Basty bet
Елімізде кассациялық сот ашылды
01.07.2025 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевтың қатысуымен кассациялық сот салтанатты түрде ашылды.
Мемлекет басшысы Судьялардың IX съезінде сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейтуге, инвестициялар мен бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ әділеттілік және заң үстемдігі қағидаттарын жүзеге асыруға бағытталған сот реформасының маңыздылығын ерекше атап өткені белгілі.
Бұл реформаның негізгі элементі – кассациялық соттардың енгізілуі.
Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, кассациялық соттың ашылуы сот жүйесі дамуының жаңа кезеңін білдіреді және мемлекеттің сот төрелігінің жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге ұмтылысын айғақтайды.
Жоғарғы Соттың төрағасы кассациялық соттар еліміздегі «Заң және тәртіп» іргелі қағидатын бекіте отырып, заң үстемдігін қамтамасыз етудің тиімді буынына айналатыны анық екенін айтты.
Елімізде өз жұмысын бастаған үш жаңа кассациялық сот, яғни әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі соттардың негізгі рөлі – заңды күшіне енген сот актілері бойынша істерді қайта қарайды. Сот қателіктерін анықтап, оларды түзетуге бағыттау – жұмыстың бір тармағы. Ал оның кадрлық құрамында ел бойынша іріктелген тәжірибелі судьялар бар.
Қазіргі таңда 75 судья сыннан сүрінбей өткен. Одан бөлек, Жоғары Сот Кеңесінде судьяларды іріктеу мен мансаптық өсу жүйесі оңтайландырылған.
Енді аппеляциядан әділдік таппағандардың шағымы 6 ай ішінде қаралады. Әр істің байыбына барып, мән-жайды мұқият бағамдау үшін шағымдар азаматтық, әкімшілік не қылмыстық бағыттың бірінде зерделенеді.
Кассациялық соттар Астана қаласында жасақталып, барлық өңірден келген шағымдарды қарайды. Бұл жергілікті заң органдарымен ымыраластыққа жол бермеу үшін жасалып отыр. Осыған дейін азаматтар аппеляция шешімімен келіспесе, іс Жоғарғы сотқа өтіп, шағымдардың 25 пайызы ғана қаралған. Енді арыз-талап және сот процесі кезінде болған кемшіліктер назардан тыс қалмайды.
Кассациялық сот үш бағытта жұмыс істейді. Ендігі кезекте адам өлтіру, алаяқтық, ұрлық, есірткі айналымы, жемқорлыққа қатысты шағымдар Қылмыстық істер жөніндегі бағытта қаралады. Ал еңбек дауы, алимент, коммуналдық қызметтер, несиеге байланысты шағымдар Азаматтық істер бөлімінде зерделенеді. Ал басқа да даулы мәселелер Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотта шешіледі. Қазір осы бағыттарда жұмыс істейтін 75 судья іріктелді.
Нақты критерийлер енгізіліген. Кассациялық сотқа өтетін судьялар міндетті түрде сот ретінде 8 жыл жұмыс істеуі керек. Оның ішінде 3 жыл аппелециялық сатыда сот болып істеуге міндетті.
Бұған дейін шағымдар осынша уақытта қаралуы тиіс деген талап болған жоқ. Енді кассациялық соттан жауап жарты жыл ішінде келеді. Арызды апелляция шешімін шығарған сотқа барып жазу керек.
Жазира Оралова,
аудандық Сот әкімшісінің
бас маманы-сот отырысының хатшысы