Basty bet

Қос құрбы

Жаз. Шілде. Айға жуық уақыт өтті, әйтсе де жауын жаумап еді. Сол айға жуық көк аспанның бауыры балқып, рахман нұры тамбағандықтан болар. Жер үсті таңдайы кеберсігендей болып, қаңырығы түтеп, қаңсып кеткен. Күні бойғы ыстықтың әсерінен ұзарып өсіп, сүмбіле тартып қалған желекті дүние жабырқау тартып, сола бастады. Алабота ерте сарғыш тартты. Жол бойы, қора маңын жағалап өсетін адыраспан тіптен шөжіп, бүрісе түсті. Бұлақ сулары тартылып, арықтар кеуіп қалған.
Ауылдың төменгі жағында иен даламен ұштасып жататын жүгері алқабы болушы еді. Әр жыл сайын осы араға жүгері себіліп, қос диқан әйел оны күтімге алатын.
Мезгіл кешегі талқыны тау-сылып, шаңырағы ортаға түскен Кеңес кезі болатын. Басқа емес, әйел атаулыға қандауырдай қадалып, қанын сүліктей сорған, көк темірге мінгізіп, көк түтінін жұтқызған, аяғына қолқылдаған резина етік кигізіп, табанын ойып, нәзік жанды пенденің алақанында сүйел, ажарында әжі болып қалған қызыл қоғамның жеті басты жалмауыздай жұтынып, обынып тұрған әпербақан шағы еді.
Қатар егістік салып, жарыса диқаншылық еткен әйелдердің бірі – Жамал болғанда, екіншісі – Райхан еді.
Екеуі де осы ауылдікі. Кезінде октябрят, пионер, одан комсомол, енді партия қатарына жеткен кәнігі жұмысшылар. Қызыл қоғамның қырағы көзіне ерте іліккен бұлар өздерінше сан түрлі мамандықты меңгеріп шықты. Тракторист мамандығын алды, комбайн кабинасына отырды. Қызыл қоғамның жебеуімен екі әйел жарыса жұп құрып, көктемгі қой төлдету науқанына да араласты. Еркекше сыптығырлана киініп алып, бет-аузы май-май болып, электр қайшымен қой қырықты. Екеуі де отбасылы, балалы-шағалы жандар еді. Екеуінің арасындағы сонау мектеп партасында басталған бәсеке, бітіспес тартыс енді тіптен қыза түскендей болған. Екеуі де аудандық мәслихаттың депутаты, халық қалаулылары. Енді биыл қайсысының бағы жанып, жүгеріден мол өнім алса, сонысы облыстық кеңеске депутаттыққа өтпек. Сондықтан да биыл қалайда оза шауып, ерен іс тындыру, кеңестік қоғамның қызыл байрағын көкке тағы бір көтеру екеуінің де басты мақсаттары еді.
Бір жолы ауылдық партия ұйымының хатшысы мен аудандық партия ұйымының екінші хатшысы бірлескен жиын өткізіп, одан кейін егістік аралап, осы араға табан тіреген. Екі танаптың бас жағындағы қағылған тақтайшадан екі әйелдің аты жөнін, алған міндеттемелерін, тындырар іс-жоспарларын оқып, риза кейіп танытқан. Екі әйелдің бәсекесін қызу қолдайтынын ашық білдіріп, оң шырай берген.
– Бұл бір жақсы нышанның белгісі екен, – деген домаланған, кеспелтек денелі, аласа бойлы, төртбақ келген жатаған семіз сары, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы риза пейілмен қарнын сипап, – екі әйелдің екеуін де қолдаймыз. Қайсысының бағы жанып, жұлдызы биіктен көрінсе, сол облыстық депутаттыққа өтетін болады.
– Біздің де діттеген жеріміз сол, – деген ауылдық хатшы жалтақ, жағымпаз үнмен маймөңкелей сөйлеп, – қалай да екеуінің біреуі суырылып, алға шығатыны анық.
– Әлбетте солай болады, – деген ауданның өкілі, – және өзі де солай болып тұр.
– Екі әйелді де екі жақтан қамшылап, ынталандырып та қойдық.
– Сол дұрыс, сөйтіп арқадан қағып, алдаусыратып қойсаң болды, бұл салпыетек немелер ештемеден тартынбайды. Ең негізгісі әйел бойындағы намысты ояту керек. Бұларды құртатын да сол намыс.
– Өкпесін қыздыру керек демексіз ғой.
– Дәл солай, әйелдікі құлақ деген. Алдап қойсаң бітті, шаруа түгесті дей бер…
– Түсіндім басеке, түпкі ойыңызды түсіндім…
Егіс басындағы екі бастықтың осындай уәжі жарыс көрігін бұрынғыдан әрі қыздыра түскендей болған. Сонымен екі әйелдің жарыспасына, өзара таласқа түспеуіне еш амалдары қалмап еді…
***
Жамал сағатына көз тігіп, үлкен арықта лықылдап ағып жатқан суды өз танабына бұра бергені сол еді, әлдекімнің шаңқылдап сөйлегені, тарпылдап жүгірген аяқ дыбысы естілді.
Райхан екен. Қолында кетпен, арық ішімен безектеп жүгіріп келеді. Өзі жығылса керек, оң жақ тізесі жыртылып, сол тұстан шып-шып шыққан қан да көрінеді. Аққұба өңі әлемтапырақтанап, жаулығы жалбырап, шашы қобырап кетіпті. Қолына ұстаған кетпеннің жүзі күн нұрына шағылысып, жарқ-жұрқ етеді.
– Жамал, – деді ентігіп, жүгіріп жеткен бойда, – құдайыңа қарасаң етті. Не болды, сонша асығып?
Суды өз жағына толық бұрып, енді кетпекке айналған Жамал да қарап қалмады. Көзі ақиланып, шабынып, өре тұра келген.
– Нені тантып тұрсың Райхан, – деді дауысы саңқ ете түсіп, – сенің айтып тұрғаның не өзі? Мен суды алсам сағатына қарап, өз уақытында алдым. Сергей суды сағат он екіде бұр деген.
– Сергей де, сен де құры, – деді Райхан долданып, – сәл шыдай тұруға болатын еді ғой. Екі сағат шыдас бергенде, егістік толық суға қанып, балбырап шығар еді. Жо, мен суды бұрамын.
– Жоқ, бұрмайсың, – деді Жамал.
– Бұрамын, – деді Райхан.
– Бұрып көр, қане.
– Бұрғанның көкесін қазір көресің. Бүгіннен қалса бар ма, тура жарты гектар жер күйіп кетеді.
– Менің де жүгерім оңып тұрған жоқ. Қатты жел шықса, ұшып кетудің алдында тұр…
Не де болса, тәуекелге бел буған Райхан енді суды шындап бұра бастап еді. Бекіткен жердің тақтайшасын сілкіп тартып, енді шымын ала бергенде, Жамал да жетіп келген. Екі кетпеннің шақ-шұқ етіп, қағысқан үні естілді. Райхан суды өз жағына ашып, Жамал оны қайта жауып, екі диқан әйел әлекке түсті. Екеуі де долырып алған, ыс-ыс етеді.
Осындай бір қарбаласта Жамал өз кетпенін тастай беріп, Райханның кетпеніне қол салған. Шап беріп, жұлып алмақ еді. Бірақ күші жетпеді. Райхан да оңайлықпен дес берер емес. Енді екеуі бір кетпенге таласып, ұзақ сілкілесті. Бұл сілкілесудің аяғы аз болмағанда, шаштасып жұлысуға апарар ма еді, кім білсін. Осы кезде Сергей де келіп жеткен.
Егістікті аралап жүрген беті екен. Агроном. Мән-жәйді салған жерден сезе қойған агроном жанжалды тезінен тоқтатып, өзінше жанашырлық танытқандай еді.
– Диқандар, – деді екеуіне алма кезек қарап, – менің есіл, адал жұмысшыларым. Енді кетпенді маған бере қойыңдар.
Екеуі де сілкілесуден қолдары талып, әбден шаршаса керек. Кетпенді сұраған бойда дереу бере салған.
–Енді жүріңдер, тоғанның жиегіне отырып сөйлеселік.
– Жолдас агроном, – деді бірінші болып сөзге араласқан Жамал, – мен сағатқа қарадым.
Сөйтті де бар болған жәйді толық баяндап шықты.
–Жарты гектардай ғана жер қалып еді, – деп енді сөзге Райхан килікті, – жарты гектар. Енді ол араға түк шықпайды. Күйді деген сол.
– Ештеме етпейді, – деді агроном қораптан шылымын суырып жатып, – егін шықпаған жердің жазасы жарты парақ қағаз. Акт жазамыз да тастаймыз. Керек болса, екеуіңнің иелігіңдегі мынау далиған жүгері алқабына да, екі парақ акт жазып, жаназасын шығара салуға болады. Осының бәрі бос сөз, түкке де тұрмайды. Шу көтергендеріңіз бекер болған.
– Енді мынау судың мәселесін шешіңіз, – деді Райхан тіксінгендей болып, – қараңызшы біз мұнда дауласып, өзара керілдесіп тұрғанда, судың жартысы ана жаққа, жартысы мына жаққа ағып жатыр. Не онда жоқ, не мұнда жоқ.
– Райхан, – деді агроном, – сен оған еш алаң болма. Солай-ақ аға берсін. Керек десе, егістікке келер су түгел тартылып қалсын. Бұған да су жоқ деп жарты бет акт жаза салуға болады. Бәрі де түк емес. Сіздер босқа тыраштанасыздар… Су бүгін осылай аға берсін. Ертеңнен бастап, дерліктей Жамалдың иелігіне көшеді.
Сергей осыны айтты да, енді не болсаңдар, о болыңдар дегендей қолды бір сілтеп, кердеңдей басып, машинаға бет алды.
Екі әйелдің бірі кетпеніне сүйеніп, сілейіп тұрып қалғанда, екіншісі аршындай басып, егіс танабына асығып бара жатты. Дәл осы кезде күтпеген тосын жәй орын алды. Егіс алқабының батыс жақ бүйірінен бір жеңіл машина қара көрсетті де, бұл кім деп түстеп болғанша жетіп те келді. Сергей бөшке машинасының ішіне енді ғана еніп, от бермекке айналып еді. Іле есік қайта ашылды да, егістік басына ұмтылды. Ақ түстес,жеңіл машинаның есігі ашылғанда, ішінен домаланған,семіз сары қасқа тысқа шықты. Дәл тысқа шыққан бойда не түлен түрткенін кім білсін, еңкеңдеп барып, етпетінен құлап түсті. Тура тұмсығымен жер сүзді. Соның арасынша елпең қағып жетіп келген Сергей шыр-пыр болды.
– Бұл біздің бастық,– деді тездете сөйлеп, – ауданға жаңадан келген бас агроном Григорий Павлович, – ел мен жер жағдайымен танысып жүр. Григорий Павлович, Григорий, – деп енді жығылған орнында үйелеп тұра алмай жатқан бастығына ұмтылды, – тұрыңыз, тұрыңыз, бір жеріңіз ауырып қалған жоқ па.
Жүргізуші екеуі екі жақтап тұрғызбаққа айналып еді. Дегенмен бастық тұра алмады. Мас екен. Шамадан тыс ішкен арақ есін алып, еңбектетіп жіберіпті.
– Бұл тұрған әйелдер кімдер? – деді тілі бұралып әрең сөйлеп.
– Бұлар біздің мақтанышымыз, диқан әйелдер, – деді Сергей.
– Диқан әйелдер жақсы, – деді елмен танысушы бастық қылғына сөйлеп, – мен диқан әйелдерді сүйемін.
– Су аз, жолдас бастық, су жетпей жатыр.
– Су көп болады, көп те болады.
– Су жетпеген жерге дән шықпайды. Мен бұл әйелдерді егіс шықпаса, акт жазамыз деп жұбаттым.
– Дұрыс, өте дұрыс айтқансың. Акт жазамыз. Керек десе, қазір-ақ жаза салуға болады. Диқан әйелдер, қазақтар, – деді бастық, – қос қолын сермелеп,– бұлар коммунизмге барады. Коммунизмге осылар барады, ең бірінші осы екеуі кіреді. Ал біз айдалада, осы егістіктің басында қаламыз. Бұлар коммунизм дастарқанының басында осы жүгері дәнінен жасалған тәтті-дәмді жеп отырғанда, біз тоғай ішінде торай қуалап, торғай атып жүреміз. Ой, қандай өкінішті, өмір сүргім келмейді, – деп қолымен жер тоқпақтап, қай-қайдағыны сандырақтап жатып, енді тіпті сөйлеуге де мұршасы келмей шалқалай құлаған қалпы үні өшкен. Агроном айналақтап жанында қалды да, қос құрбы бір-біріне күле тіл қатты.
– Бұл да бір есте сақтап, алдағы өмір күндері айта жүретін әңгіме шығар.
– Е, солай ғой, өзге не дейсің…
Жаз өзгеше мінез танытқандай болған. Сол күннен бастап, аспанға бұлт айналып, жиі-жиі жауын жауа бастаған. Жер беті қайта құлпырды. Жүгері бітік болып өсті. Өнімі де мол болғандай.
Айта кететіні, сол бір қуаңшылық жайлаған аптап күндермен қоса, сол жылы жазда қызыл қоғам да келмеске кетіп еді. Жамалдың ойымен бейнелеп айтқанда, тәңірдің өзі сол қолдан жасаған құбыжық, қызыл қоғамға «акт» жазып тастаған секілді…
Жүгеріден алынған дән де, түскен өнім де ағылған машиналарға тиеліп, әлде бір беймәлім тұсқа аттанбай, қайта айналып, ауыл қамбасына құйылды. Егістік қызығын ел көрді…

***
Арада жылға салым уақыт өтіп еді. Қызыл қоғамның да тас ошағы талқан болып, құрығанына да сонша мерзім өткен.
Көкжөтелдің аяғы әлдебір ішкі ауруға ұласып, жағдайы күрт нашарлағандай болған Жамал аудандық орталық емханаға барса, Райхан да сонда емделіп жатыр екен. Екеуі бір бөлмеге жайғасты.
– Райхан, сен мұнда қашан түстің, – деді Жамал амандықтан соң сыр тартқандай болып, – тегі түскеніңді де білмей қалыппын.
– Айдан асты, – деді Райхан өз жәйінен мәлімет беріп, – не болды дертің бар ма, сол баяғы суықтың кесірінен болған нәрселер.
– Қай жеріңе суық тиіпті?
– Ой, құрсын, қай жері дерің бар ма? Тегі сау-тамтығымыз қалмағанға ұқсайды. Қызыл қоғамның жұмысы, жоспар деп жүріп, денсаулықты әбден құртып бітуге айналыптық. Әсіресе, бел қиын болып тұр. Өзің ше?
– Мен де қай бір шекесі шылқып тұр дейсің. Сүйекке суық өткен дейді. Енді сол суық жүрекке шаба бастаса керек. Әй, әдірем қалғыр қызыл үкімет-ай, құрттың-ау ақыры. Қызыл итке таланды деген осы болар…
– Иә, құртып кетті. Өміріміздің жастығын, жүрегіміздің жалынын жалмап кетті. Дәнімізді алып, сабаны қалғандаймыз.
– Жоспар беретінін қайтерсің.
Райхан күлді. Жамал да оған қосыла күлді.
– Әуелі бір-бірімізді атыстырып, шабыстырып қойғанын қайтерің.
– Жарыстыратынын айтсайшы.
– Иә, өліп-тіріліп жарысқа түсетінбіз. Сондағы алатынымыз құйтақандай қызыл жалауша, Лениннің басы қылтиған жылтырақ темір, қос қолдың басындай радио.
– Алдау ғой, алдау.
– Алдағанда бар ма, тура жас баланы алдағандай алдады ғой.
– Былтырғы әлгі екеуміздің тоған басында суға таласып, қырқысқанымыз есіңде ме?
– Иә, иә.
– Әлгі Сергей келетінде ше?
– Иә, иә.
– Ой, масқара-ай, суға таласып, қырылысып қала жаздадық-ау сонда.
– Сергей болмағанда ол да болар ма еді, кім білсін…
Екі әйел сықылықтап күлді. Шын күлкі. Қызыл қоғамға деген уытты күлкі, еркіндік күлкісі…
– Райхан, – деді Жамал енді күлкіден тиылып, – Реке деймін.
– Әу, – деді Райхан.
– Мен саған бір байламды пікір айтқым келіп тұр.
– Айта ғой, айт.
– Айтсам былай, екеуміз жастайымыздан бірге өстік. Сыныптаспыз, сырласпыз. Ойлаймын, осы екеумізден де әлі күш кете қоймаған секіді.
– Е, құдай сақтасын. Тұғырдан тайғанымыз жоқ әлі.
– Осы екеуміз отбасымызбен бірігіп, «Қос құрбы» атты шаруа қожалығын құрсақ қайтеді?
– Болады, болғанда қандай. Осы кезде әркім өз сыбайластарын тауып, ұжымдасып жатқан көрінеді. Біздің де солардан неміз кем?
– Өте ұғымды айтасың. Құралық, мен тегі бұл игілікті іске қарсы емеспін.
– Бәрекелді, сөзімді жерге тастамай, құптағаныңа рақмет…
– Оқасы жоқ…
Көп ұзамай «Қос құрбы» атты шаруа қожалығы құрылған. Ен даладан егістікке жер алды. Шабындық жер тау баурайынан тиді. Бар мал бір ортаға ұйысты. «Береке басы – бірлік» деген сол. Өзара тіл табысқан, татулығы жарасқан шағын шаруа қожалығының табысы уақыт өткен сайын еселеніп, арта түсті. Табыс молыға түскен. Нәтиже артқан сайын түрлі түйткілдерде шешіліп, «Қос құрбы» шаруа қожалығында беймарал, бейқұт шақ туғандай еді. Егістіктен түскен өнім өздерінен артылып, өзгенің қамбасына құйылды. Қожалық ісі дамыған сайын оған өзгенің қызығушылығы артты. «Қос құрбыға» еліктеп басқа өңірлерде де шаруа қожалықтары құрыла бастады. Ынтымағы жарасқан, жұдырықтай шаруа қожалығы алыстағы ауылдың мақтанышына айналды.
Әлбетте бұл шақта қос құрбы бұрынғыдай қара жұмысқа араласпады. Етігімен су кешіп, шақылдатып кетпен шаппады. Тұла бойы селкілдеп, трактор кабинасына отырып, мехнат шекпеді. Табанынан тозып, таңдайы тобарсып, шөл азабын тартпады. Былайша айтқанда адамды «кеңестік қинаудың» жәбірін көрмеді.
Қос құрбы тек қана ұйымдастыру, басшылық ісімен айналысты. Екеуара бірігіп, жұмыс кестесін жасады. Болуға тиселі істің жобасын әзірледі. Шаруа қожалығына керекті түрлі құжаттармен шұғылданды. Кешегі күні дөңгелегі арбиған трактор мінген әйелге бүгінгі жүйткіген жеңіл машина міну түкке тұрмады. Неше алуан машиналар қос құрбының тақымының астында жорғадай жүйткіді. Бірде жұмыс басына жеңіл машинамен кезекпе-кезек барса, ендігі бірде әлгі машинаның алдыңғы қатарында екеуі қатар орын тепті…Дәл осы кезді өткенмен салыстыруға мүлдем келмейді. Дүние репеті кісі танымастай болып өзгерген. Бұрындары сәті түссе рациямен ғана тілдесуші еді. Оның үстіне рацияның қолданбалы дүниесі түгел орнатылған тұсқа жақын болса ғана тілдесуге мүмкіндік туатын. Ал қазір байланыс қызметіңнің бәрін қалта телефоны мүлтіксіз атқарып тұр. Ой демейді, қыр демейді қалаған жерінде, қалаған уақытында хабарласа береді. Реті түссе қалта телефонның бетінде әрқилы сөздер тізбектеліп, сырғып өтіп жатады. Әлдебір шың еткен дабыстан кейін жүгіргіш жазулар тізбегі шұбырады.
«Райхан сен қайдасың, мен төменгі жаңа егіс алқабын аралап жүмін,– дейді сөйлесушінің қалта телефонының бетіндегі жазулар, – түс ауа ауылға қайтамын».
«Мен бүгін шаруа басына бара алмадым, – деген жазулар әйнек бетін өрнектейді, – оның үстіне аудандық мекемеге істеген ісіміз туралы ақпарат беретін мезгіл де таяды. Соған сай тиселі құжаттарды дайындап жатырмын».
«Жолшыбай бір кездегі екеумізге тиісті көне жүгері алқабын аралай кет. Егістік қашан суғарылған, енді қашан суғару керектігін анықтай кет».
«Әлгі Сергей бастық сымақ болып, жөн сілтеп жүретін тұс па?»
«Иә, соның өзі, құрбым-ау, басқасын айтсаң да, сол Сергейдің атын атамашы».
«Неге, ол деген бір замандағы бастығымыз ғой».
«Бастық болса, болған шығар. Алайда осы күнге дейін бар деймісің ол неме».
«Иә, иә, ол ішкіш болатын. Әлдеқашан өліп, сүйегі де қурап қалған шығар».
«Қанша дегенмен көз көрген пенде ғой, өлсе иманы жолдас болсын…».
Кей сәттерде қос құрбы арасындағы тілдесу осылайша жалғасатын.
Үш жыл өткенде қос құрбының алпыс жылдық мерейтойы да келіп жетіп еді. Әуелі мәдениет сарайында үлкен жиын өтті. Үлкен тойды «Қос құрбы» шаруа қожалығының мейрамханасында өткізу белгіленді. Залда ине шаншар орын қалмады. Залдың қақ төріне қос құрбы жайғасты. Арғы жағындағы кілемде «Райхан-Жамал. 60» деген жазулар электр шамының көмегімен алуан түрлі құбылды. Қос құрбының өмірі жайлы ауыл әкімі Ерубай баяндама жасады.
– Қос құрбының бүкіл өмірі, жастық жылдары елге еңбек етумен өтті, – деді ол өз сөзінде, – еңбектері еш кетпеді. Қызыл қоғам тұсында талай медаль, ордендер алды. Оны осы отырған жұрттың бәрі біледі. Ендігі тірліктері міне, оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. «Қос құрбы» шаруа қожалығы аудандағы ғана емес, облыс көлеміндегі ең дамыған, жетілген шаруашылықтардың біріне айналып отыр. Осының бәрі қатары жазылмаған қос құрбының арқасы. Осындай апайларымыздың мәртебесі мың мәрте арта берсін демекпін.
Жиналғандар ду қол соқты. Зал іші гуілдеп кетті.
– Бұл екеуі бұрыннан жүйрік қой, еңбек жүйрігі.
– Мынандай әйелдер тұрғанда «Қос құрбы» жанданбағанда қайтушы еді.
– Әй, бұлар істеуін істеді-ау.
– Кешегі Кеңес тұсында да арқа еті арша, борбай еті борша болып, еңбек етті.
– Иә, ол еңбектері де босқа кетпеді…Енді міне, Жаңа Қазақстанды гүлдентуге барын салып отыр…
– Жаңа Қазақстан – бұл біздің ертеңіміз, жарқын болашағымыз. Сол үшінде барша Алаш жұрты жұдырықтай жұмылып, аянбай еңбек етуіміз керек.
– Бұл – замана талабы.
– Кешегі күні өткен өгей үкіметке де еңбек еттік қой, оған қарағанда енді өз игілігіміз үшін неден тартыналық.
– Тек қана алға деу керек, Алға Қазақстан!
– Халайық,– деді залдың орта тұсынан дауысы шіңкілдеп шығатын, құйттай сары кісі, – Менің атым Әбітай. Мен осы екі әйелмен құрдаспын. Екеуіне алған сыйлығым бар. Ол түрлі-түсті екі телевизор, – деп бір қойды.
Сірә, отырғандардан қошемет күткен сыңайлы. Отырғандар тағы қиқулап қоя берді.
– Халайық, – деді Әбітай тағы қылғына сөйлеп, – осы «Қос құрбы» шаруа қожалығы қос құрбыға не тарту етер екен. Енді соны көргім келіп тұр.
Ел тағы дүрлігіп кетті…
Сәлден соң соңғы үлгіде салынған мәдениет сарайының бүйір қақпалары айқара ашылып, екі жақтан ақ шағаладай аппақ екі шет елдік жеңіл машина сахна төріне шығып, тұмсық тіресіп тұра қалды.
Жиылғандар тағы айғайға басты…
–Жамал, сыйлық құтты болсын!
– Райхан машинаң құтты болсын!…
– Бәсе, «Қос құрбы» жарады….
Фотоаппарат шырағы үздіксіз жарқылдап жатты. Екі-үш тартқыш камера тұс-тұстан төніп, сахна қозғалысының бәрін жаппай түсіруде еді. Аппақ жібектен төгілте киінген қос құрбы машина кабинасына кіріп, аз отырды да, қайта шықты. Қалың елге қол бұлғады.
– Кешке тойға келіңіздер.
– Барлықтарыңызды тойға шақырамыз!
– Тойда кездесейік!
– Бәрімізге Алланың шарапаты жаусын!!!
Жиналыстан соң қос машина бірдей жолға шығып, бүкіл ауыл көшелерін аралап шықты. Баяу ғана баппен қозғалып, сынаптай сырғыды. Үй біткен қасынан өтіп бара жатқан қос машинаға шашу шашып, құрмет көрсетті.
Қос құрбы өздерін жерде емес, көгілдір аспан аясында қатар ұшып бара жатқан қос аққудай сезініп еді…

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ,
«Ана тілі» газеті
15 желтоқсан, 2022 жыл

Таңдаулы материалдар

Close