Basty bet
Науқастарға тиісті ем жүргізілуде
«Ем – екпеде», «Індеттен құтылудың жалғыз жолы – вакцина қабылдау» деген жазбаны газет беттерінен де, теледидардан да, телефонды ашсақ та көретін болдық. Бүгінгінің ұранына айналған бұл сөздерді жалған патриоттықпен, жасанды кейіппен айтуға болмайды. Ол ең алдымен, өзіңіздің, кейін айналаңыздағылардың басты байлығының кепілі екенін түсінетін кез келді.
Бүгінде індеттің беті әлі де қайтпай тұр. Қауіппен күрес мақсатында Үкімет тарапынан маңызды шаралар атқарылуда. Өз кезегінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, екпенің маңыздылығы да талданып келеді.
Өткен жылдың аяғына қарай бұл індетке шалдыққан адамдардың біраз саябырсығаны рас, дегенмен жауапты мамандардың мәліметіне сүйенсек, жыл басында індеттің бегілері қайта байқалып отыр.
Осы ретте бүгінгі аудандағы эпидемиологиялық ахуал туралы білу үшін Жуалы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің басшысы Эльмира Каипбаеваны сөзге тартқан едік.
Бөлім басшысының мәліметінше, ағымдағы жылдың 1-ші және 12 қаңтары аралығында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны – 28. Оның ішінде 18 симптомы бар науқас және10 адам КВИ симптомы жоқ науқастар.
Науқастар ауданымыздың 13 ауылында тіркелінген. Олар Б.Момышұлы, Шақпақата Көктас, Нұрлыкент, Дарбаза, Жұрымбай, Көлбастау, Диқан, Көктөбе, Ақтөбе, Қарабастау, Күреңбел және Қошқарата ауылдары. Айта кетерлігі, індет жас-кәріні талғап жатқан жоқ. Бүгінде науқастардың барлығына бекітілген хаттамаға сәйкес, тиісті ем жүргізілуде. Сонымен қатар, науқастармен қарым-қатынаста болғандардың барлығы медициналық бақылауға алынып, ПТР әдісімен анализдер алынды.
Бүгінгі күнге аудан бойынша Пфайзер компаниясының «Комирнати» вакцинасының I компонентін 1748 адам алды, оның ішінде 174 жүкті әйел, 320 емізулі әйел және 12-17 жастағы 1254 жасөспірім. Ал II компонентін 499 адам салдырған. Оның ішінде 38 жүкті әйел, 43 емізулі әйел және 12-17 жастағы 418 жасөспірім.
– Ревакцинация бойынша иммундық жүйені нығайтуға және өздерін қауіпті аурудан қорғауға шешім қабылдаған 3189 адам «QazVac» вакцинасын, 1900 адам «Sinopharm» вакинасын салдырды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы үй карантиніндегі адамдарды оқшаулау шарттарын қатаң сақтауға шақырады. Қиын эпидемиологиялық күндерде тәртіпті сақтау әр адамның азаматтық міндеті. Бұл тек өзі үшін ғана емес, өз балаларының, отандастарының және бүкіл қоғамның денсаулығы, өмірі мен әл-ауқаты үшін де үлкен жауапкершілік. Алдағы эпидемиологиялық жағдай – қажетті карантиндік шектеу шараларын қаншалықты сақтайтынымызға байланысты.
Егер Сіз індетке қарсы екпе салдырмаған болсаңыз, жақын арада шешім қабылдаңыз! Өйткені бір уақытта және жаппай вакцинациялау ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға және бәрімізге тез арада әдеттегі өмір салтына оралуға мүмкіндік береді. Сондықтан да өздеріңізге індетті жұқтырып алмас үшін, өз денсаулықтарыңызға немқұрайды қарамаңыздар, – деген Эльмира Жұмағалиқызы әлемдегі пандемияның жалғасуын ескере отырып, халықты вакцинациялауға және қарапайым сақтық шараларды сақтауға шақырды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»