Basty bet
Бақша өнімдерін тұтынуда сақ болыңыз!
Жаз мезгілі – бақша өнімдерінің, әсіресе, қарбыз бен қауынның молайып, сұраныс артатын кезеңі. Қарбыздың құрамында адам ағзасына пайдалы дәрумендер, микроэлементтер мен сұйықтық көп болғандықтан, оны ересектер де, балалар да сүйсініп тұтынады. Дегенмен жаздың аптап ыстығында өнімді дұрыс сақтамау немесе талапқа сай емес жерлерден сатып алу тағамнан улану қаупін арттырады.
Көпшілік арасында «Қарбыздан уландым» деген пікір жиі айтылады. Алайда көп жағдайда уланудың негізгі себебі – қарбыздың өзі емес, оның санитариялық талаптарды сақтамай сатылуы, дұрыс тасымалданбауы немесе сақтамауы. Сондай-ақ, алдын ала кесілген қарбыздың бетіне түрлі микроорганизмдер түсіп, ыстықта өте жылдам көбейеді.
Сондықтан қарбыз сатып аларда төмендегі қарапайым ережелерді есте сақтаған жөн:
– Қарбызды тек ресми сауда орындарынан сатып алыңыз;
– Жол жиегінде немесе рұқсат етілмеген орындарда сатылатын өнімдерді алмаңыз;
– Қабығы жарылған, зақымданған немесе кесілген қарбызды сатып алмаңыз;
– Өнімді пайдаланар алдында ағын сумен жақсылап жуыңыз;
– Кесілген қарбызды міндетті түрде тоңазытқышта сақтап, 24 сағаттан кешіктірмей тұтыныңыз;
– Балаларға және иммунитеті әлсіз адамдарға ұзақ уақыт бөлме температурасында тұрған қарбызды бермеңіз.
Тағамнан уланудың алғашқы белгілері – жүрек айну, құсу, іштің өтуі, іштің ауыруы, дене қызуының көтерілуі және жалпы әлсіздік. Мұндай белгілер байқалған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, дереу медициналық ұйымға жүгінген жөн.
Әрбір тұтынушы сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сұратуға құқылы. Ал, сауда орындарының иелері өнімді сақтау және өткізу кезінде санитариялық талаптарды қатаң сақтауы тиіс.
Құрметті аудан тұрғындары!
Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың амандығы өз қолыңызда. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы тағамнан уланудың алдын алуға болады. Сапалы әрі қауіпсіз өнімді таңдап, оны тек рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алыңыз.
Марат Искаков,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы