек түбі – береке» дейтін қағиданы ұстанып, еңбектің арқасында еңсесі мен тірлігін тіктеп, отбасылық бизнесін дамытып отырған «Қуаныш» шаруа қожалығының жұмысы өнімді әрі көпке үлгі.
Сауынды сиырдың басын көбейту арқылы сүттен бұлақ ағызған шаруашылық шын мәнінде ауыл шаруашылығы саласында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға сүбелі үлес қосып отырған іргелі агроқұрылымдардың қатарына жатады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»