Basty bet

«Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі…»

немесе ауылды өркендетпей, мемлекетті дамыта алмаймыз

Туған жер – ол біздің алтын бесігіміз, кіндік қанымыз тамған жер, анамыз. Адамзатта екі ана болады. Жарық дүниеге әкелген анасы және осы дүниеде өз бауырында аунатып өсірген жер анасы, туған жері. Адам баласына туған жер, ел, атамекен, атажұрт, Отан – деген ұғымдар жүрегіне жақын. Атамекен – туған халқының, ұлтының мекен еткен, ата-бабасының қоныс тепкен жері. Туған жер – әр адамның дүние есігін ашып, өмірге келген жері. Адам өмірге келіп, ес жия бастаған сәттен өз болашағына, өткеніне ден қоя бастайды. Адамның болашағы да, өткені де туған жермен тығыз байланыста болады. Халқымыздың туған жерді ардақтау сезімі өте терең, олар үшін туған жерді қадір тұту – қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным біздің жанымызға ана сүтімен дарыған. «Атамекен – алтын бесік» деп ата-бабамыз тегін айтпаған.
Ауылды дамыту мемлекеттің де алдында тұрған маңызды мәселе. 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – Мемлекет басшысының жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығы. Осылайша, аталған құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың бес жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.
2022 жылдың қараша айында елордасы Астана қаласында жаңа мерзімге сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өткені белгілі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев аталған рәсімде сөйлеген сөзінде бірнеше маңызды мәселеге назар аударды. Соның ішінде, ауыл туралы айтылған бастама жұртшылықтың көңілінен шыққаны анық.
– Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлықтау рәсімінде.
Сонымен қатар, ұлықтау рәсімінде Президент: «Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», – деді Қ.Тоқаев.
Елімізге белгілі балуан, спорт шебері, Олимпиада чемпионы, марқұм Жақсылық Үшкемпіровтің «Қазақстанда көп болса 5 мыңнан аса ғана ауыл бар шығар. Сол 5 мың ауылды өз қамқорлығына алатын 5 мың қазақтың жігіті табылмайды деймісіз? Табылады! Әрқайсымыз бір-бір ауылды қолға алып көтеріп жіберсек, ұрпақ үшін одан асқан қандай бақыт болуы мүмкін?! Менің басты арманым осы»,- деген сөзі ойға оралып отыр. Шын мәнінде, бұл сөз ел азаматтарының бұлжымас қағидасына айналуға тиіс. Президент айтқандай, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын болмақ.
Дана халқымызда «Әркімнің туған жері өзіне Мысыр шәрі» деген сөз бар. Ауылды өркендетуге келгенде, дәл осы қағида бәрімізге терең ой салса игі. Қазақстан халқының 40 пайыздан астамының ауылда тұратынын ескерсек, ата-бабамыздың қасиетті қонысы болған топырақты түлетіп, ауылдық елдімекендерді дамытуымыз қажет. Себебі, мемлекеттің тамыры ауылда. Ауылды өркендетпей, мемлекетті де дамыта алмайтынымыз анық…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close