Basty bet

КӨКПАР – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ!

жуалылық жас шабандоздар жамбылдық команда сапында көкпардан Қазақстан Республикасының чемпионы атанды

Алматы облысында өткен көкпардан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының ХІХ чемпионаты өз мәресіне жетті. Дүбірлі додада елдің түкпір-түкпірінен келген үздік жас шабандоздар бақ сынап, тартысты ойынның өрнегін көрсетті.
Жамбыл облысының көкпаршылары чемпионат барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Оның ішінде, жуалылық жас шабандоздар Әдбуазиз Кәрім, Дәулеткерей Пірмахан және Елжан Тілепберген облыстық «Әулие-Ата» көкпар құрамасының сапында өнер көрсетіп, жастар арасында ҚР чемпионы атанды.
Жаңбырлы ауа райына қарамастан ұлан-байтақ даламызды тұлпарлар аяғы дүбірлеткен жарысты тамашалауға келген адамдардың қарасы аз болған жоқ. Әр өңірдің жанкүйерлері жиналып, жас көкпаршыларға қолдау білдірді. Тіпті, көрермендер қатарында Америка Құрама Штаттарынан келген қонақтар да бар.
“Әулие-Ата” құрамасы алғашқы кездесуде Түркістан облысының командасын 5:4 есебімен жеңсе, кейін Жетісу облысын 9:2, Алматы облысын 6:3 есебімен тізе бүктіріп, финалға жолдама алды.
Финалдық ойында Жамбыл құрамасы мен Шымкент қаласының командасы алтын жүлдені сарапқа салды. Тартысқа толы бәсекенің негізгі есебі 4:4 есебімен аяқталды. «Алтын салым» кезеңінде әулиеаталық жас шабандоз Арнұр Есен шешуші ұпайды еншілеп, өз командасына жеңіс сыйлады.
Осылайша, жамбылдық жас көкпаршылар ел чемпионатында тоғызыншы мәрте топ жарып, өңір абыройын тағы бір мәрте асқақтатты. Бұл – неше мыңжылдықтан бері жалғасқан ұлттық ойын – көкпарды білекті де жүректі жігіттердің шеберлікпен ойнағандығының көрінісі.
Айта кетейік, әулиеаталықтар жас шабандоздарды құрмет-қошеметпен қарсы алып, айтулы жеңісімен құттықтады. Бапкерлеріне қазақы дәстүрмен шапан жауып одан бөлек, жамбылдық көкпар жанашырлары атынан барлық шабандоз пен бапкерге бір-бір жылқы мінгізілді.
Еске сала кетсек, ел біріншілігіне 13 команда, 160-қа жуық спортшы қатысты. Жүлде қоры – 12 млн 350 мың теңгені құраған. Сондай-ақ ел біріншілігі Республикалық Көкпар федерациясы, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен және «Самұрық-Қазына» АҚ мен Туризм мен спортты қолдау қорының қолдауымен өткен болатын.
Алғаш рет ел чемпионатында жақсы өнер көрсеткен ат иелері де марапатталып, оларға да ақшалай сыйлық табыс етілді. Солардың қатарында Жамбыл облысы сапында өнер көрсеткен Нұрдәулет Момыновтың “Көкдауыл” аты «Үздік жекпе-жек ат» деп танылды. Жүлдегерлер мен үздіктерді Республикалық Көкпар федерациясының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «RESPUBLICA» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров марапаттады.
Иә, қазақ халқының әрбір ұлттық ойынының астарына бойласақ, тылсым да тұнық, қаһармандық пен ерлікке, әдеп пен ибаға бастайтын сыр жатқандай. Тек соны бүгінгі ұрпаққа жеткізе білу керек. Жас ақындардың бірі Нұржан Байтөсов: «Ұл өспейді құр мақтап ерсің десе, ұлт өспейді дәстүрін менсінбесе, нағыз қазақ екем деп айтпа, жігіт, тақымыңа тұлпардан тер сіңбесе» деп жырлайды. Рас, ел азаматтары ұлттық ойынын ойнап, сәйгүліктің қадірін білмесе қиын-ақ. Алайда ел мерейін, қасиетті өңір мерейін асырған шабандоздардың саны жыл сайын артып, көкпар сайысы дәстүрлі түрде өтіп келе жатқандығы көңіл қуантады.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close