Basty bet

Сайлау заңнамасы жаңа заман ағымына сай жетілдірілу үстінде

Ақпан айының алғашқы бейсенбісінің – Дүниежүзілік сайлау күні болып белгіленуіне байланысты аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінде белсенді жас сайлаушылармен және болашақ сайлаушылармен пайдалы басқосу ұйымдастырылып, оған қатысқан азаматтар Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген сайлау, дауыс беру заңнамасына байланысты құқықтар, сонымен бірге дауыс беру құқықтары туралы маңызды ақпараттарға қаныққаны анық.
Жиын жұмысына аудан әкімі аппаратының басшысы Рәтбек Көсембаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев қатысты. Сонымен қатар басқосуға аудандық мәслихаттың депутаттары, халық сайлаған ауылдық округтің әкімдері, мемлекеттік қызметшілер, учаскелік сайлау комиссияларының белсенді мүшелері шақырылған.
Дүниежүзілік сайлау күнін атап өтуге арналған жиынды аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нүрзия Алтыбаева ашып, қатысушыларға жалпы сайлаудың, оның ішінде, Дүниежүзілік сайлау күнінің мән-маңызын айта келе, Қазақстан Республикасы Президентінің саяси реформаларының аясында 2019 жылдан бері елімізде екі рет Президент сайлауының, Қазақстан Республикасы Парламентінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының, ауыл және онымен бірге былтыр пилоттық режимде тұңғыш рет аудан әкімі сайлауларының ұйымшылдықпен әрі заңнаманың аясында өткенін хабарлап, осыған сәйкес, ауданда сайлауларды өткізу барысындағы жұмыстардың бірқатарын атап өтті. Қосымша айта кететін болсақ, Нүрзия Бақторазқызы сайлау заңнамасына енгізілген жаңашылдықтар мен өзгерістер туралы, сонымен қатар азаматтардың құқықтары туралы әңгімелеп, сайлау жүйесін жаңа заманға сай жетілдіру және азаматтардың дауыс беріп, таңдау жасаудағы белсенділіктерін арттыру үшін мектеп қабырғасындағы оқушыларға сайлау туралы түсініктерді сіңірудің маңыздылығын сөз етті.
Атап айтқанда, жалпы ауданда бір аудандық аумақтық сайлау комиссиясы, 14 округтік және 39 учаскелік сайлау комиссиялары Конституцияда белгіленген тиісті заңнамалардың аясында жұмыс атқару үстінде.
Жиын барысында сөз сөйлеу құрметіне ие болғандардың арасынан – аудандық мәслихаттың депутаты Ермек Абдивайтов, Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Рақымбек оқушыларға және жас сайлаушыларға жалпы сайлау ұғымы туралы түсінік беріп, егер азаматтың сайлауға түсіп, сайлаушылардың дауыс беруі арқылы халық қалаулысы немесе мемлекеттік қызметші болып сайланған кездегі атқаратын міндеттеріне кеңінен тоқталды.
Дүниежүзілік сайлау күніне арналған жиынның қорытындысында аудандағы сайлау науқанына араласып жүрген бірқатар белсенді азаматтар мен саяси қызметшілерге аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың, сонымен қатар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының Алғысхаттары салтанатты жағдайда тапсырылды. Марапаттарды аудан әкімі аппаратының басшысы Қ.Көсембаев, аудандық мәслихаттың төрағасы З.Бүрлібаев және аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Алтыбаева табыстады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close