Basty bet
Туған ауылдың тазалығы – тынымсыз еңбектің нәтижесі
Көктем мен жаз мезгілі – табиғаттың құлпырып, қоршаған ортаның ерекше кейіпке енетін кезеңі. Өңірдегі әрбір елдімекеннің тазалығы мен көркеюі – тұрғындардың бірлескен еңбегінің нәтижесі екені анық. Бұл ретте ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратының ақылы қоғамдық жұмысшыларының атқаратын жұмыстары ауқымды. Олардың тазалыққа қосып келе жатқан еңбегі де бағалауға тұрарлық. Олар күн сайын ауылдың тазалығын сақтап, қоғамдық орындарды абаттандыруға да өз үлестерін қосып келеді.
Айта кететін болсақ, Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратының жанындағы ақылы қоғамдық жұмыстар 2001 жылдан бері тұрақты жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – жұмыссыз азаматтарды уақытша жұмыспен қамту, олардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасау, еңбек тәжірибесін сақтау арқылы жаңа дағдыларды меңгеруге жағдай туғызу. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстар арқылы ауылдың тазалығы мен көркеюіне де ерекше көңіл бөлініп келеді.
Биыл Б.Момышұлы ауылында ақылы қоғамдық жұмысқа барлығы – 14 адам тартылған. Оның ішінде, төртеуі ер адам болса, 10-ы әйел. Жұмысшылардың жас ерекшелігіне келсек, 35 пен 55 жас аралығын қамтиды. Қоғамдық жұмысқа орналасу үшін азаматтар ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеліп, «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесінің Жуалы аудандық Мансаптық орталығына өтініш береді. Қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін ғана олар бос жұмыс орындарына тиісті жолдама алып, жұмыс берушімен келісімшарт негізінде жұмысын бастауға мүмкіндік алады.
Ауыл әкімі Рәтбек Көсембаевтың басшылығымен және осындағы жауапты маман Нұрдәулет Әбілқасымның үйлестіруімен ақылы қоғамдық жұмысшылар жұмыс аптасында аудан орталығының тазалығы мен абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысып келеді. Қосымша айта кететін болсақ, олардың негізгі міндеті – ауыл көшелерін, саябақтар мен қоғамдық орындарды таза ұстау. Қоғамдық жұмысшылар Бауыржан Момышұлы ауылының барлық көшесін, оның ішінде, негізгі орталық көшелерді тұрақты түрде тазалауға баса көңіл бөледі. Сонымен қатар, осында орналасқан орталық саябақтың аумағы, «Жастар аллеясы», «Жасай бер, Қазақстан!» және «Мәңгілік Ел» саябақтарының тазалығы мен күтімі де ауыл әкімінің назарынан тыс қалып отырған жоқ.
Қазіргі уақытта көктемгі шөп ору жұмыстары біршама аяқталып, ауылдың қоғамдық жұмысшылары көгалдандыру және тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізу үстінде. Ер азаматтар көше жолдарының жиегіндегі және саябақ аумағындағы шөптерді ору жұмыстарымен айналысса, жұмысшы әйелдер шабылған шөптерді жинаумен бірге, айналаны ретке келтіріп жатыр. Бұл бағыттағы тазалық жұмыстары ауылдың көркі мен келбетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға да ықпал етуде.
– Біз үшін бұл жай ғана жұмыс емес. Бұл – біздің туған ауылдың тазалығы мен көркеюіне қосқан азаматтық парызымыз. Ер азаматтар көгалдарды шауып, әйелдер шөптерді жинап, қоғамдық орындарды таза ұстауға атсалысады. Еңбегіміздің нәтижесін көріп, ауыл тұрғындарының алғысын естігенде ерекше қуанышты сезімде боламыз. Туған жеріміздің көрікті әрі таза болуы – бәрімізге ортақ міндет,- дейді Б.Момышұлы ауылы әкімінің аппаратында ақылы қоғамдық жұмыс атқарушы Жанар Джоликиова.
Ақылы қоғамдық жұмысшылар жыл бойы еңбек етеді. Олар көктем мен жаз мезгілдерінде көгалдандыру, ағаштарды суғарып, күтіп-баптау және санитарлық тазалық жұмыстарымен айналысса, қыс айларында қар күреу және жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау жұмыстарын атқарады. Сонымен қатар, олар аудандағы мерекелік және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруға да тұрақты түрде қатысып келеді.
Жұмыс күнделікті таңғы сағат 09:00-де басталып, кешкі 18:30-ға дейін жалғасады. Қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі де басты назарда. Олар техника қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтан өтеді. Ауыл тазалығын сақтауда арнайы техникалардың да көмегі зор. Ауылдың аумағынан жиналған күл-қоқыстарды шығаруға «ГАЗ-53» жүк көлігі пайдаланылса, қыс мезгілінде қар тазалайтын тракторлар да жұмысқа тартылады. Бұл техникалар қоғамдық жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуына мүмкіндік беріп отырғанын баса айтқан жөн.
Қоғамдық жұмыстың ауыл өмірі үшін маңызы ерекше. Бұл бағдарлама бір жағынан тұрғындарды жұмыспен қамтыса, екінші жағынан ауылдың көркеюіне, көшелердің тазалығына және қоғамдық орындардың күтіп ұсталуына ықпал ететіні сөзсіз. Таза ауыл – тұрғындардың мәдениеті мен ұйымшылдығының көрінісі. Ал, осынау игілікті істің алдыңғы қатарында жүрген қоғамдық жұмысшылардың қажырлы еңбегін сый-құрметке лайық деп білеміз.
Қоршаған ортаның тазалығы мен туған жер мен ауыл-аймақтың көркеюіне өз үлестерін қосып жүрген қоғамдық жұмысшылардың еңбегі – адал еңбек пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Олардың күнделікті тынымсыз еңбегі арқылы Бауыржан Момышұлы ауылының ажары жылдан-жылға артып, тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастырып келеді. Туған жердің гүлденуіне үлес қосып жүрген осындай адал жандардың қажырлы еңбегі әрдайым жоғары бағалануға тиіс!
Жанерке Орынбай,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің
журналистика мамандығының
1-курс студенті