Basty bet
ҚАУІПТІ КЕСЕЛГЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ – ӘРБІР САНАЛЫ АЗАМАТТЫҢ МІНДЕТІ!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының «Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру керек» деп аталатын сегізінші бағдарында: «Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады» деп атап өткені белгілі.
Бұл ретте Президент саяси қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттыру арқылы саладағы сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуды және оны мүлде болдырмауды қатаң тапсырып отыр. Шын мәнінде, қоғамға жат әрі жағымсыз құбылыс болып саналатын бұл кеселдің алдын алу үшін мемлекеттік қызметшілермен қатар, барлық қоғам мүшелері оған қарсы тұрудың маңызы өте зор. Сонда ғана мемлекеттің дамуында өсіп-өркендеу, халықтың тұрмысында ілгерілеу мен даму болмақ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стретегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті деңгейін қалыптастыру болып табылады. Аталған қоғамдық кеселге қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілетін айтады.
Сыбайлас жемқорлық – тәуелсіз Қазақстанның, бүгінгі қоғамның өзекті де күрделі мәселелерінің бірі. Тек Қазақстан емес, бұл індет әлемнің қай елінде болса, одан сол елдің қасірет шегері хақ. Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті дегеніміз, ол – сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтитын қасиеті. Ол индивидтің жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі ғана емес, сонымен қатар, оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз, ол – жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық позиция. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тұлғада құқықтық шеңберде іс-әрекет етуі үшін белгілі бір біліктіліктердің болуын талап етеді, олар: жемқорлықты әлеуметтік зұлымдық ретінде тани білуі, сыбайлас жемқорлықпен күрес негіздерін және оның қоғам өмірінің кез келген саласында деңгейін төмендету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалана білуі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана адамгершілік және адамгершілікке жат қылықты, құқықтық және құқықтық емес, заңды және заңсыздықтың шегін көрсетіп береді. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез- құлықты қамтамасыз ету үшін моральдық-адамгершілік, идеологиялық, құқықтық шараларды талап етеді.
Сыбайлас жемқорлық кеселінің қоғамға тек зиянын тигізіп қоймай, сонымен бірге оң нәтижеге жеткізбейтінін де естен шығармауымыз қажет. Бір қорқыныштысы – сыбайлас жемқорлықпен айналысу сол тұлға мен оның жақындарының сана-сезіміне залал келтіріп, дүниетанымын бұзады. Сондықтан қоғамға қауіпті кеселге қарсы іс-қимыл – әрбір саналы азаматтың міндеті болмақ!
Бағдат ОРАЗБАЕВ,
аудандық қазынашылық басқармасының басшысы