Basty bet

Қазақ тілін қадір тұтқан өзге ұлт өкілдері

Дархан даласындай көңілі кең Қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басып келеді. Бір шаңырақ астында бірлік пен татулықты ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы өзге елдерге үлгі боларлық. Оның үстіне, соңғы жылдары өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылық артқан. Олар тілді меңгеру арқылы халқымыздың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақынырақ танысып келеді. Сондай-ақ олардың күнделікті өмірі мен білім алуына қазақ тілін жетік меңгеруінің көп көмегі тиіп жүр екен. Жақында қазақ тілін еркін меңгерген №16 Жуалы колледжінің үш білімгерімен сұхбаттасқан едік.

Қазақ тілін туған тіліндей меңгерген өзге ұлт өкілдерінің бірі Телли Ескендірова. Ол №16 Жуалы коллеждінің 1-курс білімгері. Қазіргі таңда аспаз мамандығында оқиды. Көпбалалы отбасынан шыққан Телли үйдің үлкені. Қосмұрат ауылында туып, мектепті қазақ сыныбында 9 сыныпқа дейін жақсы деген бағамен оқыған. Қазіргі таңда Телли колледждің үздік білімгері.
Өмірде жан-жақты болуды жаны сүйетін Телли көпұлтты отбасында дүниеге келген. Әкесі әзірбайжан болса, анасы өзбек. Ұлты бөлек болғанымен ойы қазақ Теллидің айтуынша, тілді жетік меңгеру үшін ең алдымен адамға қажеттілік керек. Өйткені, сол тілге күнің қарамаса, оны үйрену де мүмкін емес. Одан соң оны қолданысқа енгізбесеңіз, тілді үйренуге жұмсалған күш пен уақыт құр босқа кетеді.
– Мамандығымды өте жақсы көремін, колледжде шәкіртақы да алам, ұстаздарым да ұнайды. Мен әзірбайжан, өзбек, орыс, түрік, қазақ тілдерінде сөйлей аламын. Өзге ұлттар арасында түрлі іс-шараларға қатысып облыстық, аудандық жарыстарда бірінші орын иеленгенмін.
Колледжге алғаш келгенде өзге ұлттар арасында жарысқа қатысып бірінші орынды алдым. Негізі үйде анам өзбекше сөйлейді, әкем өз тілінде сөйлейді мен қазақ тілінде сөйлеймін. Себебі, өзіме ыңғайлы. Қазақ достарым да көп.
Қазіргі кезде маған қазақ тілін білгенімнің көп пайдасы тиіп жүр. Өйткені адамдар көпшілігі аузы екі тілде сөйлей алса да, мәтін жаза алмайды. Мен екі тілде де жаза беремін,– дейді Телли.
-Қазір менің алдымда екі мақсат тұр: оқуымды аяқтап жақсы аспаз атану. Өзі кәсібімді ашып, бауырларымды аяққа тұрғызу керек,-дейді Телли.
***
Ольга Цепкова “Қазақстанда тұрамын” деген сөздің мағынасын түсінген әрбір адам міндетті түрде қазақ тілін үйрену керек деген ұстанымда. Қосмұрат ауылының тумасы қазақ сыныбында 1 сыныптан бастап оқыған. Сөйтіп, уақыт өте оның мемлекеттік тілге деген қызығушылығы арта түскен.
– Біріншіден, сабақ берген мұғалімдерім өте жақсы болды. Менің отбасымда ешкім қазақша сөйлемейді. Мемлекеттік тілді үйренуіме ұстаздарым мен достарым көмектесті, – дейді ол.
– Әр баланың өз арманы болатынындай менің де арманым бар. Ол танымал, білікті аспаз болу,- дейді Ольга. Ольга сабақтан тыс уақытта қазақ тілінде газеттер оқып, теледидардан түрлі бағдарламалар көріп, тілдік қорын молайтуда.
– Әлі де қазақ тілін толық меңгерген жоқпын. Сондықтан көп оқып, ізденуім керек,-дейді ол.
Қосмұраттық Ольга Анатольевна 9 сыныпты аяқтаған соң, №16 Жуалы колледжіне оқуға түседі. Ольга әлеуметтік желілердегі парақшаларында жазбаларын көбінесе қазақ тілінде жазады. Оның жазған ой-пікірлерінен еліміздің патриоты екенін де байқадық.
– Күнделікті жаңалықтарды қазақ тілді сайттардан оқимын. Өзіме қажетті ақпараттарды да осы тілде аламын. Уақытым болғанда теледидардан қазақ тілінде бағдарламаларды көруге тырысамын. Сонымен қоса, әлеуметтік желілердегі қазақ тілді достарымның жазбаларын оқып отырамын, – дейді ол.
Көпшілік жерлерде орыс қызының қазақша сайрап тұрғанын көргендердің ішінде әлі де таңғалатын азаматтардың барын айтады. Бірақ Ольга бүгінде қазақ тілінде сөйлеу көпшілікті таңқалдыратын дүние емес, ол міндеттіміз деп есептейді.

***
Әлия Урунбекова 2005 жылы Көлбастау ауылында дүниеге келген. Әлияның әкесі қазақ, анасы орыс. Ол электро-монтер мамандығы бойынша 1 курс білімгері.
-№13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепті бітірген соң Тараз қаласына шаштараз болуға бекініп арнайы оқытатын орталыққа оқуға түстім. Оқуымды отбасылық жағдайыма байланысты аяқтай алмай ауылға келдім. 2023 жылы №16 Жуалы колледжіне оқуға түстім. Арманым – шаштараз болу. Өзімнің салоным болса деп армандаймын. Топта 16 білімгер оқимыз. Барлығының арман мақсаттары бар.
Отбасымызда барлығы орыс тілінде сөйлеседі. Өзім де орыс сыныбын бітіргенмін. Бірақ достарым қазақ болған соң қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Мұнда мен тіл үйренушілерге қазақ тілінде әңгіме айтып, қазақ халқының салт-дәстүрлері жайында айтып отырам. Менің күнделікті өмірімде қазақ тілін білгенімнің көп көмегі тиіп жүр,- дейді ол.

Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close