Basty bet

Мұғалім мамандығын меңгерген

Ұстаздық – ұлы іс. Қазіргі уақытта педагогтерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктер жетерлік. Оның бірі ретінде 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылданғанын айтуымызға болады.
Сауабы көп, жауапкершілігі мол осы мамандықты кейде бағалай бермейтініміз рас. Әсіресе – жастар. Жоғарыда айтып өткендей, педагогтерге арнайы заң қабылданғалы мұғалім мамандығын таңдаған студенттердің шәкіртақысы да 2,5 есеге өсті. Осы ретте кей жастардың тек жеке бастың қамы үшін және болшақта материалдық жағдай үшін педагог мамандығын таңдайтыны жасырын емес. Дұрыс қойылмаған мақсат пен жауапкершілікті сезінбеудің әсерінен көп жастарымыз дұрыс маман болып қалыптаса алмай жатқандығы тағы бар.
Алайда барлығына бірдей топырақ шашуға болмайды. Өз мамандығын сүйіп, бар ынтасымен күш-жігерін салып, мұғалім мамандығының жауапкершілігін сезініп шәкірт тәрбиелеуге барын салып жүрген маман, жас мұғалімнің бірі – Еркебұлан Талапбек.
Еркебұлан Нұрлыбекұлы Күреңбел ауылында дүниеге келген. Еркебұланның бала күнінен ойы жүйрік, есепке деген ынтасы жоғары болған. Ол 2016 жылы өз ауылындағы Күреңбел орта мектебін тәмамдап, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне оқуға түскен. ЖОО-да өз білімін шыңдап «Математика пәнінің мұғалімі» мамандығын меңгерген. Қазіргі таңда Қайрат ауылында орналасқан №2 Мыңбұлақ орта мектебінде еңбек етуде. Аталған мектепке алғаш «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен алты ай жұмыс істеп, еңбек жолын осында бастаған.
Е.Талапбек мектеп қабырғасында жүрген кездерден-ақ математика және физика пәндеріне деген ықыласы бөлек болғанын айтады. Бірқатар мектепішілік олимпиадалар мен жарыстардан орын алған. Қазір сол уақыттарда жиналған тәжірибені шәкірттеріне үйретіп жатқанын айтады.
Сондай-ақ Е.Талапбектің мұғалім болуына мектеп мұғалімдерімен қатар, әкесі Нұрлыбек Абдуалиев және анасы Гүлнұр Абдуалиеваның ықпалы мол болған. Кейіпкеріміз отбасында бес ағайынды болса, олардың толық білім алуына ата-анасы жағдай жасаған. Бүгінгі күні шаңырақтың кенжесі алтыншы сыныпта оқыса, қалғандары белгілі бір мамандық иелері.
– Математика пәні күрделі пән болғанымен, қызықты. Математика пәнін меңгерген оқушы кез келген пәнді меңгереді деп толық сеніммен айтуға болады. Қазіргі таңда жаратылыстану бағыты бойынша өтілетін сабақтар болсын, гуманитарлық бағыттар бойынша өтетін сабақтар болсын, барлығында математикалық сауаттылық оқытылуға міндеттелген. Бұл математика пәнінің қажеттілігінің дәлелі.
Менің ойымша, мұғалім еңбекқор, алға айқын мақсат қоя білу керек. Мен үшін сабақтың жақсы өткені емес, оқушылардың бір нәрсе біліп, есеп шығара алғаны маңызды, – дейді жас маман Еркебұлан Талапбек.
Жас маманның жетекшісі тәжірибелі мұғалім – Дариха Нұрымбаева. Бүгінде жас маман өзіне жетекшілік етіп жүрген тәлімгерден көп нәрсе үйренгенін айтады.
Өзінің біліктілігімен көзге түсіп жүрген жас педагог алдағы уақытта болатын аудандық олимпиада ойындарына екі оқушы дайындап отыр. Өткен жылы да оқушылар мектепшілік жарыстардан құр қол қайтпаған. Бұл да педагог біліктігінің артып келе жатқанын көрсетсе керек.

Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close