Basty bet

Психологиялық қолдау – тұлға қалыптастырудың негізі

Қазіргі қоғамда жастар мен жасөспірімдердің психологиялық саулығы – аса маңызды мәселелердің бірі. Өйткені, бұл кезең – тұлғаның қалыптасу, өзін-өзі тану, өмірлік бағыт-бағдар таңдау уақыты. Әрбір жас кезеңінің өзіне тән психологиялық ерекшеліктері бар, сол себепті оларға көрсетілетін қолдау да жасына сай, ғылыми негізделген болуы тиіс.
Жасөспірімдік шақ – эмоциялық тұрақсыздықпен, өзіндік «Менін» іздеумен сипатталатын күрделі кезең. Бұл уақытта жасөспірімдер қоршаған ортаға, ата-анасына, құрдастарына деген көзқарасын қайта қалыптастырады. Көбіне түсінбеушілік, жалғыздық сезімі, өзіне деген сенімсіздік байқалады. Осындай жағдайда психологиялық қолдаудың болмауы түрлі қиындықтарға, соның ішінде күйзеліске, агрессияға немесе тұйықталуға әкелуі мүмкін. Ал жастар кезеңінде (студенттік және ерте ересектік шақ) адамның өмірлік мақсаты, кәсіби бағыты, әлеуметтік орны айқындала бастайды. Бұл кезде де психологиялық қысым аз емес: оқу жүктемесі, жұмыс табу, қаржылық тәуелсіздікке ұмтылу, жеке қарым-қатынастардағы қиындықтар. Мұндай жағдайда жас адамға бағыт-бағдар беретін, қолдау көрсететін орта қажет.
Психологиялық қолдаудың негізгі мақсаты – тұлғаның ішкі ресурстарын дамыту, қиындықтарды еңсеру қабілетін арттыру және эмоционалдық тұрақтылықты қалыптастыру. Бұл ретте мектеп психологтарының, ата-аналардың, мұғалімдердің және қоғамның рөлі ерекше. Ашық әңгіме, түсіністік, сенім – жасөспірім мен жастың психологиялық саулығын сақтаудың басты құралдары. Сонымен қатар, заманауи технологиялардың әсерін де ескермеуге болмайды. Әлеуметтік желілердегі қысым, виртуалды әлемдегі салыстыру, кибербуллинг секілді факторлар жастардың психикасына айтарлықтай әсер етуде. Сондықтан, цифрлық сауаттылық пен эмоционалдық интеллектіні дамыту да психологиялық қолдаудың маңызды бөлігіне айналып отыр.
Жастар мен жасөспірімдердің тәрбиесі – тек білім берумен шектелмейтін, ең алдымен жан дүниесін түсінуді қажет ететін нәзік үдеріс. Әрбір жас кезеңінде бала өзгереді: оның ойы, сезімі, дүниеге көзқарасы жаңарады. Сол себепті ата-ана мен қоғамның басты міндеті – бақылау емес, түсіну; талап қою емес, бағыт беру. Психолог ретінде айтарым: жасөспірімнің үнсіздігі – бейқамдық емес, оның ішкі әлеміндегі күрестің белгісі болуы мүмкін. Ал жастың қатқыл сөзі – құрметсіздік емес, өзін дәлелдеуге деген талпыныс. Сондықтан, балаларымызды тыңдай білейік, олардың сезімін жоққа шығармай, керісінше қабылдайық. Сенім мен ашық қарым-қатынас – кез келген тәрбиенің негізі.
Ата-аналарға ең маңызды кеңес – балаңызға мінсіз болуды емес, бақытты болуды үйретіңіз. Қателесуіне мүмкіндік беріңіз, бірақ жалғыз қалдырмаңыз. Қолдау көрсетіңіз, бірақ оның орнына шешім қабылдамаңыз. Себебі ертеңгі күні өмірмен бетпе-бет келетін – сіз емес, сіз тәрбиелеген тұлға.Есіңізде болсын, балаға берілген ең үлкен сый – уақыт, түсіністік және шынайы махаббат. Осындай ортада өскен жасөспірім де, жас та өз жолын сеніммен тауып, өмірдің кез келген қиындығына төтеп бере алады.
Қорытындылай келе, психологиялық қолдау – әлсіздік белгісі емес, керісінше мықты тұлға қалыптастырудың негізі. Бала жүрегіне жол таба білген ата-ана – ең бақытты ата-ана!

Людмила Грекова,
аудандық орталық аурухананың
аймақтық психологі

Таңдаулы материалдар

Close