Basty bet

Кез келген мәселе тиісті заңнама аясында шешімін табады

Сәрсенбі күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында ауданның бірқатар азаматын жеке сұрақтармен қабылдады. Қабылдауға алдын ала жазылған сегіз азамат әртүрлі жеке мәселелермен қайырылды.

Аудан әкімінің жеке қабылдауына алғаш болып кірген Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Н.Өмірзақова ауылдағы Б.Момышұлы көшесінде орналасқан екі қабатты көп пәтерлі жеке тұрғын үйді мемлекет меншігіне сату мәселесімен қайырылды.
Ал, Диқан ауылының тұрғыны Д.Құрмансейіт, Б.Момышұлы ауылының тұрғындары З.Аймаханова, Г.Әлімбаева тұрғын үй кезегінің қашан жылжитындығы туралы сауалдарын жолдаса, Н.Колесникова «Әулиеата жастары» бағдарламасы аясында қызына үй алып беру үшін құжаттарды рәсімдеуге көмек сұрайды.
Келесі кезекте аудан басшысының қабылдауында болған жеке кәсіпкерлер М.Сатыбалдиев және Н.Есдәулетов Б.Момышұлы ауылындағы орталық саябақта туындап отырған электр желілеріне қатысты мәселемен қайырылды.
Аталған азаматтар бірнеше жылдан бері осында шағын кәсіп ашып, орталық саябақтың жарығына арналған ЩИТ арқылы құрал-жабдықтарына тоқ алуда. Алайда бұл тоқтың көзі электр есептегішпен саябақтың жарығына арналған. Кәсіпкерлер саябақтың жанында тұрған трансформатрдан жеке өздері тартып (аудандық электр желілерін тарату мекемесімен келісімге отырып) электр есептегішін қойып пайдалануы қажет. Жеке кәсіпкер азаматтар да өздерін толғандырған мәселелерін жеткізді. Тиісінше, аудан басшылығынан аталған мәселені оң шешіп беруге көмек сұрады. Одан бөлек, кәсіпкер А.Қазанғапова аудандағы орталық саябақта орналасқан балмұздақ сататын дүңгіршектің орнын эскиз бойынша ауыстыруды талап етеді.
Шақпақ ауылдық округіне қарасты Амансай ауылының тұрғыны Жорабек Жуасбаев ауылішілік көше жолдарына асфальт жамылғысын төсеу және мал жайылымына арналған жерді жергілікті тұрғындарға қайтарып беру мәселесін күйіттеді.
Сонымен қатар, кездесуде жеке кәсіпкер А.Жартыбаев Т.Дүйсебайұлы ауылындағы тау бөктерінен орын тепкен «Қаралма» тау-шаңғы базасының маңынан спорттық сауықтыру орталығы, экопарк ашу үшін электр жарығымен қоса жол жүргізілсе деген тілегін жеткізді.
Айта кету керек, қабылдауға жазылған азаматтар негізінен тұрғын үй кезегі, жеке аулаға ауызсу құбырын тарту, ауылішілік көше жолдарына асфальт жамылғысын төсеу, мал жайылымына арналған жердің мәселесі және жеке кәсіпке қатысты түйткілді сұрақтармен келді.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы өтінішпен қайырылған азаматтардың мәселелерін жеке-жеке тыңдап, оның кейбіріне байланысты аудандық әкімдіктің бөлім басшыларына және ауыл әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Тұрғындардан түскен сұрақтардың барлығына алдағы уақытта тиісті комиссия тарапынан жүйелі зерделеу жасалады.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close