Basty bet
Өңірге тың серпіліс әкелген жобалар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында қойылып отырған бағыттың бірі – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізу.
Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марат Қасымбековтың айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың аясында ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қатары артып келеді. Мәселен, қазір ауданда шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын 5 593 субъекті жұмыс істеп тұр. Оның екеуі орта, 214-і жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, 2 472-і жеке кәсіпкерлер болса, 2 905-і шаруа қожалықтар. Олар 9 552 аудан тұрғындарын тұра қты жұмыс орнымен қамтып отыр. Өткен жылы осы аталған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер мемлекет бюджетіне 264 миллион 101 мың теңге салық түсіріпті.
– Президентіміз Жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта несиеге қол жеткізген, екінші деңгейлі банктердің сүйемелдеуіне ие болған бизнес өкілдері жоқ емес. Мәселен, төмен пайызбен несиеге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тағы басқа да қаржы ұйымдары арқылы 123 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтардың қаржы айналымын толықтыруға 5 миллион теңгеге дейін және инвестициялық бағытта 20 миллион теңгеге дейін барлығы 1485,6 миллион теңге қаржы берілген. Сондай-ақ «Ұлттық жоба» аясында 17 кәсіпкер несиеге қол жеткізіп, өз кәсіптерін бастап кетті, – дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марат Қасымбеков.
Жалпы ауданда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өткен жылы инвестиция қаржысы 9395,4 миллион теңгеге жеткен. Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марат Қасымбековтың айтуынша, ауданның экономикалық даму көрсеткіштерінің бірі – өнеркәсіп саласы. Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты өнеркәсіп саласында өткен жылы 14,6 миллиард теңгеге жетіп, 100,2 пайызды, өңдеу өнеркәсібі 6,9 миллиард теңге болып, 100,6 пайызды құраған.
«Еңбек» бағдарламасы аясында ауданда мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қатысуға әрбір азаматтың мүмкіндігі бар. Бұл мақсатта жастар мен кәсіпкерлерге өз бизнесін дамыту үшін жеңілдетілген 6 пайызбен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорын кепілдендіру, субсидиялау құралдарын пайдалану арқылы несиелер ұсынуда екен.
«Егер бизнесіңіз қызмет көрсету не болмаса сауда саласына жататын болса кепілсіз 6 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін қаражатқа қол жеткізуге мүмкіндік бар. Ал «2025 жылға дейін кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында осал топтағы немесе көпбалалы азаматтарға және 29 жасқа дейінгі жастарға грант беріліп келеді. Мәселен, мемлекеттік қайтарымсыз грантты 177 азамат алып, өз кәсіптерін ашып отыр», – дейді бөлім басшысы.
Бүгінгі таңда аудан экономикасының даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға дейін іске асыруды көздейтін, жалпы құны 20,2 миллиард теңгені құрайтын 12 ірі инвестициялық жоба тізбесі жасалған. Бұл жобалар іске асқан жағдайда ауданда 330 адамға тұрақты жаңа жұмыс орндары ашылмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта несиеге қол жеткізген, екінші деңгейлі банктердің сүйемелдеуіне ие болған бизнес өкілдері жоқ емес. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдаралмасы аясында 5 пайызбен кепілсіз несиеге 56 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалық басшылары ие болған.
Бұдан бөлек, өткен жылы жалпы құны 170 миллион теңгені құрайтын екі жобаны іске асыру межеленген. Біріншісі, Жетітөбе ауылдық округі, Кәріқорған ауылындағы «Алатау сүт өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Кооператив төрағасы Нұрболат Кенжебеков 2022 жылдың қаңтар айында сүт өңдеу цехын іске қосты. Жобаның жалпы құны 70 миллион теңгені құрайды. Жобаның тәуліктік қуаты 7 тонна. Қазіргі таңда күніне ауыл тұрғындарынан 240 теңгеден 3-4 тонна сүт қабылдап, цехта өңдеуде. Онда сары май, сыр, брынза, құрт, чечил, айран және қызыл ірімшік өнімі шығарылады. Өндірілген өнім Шымкент, Алматы мен Тараз қалаларына өткерілуде. Кәсіпкер 7 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр.
Екінші жобаны Шақпақ ауылдық округіндегі «Япоша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске асырды. Оның директоры Нұрбақыт Тілегенов. Зауыттың тәуліктік қуаты үш тонна кептірілген нан (Сухари) өнімін өндіреді. Жалпы жоба құны 100 миллион теңгені құрайды. Кәсіпкер бүгінгі таңда 13 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.
Бұдан бөлек, ауданда бірнеше өндіріс ошағы табысты жұмыс істеуде. Солардың бірі – «AQMOL-2025» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік өткен жылы жалпы құны 173 миллион теңгені құрайтын 267 тонна сүт өнімдерін шығарған. Зауыттың тәуліктік қуаттылығы 40 тоннаны құрайды. Сол сияқты жылдық қуаты 10 мың тоннаны құрайтын «СМТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сары май, брынза, моцарелла, қатты ірімшік, сулугуни, чечил сынды өнімдер өндіріп, өнімдерін Астана, Алматы, Тараз, Шымкент қалаларына өткеруде.
Аудандағы өндіріс көлемін арттыруға «Бурное сүт компаниясы», «LF company» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Бірге», «Нысанов М.» мен «Бурненское сырное компания» АӨК-ның сүт өңдеу цехтары да жергілікті өнімнің үлесінің артуына өз үлестерін қосуда. Өнімдерін Астана, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларынан бөлек, Ресей мен Қырғыз мемлекеттерінің нарығына да шығарып отыр.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен ұзақ жылдан бері айналысып келе жатқан кәсіпорынның бірі «АгроАзықтүлікнанменжабдықтау» ЖШС. Оның жобалық қуаттылығы тәулігіне 54 тонна мақсары майын, 182 тонна жмых өңдеуге қауқарлы. Өндірген өнімдерін экспортқа, Қытай мен Бельгия нарығына шығаруда.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жобаларды индустрияландыру картасына және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында іске асырылып жатқан жобалар да бар. Соның бірі Сұрым ауылында «МОЛ ДАМУ» АӨК сүт өнімі цехын біртіндеп іске қосуда. Бұдан бөлек, Жамбыл облысының кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген «ШақпақДорсервис» ЖШС «Битум зауытын қайта жаңғырту» жобасы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында инфрақұрылым (газ жүйесін) жүргізу үшін тиісті құжаттарын жинақтап, рәсімдеуде.
Ал туризмін саласы бойынша ауданда «Қаралма» тау-шаңғы базасының құрылысын, «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойынан «Жол сервисі» кешенін салу көзделген. Қазіргі таңда бұл жобалардың біреуі ғана іске асырылу үстінде. Ол – «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы. Онда бірқатар құрылыс нысандары бой көтеріп үлгерген. Алда қонақтарға арналған коттедждер, арқан жолы, тамашалау алаңы, киіз үйлер, монша, спорт кешендері, қонақ үйлер, бассейндер салу жоспарлануда. Ал туризм саласында жеке кәсіпкерлердің күшімен Берікқара шатқалында, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы мен оның төменгі жағында жүзеге асқан демалыс орталықтарын бүгінгі таңда облыс қана емес, өзге өңір тұрғындары да танып білді. Ал қазіргі елдің аузында жүргені жоғарыда айтқан «Қаралма» тау-шаңғы кешені мен «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен болған бір кездесуінде «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылыс жұмыстарының жеке кәсіпкердің, яғни инвестордың жеке қаржысы есебінен жүргізіліп жатқанын айтты. Ал билік тарапынан инвесторға қажетті қолдаудың барлығы, жол салынып, жарық пен газ құбыры тартылған. «Оның нысанды қашан пайдалануға беретінін біз де дөп басып айта алмаймыз», дегені журналистер ғана емес, көптің көкейінде жүрген сұраққа нақты жауап болған сияқты. Дегенмен бұл кешеннің бүгінгі инвесторы алдағы уақытта жазғы демалыс орнын ашып, одан кейін тау-шаңғы кешені жобасын іске қосуға ниетті екен.
Болашақта ауданда экотуризмді дамыту мүмкіндігінің жоғары екені байқалуда. Яғни, Көксай шатқалында салынып жатқан жаңа демалыс орнында алдағы уақытта ел спортшыларының халықаралық жарыстарға дайындалуына мүмкіндік жасалады деген болжам бар. Сонымен бірге демалушыларға тау ішіндегі жаяу жүргінші маршруттарын ашу, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы маңындағы демалыс орындары мен Берікқара қорығындағы туристік нысандардың да экотуризімді дамытуға мүмкіндігі мол екені айтылып жүр. Бұл да алдағы уақытта жүзеге асырылатын тиімді жобалардың бірі болғалы тұр.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласымен қатар жүретін саланың бірі ауыл шаруашылығы. Мемлекет басшысы «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс» дей келіп ауыл шаруашылығына басымдық берген еді.
Жуалы аграрлы аудан болғандықтан, кооперативтер құру арқылы кәсіпкерлік саланы дамытуға көңіл бөлінуде. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмысын жақсарту» қанатқақты жобасы бұған дейін Ақтөбе және Ақсай ауылдық округтерінде жүзеге асырылған болса, жуырда бұл жобаға Жетітөбе ауылдық округі енді. Онда алты елдімекен бар. Осы жобаның аясында Ақтөбеде бір кондитерлік цех ашылып, жұмыс істеуде. Ал Ақсай ауылдық округінде жобаның бесінші бағыты аясында бес кәсіпкер несиемен қамтылып, өз істерін бастап кетті. Атап айтсақ, бір ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу орталығы, үш бал арасы шаруашылығы, бір тоқыма цехы іске қосылып, олар аудан көлемінде тапсырыс алып жұмыс істеуде. Ендігі кезекте Жетітөбе ауылдық округінде төрт жоба іске асырылмақ. Оған қаралған қаражат 40,5 миллион теңгені құрайды. Осы қаражат аясында округте сүтті қайта өңдеу кіші цехы, наубайхана, құс фермасы мен сүт өңдеу зауытын ашу жоспарланған.
Бір атап өтерлігі, облыстағы жобаға енген елдімекендер қатарында ең көбі біздің ауданның еншісінде. Қазірдің өзінде Жуалыда Үкіметтің қолдауымен қанатқақты жобаға үш ауылдық округ, 10 елдімекен еніп отыр. Бұл аудан үшін қуанарлық жағдай. Мұның өзі аудандағы кәсіпкерлі және өнеркәсіп саласының дамуына оң серпін береді деген сенім басым.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»