Basty bet

Отбасы – Отанның ұясы!

Ал отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – өте маңызды мәселе

Тәуелсіздіктің және біз өмір сүріп жатқан қоғамның ең басты құндылығы ол – адамның бостандығы. Адамның және адамзаттың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау – Конституциялық заңдылықтың басты талабы.
Зорлық-зомбылық – жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, (тәндік және рухани мағынада) туралы азаматтардың құқын бұзатын бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуінен туындайтын әрекет. Түрлі тәсілдермен ұрып-соғу, дене жарақатын салу, азаптау (азапқа салу және денсаулыққа зиян келтіру); адам психикасына (жүйкесінің тозуы немесе тіпті, жынданып кетуін тудыруы мүмкін) қорқыту, тәнге жарақат салу қатері жолымен ықпал ету және т.б. Зорлық-зомбылықты қолдану арқылы жасалған қылмыс өз кезегінде қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын мән-жай болып табылады.
Жалпы қоғамның дамуында отбасы және ұрпақ тәрбиесінің алатын орны ерекше екенін жақсы білеміз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген бабалар ұлағатын ұстансақ, жас ұрпақ және бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор. Отбасының берік те бақытты болуы үшін ең бірінші кезекте жұбайлардың арасында өзара сыйластық пен сүйіспеншілік керек.
Отбасындағы зорлық-зомбылық – қоғамдағы басты мәселенің бірі. Әйелдер қауымы бұл жағдайда жиі зардап шегетіндердің қатарына жатады. Халқымыздың қалыптасқан менталитетінде көптеген қыз-келіншектер отбасындағы зорлыққа шыдап, оны көп жағдайда жасырып қалуға тырысады. Мұндай жайттар денсаулықтың бұзылуына, түрлі күйзеліске, балаларының мінез-құлқының дұрыс қалыптаспауына, тіпті, соңы өлімге алып келеді. Осындайда «ұят», «қорқыныш» деген ұғымдарды өз жөнімен пайдалансақ игі болар еді.
Отбасында қысым көрген әйелдер көбінде орталықтың көмегіне жүгінудің орнына өзінің туыстарының немесе ата-анасының үйіне барып, мұңын шағады. Бұл – қате. Қайта орталыққа келіп, әйелдер психологіне және балаларыңызды балалар психологіне жүгініп, кеңес алсаңыздар нәтижесі де оң болады.
«Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығында» қызмет алушы әйелдер алты айға дейін тұруына болады. Мұнда үш мезгіл тегін тамақ, жатын орны да қарастырылған. Одан бөлек, орталық мамандарының басты міндеті – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған ана мен бала құқығын қорғау, қолдау. Сонымен қатар, зорлық көрген әйелдер қашан аяғынан тік тұрып кеткенше, облыс ортағында орналасқан «Үміт» аталатын балалар үйіне уақытша балаларын өткізуіне болады. Сондай-ақ, әлеуметтік медициналық, психологиялық, педагогикалық, экономикалық, құқықтық, мәдени және әлеуметтік еңбек көмектерін көрсетеді
Аудандық әлеуметтік-психологиялық кеңес беру кабинетіне консультацияға келген аналар мен балалардың жеке басының құпиялары міндетті түрде сақталады. Қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге дұрыс шешім қабылдауына қажетті кеңес айтып, жағдайды ақылмен саралауға мүмкіндік береді. Әрине, соңғы шешімді өздері қабылдайды.
Жуалы аудандық әлеуметтік-психологиялық кеңес беру кабинетінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесшісі – Әлия Шәмшиева, психолог Жанерке Әмірбек, Жуалы АПҚБ ӘЗЗҚ-ның аға инспекторы, полиция майоры Диас Үсіпбаев және аудандық ардагерлер ұйымы жанындағы Б.Момышұлы ауылдық билер кеңесінің төрағасы Шора Искаковпен бірлесе отырып «Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» мақсатында ауданға қарасты мекеме қызметкерлерінің арасында және ауылдық округтерге, атап айтқанда, Б.Момышұлы ауылы, Қарасаз, Шақпақ және Нұрлыкент ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесулер өткізілді. Бұл бағытта ағымдағы жылдың аяғына дейін ауданға қарасты басқа да ауылдық округтердің тұрғындарымен кездесу өткізу жоспарымызда бар.
Ер азамат үйдің иесі, Отанның қорғаушысы болса, ал әйел – үйдің құты, шаңырақтың шырақшысы. Әлемдегі қай халық болсын, олардың жалпы әйел затына ықыласпен қарағанын байқаймыз. Қазақ халқының ұғымында да Әйел-Ананың орны ерекше. Осынау жаны нәзік жандарды «Ана» деп құрметтеп, қарындас деп еркелетіп отырған.
Ер азаматтың тірегі, қамқоршысы болған әйелдер – қамыққанда сүйеу, тарыққанда тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білгені тарихтан белгілі. Сондықтан да әрбір отағасы отбасының берекесіне, балалардың анасына, жалпы ұрпақты тәрбиелеуші Әйел-Аналарға қамқоршы, қорған болуы тиіс.
Ұлы ойшыл, ақын Абай атамыз өсиет еткендей, әрбір азамат «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» пәрменімен әрекет қылғаны абзал.

Әлия ШӘМШИЕВА,
«Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-
зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының» Жуалы аудандық кеңес беру кабинетінің әлеуметтік жұмыс
жөніндегі консультанты

Таңдаулы материалдар

Close