Basty bet

Жуалы өңірі үшін маңызы бөлек мерейтой

«Жаңа өмір» газетінің 90 жылдық мерейлі белесі жоғары деңгейде атап өтілді

90 жылдан бері Жуалы жұртшылығына ресми әрі шынайы ақпарат таратып, жас ұрпақты ұлттық-рухани құндылықтармен сусындатумен бірге, өңірдің дамуымен бірге жасасып келе жатқан «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің қасиетті өңірдің қоғамдық-саяси өмірінде алатын орны өте зор. Олай болатыны, осыншама уақыттан бері дәуір сынынан өтіп, заманмен үндес, жұртшылықпен тағдырлас төл басылымның тарихы – Жуалы өңірінің төл тарихымен тікелей тамырлас. Газеттің мерейтойы – ауданның мерейлі мерекесі.

Иә, газеттің 90 жылдық белесі тарих үшін аз да, көп те уақыт емес. Ең бастысы, оқырманға бергені мен берері мол басылым жұртшылықпен бірге, қай кезде де халықтың мұң-мұқтажымен егіз. Қай кезеңді алып қарасақ та, жергілікті атқарушы билік пен аудан жұртшылығының арасында «алтын көпір» қызметін лайықты атқарып келе жатқан басылымның қалың бұқара үшін маңызы өте зор. Газеттің 90 жылдық мерейлі белесін Жуалы жұртшылығы үшін маңызы бөлек мерейтой деп отырғанымыз да сол.
Осы уақытқа дейін газеттің құрылу тарихы, газет шығару ісінің бастау тұсында болған қайраткер азаматтар жайлы басылымда аз жазылған жоқ. Жалпылама айтқанда, газеттің шығу тарихы өте арыда жатыр. 1930-шы жылдардың басынан бері хабар таратып, бір ғасырдан бері жұртшылықпен бірге келе жатқан аға басылымның алғашқы редакторы жерлесіміз, көрнекті жазушы-аудармашы, қазақ журналистикасының ірі өкілі әрі қайраткері Құрманбек Сағындықовтың болғанын архив деректері нақтылап отыр. Одан беріде газеттің тізгінін бірқатар қаламгерлер ұстап, аудандық басылымның бағыт-бағдарын айқындап, істі алға бастырып келеді. Ең бастысы, басылым өзінің негізгі ұстанымынан айнымай, заман ағымымен бірге бағыт-бағдарын айқындап келеді.
Бәрін айт та, бірін айт. Аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті осынау мерейлі тойына үлкен шығармашылық табыстармен жетіп отыр. Аталған газетте Батыр Баукеңнің ұлы, жазушы-аудармашы Бақытжан Момышұлының, онымен қоса есімі елге белгілі бірқатар қаламгер азаматтардың қызмет еткені редакция ұжымына үлкен абырой әрі мақтаныш.
Өткен тарих – өнегелі белес. Газеттің қазақ баспасөзіндегі беделін көтеріп, абыройын асқақтату жолында қазіргі шығармашылық ұжым да үлкен ізденіспен аянбай еңбек ету үстінде. Басылымның мазмұны мен маңызының артып келе жатқаны осының жарқын айғағы.
«Дәуірмен үндес, заманмен сырлас басылым» деп ат қойылып, айдар тағылған өңірдің төл газетінің 90 жылдық мерейтойы сәрсенбінің сәтті күні аудандық «Достық» мәдениет үйінде жұртшылықпен бірге атап өтілді. Қасиетті Жуалы өңірінің өміріндегі мерейлі мерекеге жергілікті жұртшылық және газетті сүйіп оқитын оқырманмен қатар, ару қала Алматы қаласынан, берісі облыстың орталығы Тараз қаласынан, сонымен қатар, Түркістан облысының Түлкібас ауданынан зиялы қауым өкілдерінің арнайы ат басын бұрғанын атап өткен ләзім.
Мерейтойдың ресми іс-шарасы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының қызметкерлері дайындаған газет жайлы композициямен ашылды. Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы, білікті журналист басылымның 90 жылдық мерейлі тойына алыс-жақыннан келген жұртшылықты газеттің 90 жылдық белесімен құттықтап, жұртшылыққа жеткізер жағымды жаңалықтың көп болуына шын жүректен тілектестік білдірді. Содан кейін жиналған қауымның назарына «Дәуірмен үндес, заманмен сырлас басылым» тақырыбында төл газеттің құрылу тарихынан және оның бастау тұсында болған қаламгерлер жайлы, жалпылама айтқанда, газеттің қоғамдағы рөлі мен құндылығы жайлы арнайы дайындалған бейнеролик ұсынылды.
Мерейтойдың алғашқы құттықтау сөзі Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаевқа беріліп, Лесбек Құралбайұлы өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің аудандық басылымға арнайы жолдаған ізгі тілегі мен ыстық сәлемін жеткізді.
«Құрметті «Жаңа өмір» газетінің ұжымы!
Сіздерді тарих пен шежіреге толы қоғамдық-саяси газеттің 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Дәуірмен үндесе шыққан аудандық басылым қазақ баспасөзіндегі қара шаңырақтың біріне айналғаны даусыз. Осы жылдар белесінде газеттің бет-бейнесі мен бағыт-бағдары қалыптасып, бүгінде отандық ақпарат айдынында өз орнын айшықтай білді.
Ғасырға жуық тарихы бар газетте есімі елге белгілі қаламгерлер еңбек етіп, басылымның беделі мен абыройын асқақтатты. Журналистердің мектебін қалыптастырып, бірнеше талантты қаламгерді қатарға қосты. Бүгінде аға буынның жолын жас буын журналистер жарасымды жалғастырып, оқырманға ойлы дүниелер ұсынып келеді.
Ауданның айнасы, жаңалықтың жаршысына айналған газет ұжымына алғыс білдіре отырып, қалам қуатын, шығармашылық шалқар шабыт пен шаңыраққа шаттық және бақ-берке тілеймін!» делінген облыс басшысының Құттықтау хатында.
Келесі кезекте «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің ұжымын және мерейтойға жиналған жұртшылықты аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтап, ауданның төл шежіресіне айналған басылымда даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының, қалам қайраткері Құрманбек Сағындықовтың және халық жазушысы, ұлт қайраткері Шерхан Мұртазаның қолтаңбасы қалғанын мақтанышпен атап өтіп, бұл мерейтойдың өңір өмірінде ерекше орны бар мереке екеніне тоқталды.
Аудан басшысы Жалғас Мұртаза өз кезегінде әр жылдары газетті басқарып, басылымда қолтаңба қалдырған қаламгерлер – Мейірбек Мәтен, Бекнұр Сатыбалдиев және Перизат Шымыртайқызын (қазіргі Бас редактор) Алғысхаттармен марапаттап, сый-сияпат жасады.
Газет ұжымын «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының төрағасы және аудандық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Марат Нарымбеков құттықтап, бірқатар қызметкерге марапат тапсырды.
Сөз басында айтқанымыздай, мерейлі мерекеге Алматы қаласынан жазушылар арнайылап келді. Атап айтсақ, Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының Бас директоры, жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының және басқа да сыйлықтардың иегері Доқтырхан Тұрлыбек, жазушы-публицист, «Ұлт қайраткері» медалінің иегері, «Тоғанай Т» баспасының директоры Талғат Айтбайұлы газет ұжымын мерейтоймен құттықтады. Иә, жерлес жазушылар мерейтойға «құр қол» келмеген екен. Д.Тұрлыбек «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Перизат Шымыртайқызын «Қазақ журналистикасының қайраткері» төсбелгісімен марапаттап, шығармашылық ұжымға табыс тілейтінін жеткізді. Біз мұны басылымға жасалған үлкен құрмет деп білеміз.
Айта кету керек, мерейтойға арнайылап шақырылған қонақтардың арасында «Қазақстан Журналистер одағы» ҚБ-ның Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, ардагер журналист Бект Момынқұл, журналист-жазушы, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт, салалық кәсіподақтың облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев, газет ардагерлері, облысқа белгілі журналистер Ақылжан мамыт, Абылайхан Сәрсен және облыстық «Ақ жол» газетінің қызметкері, журналист Марат Құлибаев құттықтап, шығармашылық ұжымға ізгі тілектерін жеткізді.
Мерейтой барысында «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің Директоры Ақмарал Омарбекова құттықтау сөз сөйлеп, мерекеге жиналған қауымға және ұжымға алғыс білдірді.
Айта кетсек, төл басылымның мерейтойы ары қарай аудан орталығындағы «Несібелі» мейрамханасында жалғасып, ақ дастарқан басында да ақ тілектер ағытылып, мерейтойға арнайылап шақырылған құрметті қонақтарға шапан жабылып, газеттің тұрақты оқырмандары мен жанашырларына редакцияның атынан сый-сияпат жасалды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close