Basty bet
Жастармен жұмыс жүргізу басты назарда болады
Мемлекеттік жастар саясаты – қоғамның стратегиялық ресурстарының дамуының маңызды бағыттарының бірі. Болашақтағы жаңа Қазақстанның жолы жас ұрпақпен тікелей байланысты. Бүгінгі күні жастар өзінің әлеуетін жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге ие. Осы үшін кәсіби мансап пен тұлғалық өсу қалыптастыруда тең мүмкіндіктер құрылуда.
Бүгінгі күні аудан тұрғындарының саны 53 080 адам болса, оның ішінде жастардың саны 13 924 адам, бұл жалпы халықтың 26,2 % құрайды.
Ауданда «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі жастармен қызмет атқарады. Әлеуметтік қолдау шараларымен жастарды толықтай қамту мақсатында жыл сайын ауданның аймақтары кесіндісінде жастар арасында жағдайға талдау жасалып, атқарушы органдардың тарапынан айрықша назар аударуды талап ететін бағыттар анықталып, іс-шаралар және жобалардың қатары жүзеге асырылады.
Аудан жастарын қолдауға басымдық беріп, осы бағытта көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Әсіресе, соңғы уақытта ел жастарына көңіл бөлу, оларға барынша жан-жақты қолдау ісі ерекше қарқын алуда. Аудан жастары арасында «Жасыл Ел», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін-2050» және «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары кеңінен танымал. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау мақсатында ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі инспекторлары ауыл жастарымен жүйелі жұмыстар жасауда.
Аудан көлемінде жастарға арналған бағдарламалар бойынша жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. Айта кететін болсақ, өткен жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақымен 60 жас маман қамтылып, оларға барлығы 17 млн 502 мың теңге берілді. Тұрғын үй сатып алуға барлығы 40 жас маман 175 млн 20 мың теңге несие алып, баспаналы болып отыр.
Жастардың білім алуына үлкен мүмкіндік беретін «Серпін-2050» бағдарламасы аясында ауданымыздан еліміздің солтүстігіне 11 жас оқуға түскен.
2021 жылы «Жасыл ел» бағдарламасына 65 жас маусымдық жұмысқа қабылданып, жастар еңбек жасағы қоғамдық орындарда, саябақтарда, мәдени орындарда шөптерді орып, тал-дарақтар отырғызып, оны күтіп-баптап, суғарып, сонымен қатар, аудан орталығында қоршауларды сырлау жұмыстарымен айналысты. Жалпы қолға алынған осындай шара аясында аумақтар тазаланып, нәтижесінде 99,8 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен бірге, 21,6 гектар жер зиянды қоқыстардан тазартылып, саябақтардағы тал-дарақтар суғарылған.
Ал 2022 жылы 100 жасты еңбек жасағының құрамына алуды жоспарлап отырмыз. Әрине, бұл тұста маусымдық жұмыс болса да, ең алдымен жұмыссыз, NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту қолға алынатын болады.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» Еңбек бағдарламасына сәйкес, ауданымыздағы жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында төрт рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілген. «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруларымен өткізілген іс-шаралардың және жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде 2021 жылы 1 540 жас әртүрлі бағыттағы жұмысқа орналасқан.
Сондай-ақ, ауылды дамыту үшін жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 82 жас 583 400 теңгеден қайтарымсыз грант жеңіп алып, өз кәсіптерін бастауда. Сонымен қатар, 2022 жылдың І тоқсанында 208 жас әртүрлі бағыттарда жұмыспен қамтылды. 2022 жылдың соңына дейін 131 жасқа 160 501 200 теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру жоспарлануда. Оның ішінде, өндіріс бағытында – 15 жас, құс-балық өсіру бағытында – 18 жас, мал өсіру, сүт және жүн өңдеу бағытында – 40 жас, қызмет көрсету бағытында – 24 жас, көкөніс өсіру бағытында – 34 жастың жобалары мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр.
Бұл ретте аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылдық округтер мен ауылдарда тұратын жұмыс істеуге ниетті жас азаматтардың ұсынған жобалары басымдыққа ие болуда. Қайтарымсыз грант қаражаттары әлеуметтік жобаларды дамытуға салынатын болады.
Ауданда «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі жанынан «Қамқор» еріктілер клубы қызмет атқарады. Олардың қатарында студент және оқушы жастар санатынан 70-тен астам жас азамат бар. Клубтың негізгі қызметі – тұрғындарға қайырымдылық көмек көрсету, әртүрлі іс-шараларды өткізуге жәрдемдесу болып табылады.
«Қайырымдылық – адам жанының нұры» дейді дана халқымыз. Ерікті жастардың атқарып жатқан қайырымды істерін атап өтпей болмайды. Клуб мүшелері 2021 жылғы жоспар бойынша волонтерлық қозғалыстың 11 бағыты аясында 290 іс-шараға атсалысқан.
Сонымен қатар, Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтерде «Жомарт жүрек» акциясы аясында аз қамтылған отбасылар, жалғыз басты қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көп балалы отбасылардың 20 үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге атсалысқан. Тағы қоса айта кететін болсам, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің бастама болуымен ашылып, клуб мүшелерінің және аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен жұмыс жасап тұрған «Қамқор» волонтерлық қайрымдылық дүкенінен 2021 жылы жалғызбасты, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған 132 отбасына киім-кешектей көмек, 36 отбасына азық-түлікпен көмектер көрсетілген.
Кәсіби жақсы білім, жақсы төленетін тұрақты жұмыс, салауатты өмір салтын жүзеге асыруға арналған мүмкіндіктердің болуы жастар мәселесін шешуге бағытталған қадамдардың бірі деп білемін.
Бұл ретте аудан басшысы ретінде өзімнің бастамаммен ағымдағы жылға жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында өз кәсіптерін бастауға қажетті жер телімдерін беруді жоспарлаудамыз.
Сөзімді қорытындылай келе, 2022 жылы мемлекеттік жастар саясаты саласында бірқатар жұмыстар жүргізілетіндігін атап өткім келеді. Сонымен қатар, біз жастарды қоғамдық үдеріске тарту, оларды өзін-өзі дамытуға ынталандыру және жағдай жасау бойынша жұмыстың тиімді әдістерін іздестіруді жалғастыра беретін боламыз.
Олжас ҚАРЖАУОВ,
аудан әкімі