Basty bet
Ұлты орыс болса да, жаны қазақ
Дархан даладай көңілі кең қазақ елі түрлі ұлт өкілдерін тар жол тайғақта құшағына алып, бауырына басқанын тарихтан білеміз. Бірлік пен жарасымды тірлікті ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы бүгінде өзге жұртты еріксіз сүйсіндіріп келеді. Тіпті, елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін этнос өкілдерінің де саны артқан. Бұл түрі басқа болса да, тілегі бір отандастардың қазақ халқына деген, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді де құрметтейді. Сондықтан өз тілін өгейсініп жүрген қаракөздерімізге үлгі болсын деген ниетпен қазақ тілін жетік білетін, ұлттық болмысымызды бағалайтын өзге ұлт өкілдерін жұртшылыққа таныстыруды жөн санадық. Қазақ тілін туған тіліндей меңгерген, ұлты орыс болса да, жаны қазақ өзге ұлт өкілінің бірі – Алена Владимировна.
Алена Ланщакова Жаңатас қаласында туған. 2000 жылы отбасымен аудан орталығына қоныс аударған ол орталықтағы №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Әрі қарай Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны бастауыш сыныптың мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады.
-Мен жоғары оқу орнын бітіріп, ауылдағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияға хатшы болып жұмысқа кірдім. Әрі қарай әлеуметтанушы мұғалімі, кейін бастауыш сыныбының мұғалімі болдым. Ал 2017 жылы кітіпханашы болып ауыстым. Жұмысқа орналасқанымда мен қазақша мүлде білмейтінмін. Қазақ тілін еркін меңгеруіме жұмыс істеп, араласқан ортам, ұжымым көмектесті. Үйренгендерім бүгінде өз қажеттілігіме жарауда. Міне, осы білім ошағында жұмыс істеп жатқаныма 15 жыл болды. Әлі де қазақ тілін толықтай меңгердім деп айта алмаймын. Осы тілде еркін сөйлеп, жазсам да, ол қазақ тілін жетік білетіндігімді білдірмейді, – дейді Алена.
Ұлты бөлек болса да, жаны қазақ Аленаның айтуынша, тілді жетік меңгеру үшін ең алдымен қажеттілік, ниет керек. Өйткені, сол тілге күнің қарамаса, оны үйрену де мүмкін емес. Одан соң оны күнделікті қолданысқа енгізбесеңіз, тілді үйренуге жұмсалған күш пен уақыт құр босқа кетеді. Өйткені, сөйлесетін адам болмаса, тіл үйренуді әрі қарай дамыту да мүмкін емес. Қазіргі кезде оған қазақ тілін білгенінің көп пайдасы тиіп жүр. Өйткені мектептің кітапханасында кітап алуға келетін балалардың көбі қазақ сыныбының оқушылары. Әлбетте олар ол жерде қазақша сөйлеп, өздеріне керек кітапты қазақша сұрайды. Ол жерде міндетті түрде олардың қажеттілігін тауып беру үшін қазақша жауап беру керек. Сол үшінде бүгінгі кейіпкеріміз қазақшаны әлі де жетік меңгеру үстінде.
2008 жылы Алена Владимировна жуалылық азамат Виктор Ланщаковқа тұрмысқа шығады. Жолдасы әкесі екеуі Алматыға автобус жүргізген. Қазіргі таңда аудандық орталық ауруханада жедел жәрдем көлігін айдайды. Одан бөлек, жолдасы үйде ара шаруашылығымен айналысады.
– Біздің көршілеріміздің көбі қазақ отбасылары. Олармен тату-тәтті тұрамыз. Қазақтың салт-дәстүрін жақсы білеміз. Беташар, той, құдайы тамақ кезінде бәріміз бір атаның баласындай араласамыз. Қуанышымызды бөлісіп, мерекелерде бас қосып, бір-бірімізді құттықтауды да ұмытпаймыз. Әсіресе, Наурыз мерекесінде ұлттық тағамдарды пісіріп, үйде наурызкөже дайындап, дастарқан жайып, көршілерді дәм татуға шақырамыз. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, ортақ Отанымыз. Қазақтың даласы да, баласы да өзге ұлт өкілдерін жатсынбайды. Бауырына басып, бір нанды бөлісіп жеп, саялы мекендеріне паналатты,- дейді ол.
130-дан астам ұлт пен ұлысты бауырына басқан қазақ елінің құшағы әрқашанда ашық. Татулық пен бірліктен, ынтымақ пен достықтан құралған қамалды ешкім де бұза алмайды. Бірлігі жарасқан ұлт пен ұлыстар барда еліміздің болашағы әрқашан жарқын болмақ.
Баян Тұрсынқұлқызы,
“Жаңа өмір”