Basty bet
Әкенің орны бір бөлек…
Қазақ қоғамында әкенің орнын «асқар тауға» балап жатамыз. Расында солай. Тіпті көнеден келе жатқан «әке көрген – оқ жонар» дейтін тәмсіл де бар. Осы тәмсіл-ұғымды тарқатар болсақ, оның тәрбиелік мазмұны тым тереңде жатыр.
Сол сияқты бабаларымыз «жақсы әкенің абыройы жаман ұлды қырық жыл асырайды» дегенді көп айтады. Яғни еліне, жұртына, ағайын-туғанға, отбасына қайыр жасап, әділеттің ақ туын жықпаған, келелі кеңестерде кемел шешім айтып, бұқараға жаққан, иман ахуалы толық, адамгершілік қасиеті мығым, ең бастысы, ақ пен қараны, жау мен досты айыра білетін, сол арқылы болашақ заман бағамын бажайлап, елдің тағдырын жеке бас мүддесінен биік қойған әкені, яғни кемел адамды жалпақ жұрт сыйлайтыны әмбеге аян. Ендеше, осындай тұлғаның ұрпағы болу бір бақыт емес пе?!
Десек те қазіргі таңда қалқалауға болмайтын тағы бір шындық отбасындағы әкенің рөлі отанасына байланысты. Ақылды әйел күйеуінің мәртебесін бала-шағаның алдында биік ұстау арқылы, шаңырақ тәрбиесі мен әулет бірлігін сақтай алады. Халқымыздың «жақсы әйел жаман еркектің басын төрге сүйрейді, жаман әйел көрге сүйрейді» деген сөзі бекер емес.
Осы орайда, мына бір оқиға ойымызға орала береді. Тіпті бертінде болған көрінеді. Кеңес өкіметі әбден кемелденген шақ болса керек, ауылға айбар, қоғамға сыйлы бір азамат толыспай жатып дүние салыпты. Оның артында ақылды да, арлы әйелі және едел-жедел өсіп келе жатқан үш ұлы қалыпты. Отбасында отағасының рөлі мен орнын жақсы білетін отанасы ұлдарына жақсы әкенің орнын ойсыратпас үшін тамаша сауабы мол айла ойлап тауыпты. Бұл әйел ең әуелі, күйеуі үнемі үстінен тастамай киіп жүретін бұйра жағалы палтосын төрге іліп қойыпты. Онымен қоймай ілулі киімнің қалтасына адал еңбекпен тапқан маңдай тері мардымсыз жалақысын салып қояды екен. Ұлдары кейде болымсыз қажеттілік үшін анасынан тиын-тебен сұрамай ма. Сол кезде ақылды әйел «балам шаңырағымыздың ризығы ана әкелеріңнің қалтасында тұр. Содан барып алыңдар. Бірақ отбасылық нәпақамыз үзіліп қалмасын, қажеттіліктен тыс ақша жұмсамаңдар» деп, екінің бірінің ойына келе бермейтін қатаң тәртіп орнатыпты.
Осы бір парасатты әйелдің жасаған жақсы амалының арқасында ұлдары дүниеде жоқ әкесін өгейсімей, әкесі бар балалардың қасында еңсесі түспей, жақсы әкенің жомарт қалтасындағы адал ризықтан ішіп-жеп ердің сойы болып өскен екен. Міне, осы оқиғадан-ақ қазақ қоғамындағы әкенің орны айқындалып тұрған жоқ па?!
Мақала ақпарат
көздерінен әзірленген