Basty bet
Тоғыз жолдың торабындағы “Боранды” бекеті қайта жаңғыртылды
Боранды бекеті туралы жуалылық журналист, жазушы Амангелді Ормантайдың «Бауыржан батырдың балалық шағы» атты кітабында да кеңінен сөз болады. Автор туған өлкенің табиғатын әсерлі суреттеп: «Күйік асуынан Қаратау мен айбарлы Алатаудың ортасындағы кең жазықты қақ жарып шойын жол өтеді. Кәрі Қаратау бұл кәрі тамырға төменнен бұйыға қараса, жаңа келген жаңа жылдай жасауларын тағынған, өр кеудесін асқақ көтеріп тұрған Алатау жоғарыдан төмен қарап тұрады. Сол темір жолда Боранды бекеті бар. Бір кезде осы темір жолды тартқан кезде жол осы бекетке келіп тоқтаған екен. Борандының табиғаты өзгеше. Небәрі алпыс шақырымдай жердегі Тараз қаласында күн күйдіріп тұрса, мұнда жаңбыр төккен, ал онда күн ашық уақытта мұнда қар борап тұратын кездер жиі кездеседі. Жазы салқын, қысы қатал. Боранды деп сол теміржолшылар қойыпты» – деп жазады.
Расында да, Борандының табиғаты атауына сай. Жуалының жазық даласын қақ жарып жатқан темір жолдың бойындағы бұл бекет талай жылдан бері жолаушыларға үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Мұнда пойыздар аялдап, жолаушыларын түсіріп, жаңа жолаушыларын мінгізіп, сапарын жалғастырады. Темір жолдың тынымсыз тіршілігімен бірге бекеттің де тынысы үзілген емес.
Ал биыл талай жылдан бері жолаушыларға қызмет көрсетіп келген «Боранды» теміржол вокзалы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі теміржол вокзалдарын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында күрделі жөндеуден өтіп, салтанатты жағдайда пайдалануға берілді.
Жаңғырту жұмыстарының барысында вокзал ғимараты толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, инженерлік-коммуникациялық жүйелері жаңартылды. Ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары заман талабына сай жүргізіліп, нысанның сәулеттік келбетіне де жаңа сипат берілді. Қазіргі таңда жаңарған нысан ауданның сәулеттік келбетіне көрік беріп қана қоймай, тұрғындар сейіл құрып, тынығатын орындардың біріне айналып отыр.
Жаңа кейіпке енген теміржол вокзалына арнайы барып, құрылыс жұмыстарын жүргізген «Идел-Тараз» ЖШС-ның прорабы Қамбарбек Момынқұловпен тілдесіп, атқарылған жұмыстардың жай-жапсарына қанықтық.
Таныстыру жұмысын прораб вокзалдың кіреберісіндегі бас қақпадан бастады. Мұнда абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, жолаушыларға қолайлы болу үшін орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған. Кіреберіске жаңа брусчатка төселіп, айналасы көркейтілген. Көгалдандырылған аумақ пен заманауи жарықтандыру жүйесі нысанның сыртқы келбетіне ажар қосып тұр.
Вокзалдың ішкі бөлігі де заман талабына сай жаңғыртылған. Жолаушылар мен қызметкерлерге қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған. Қамбарбек Момынқұлов ең алдымен кең әрі жарық күту залын көрсетті.
Бұдан кейін билет кассасы, диспетчерлік бөлме және “Боранды” бекетіндегі көліктегі полиция қызметкерлеріне арналған желілік полиция бөлмесімен таныстырды. Сонымен қатар қызметкерлердің тынығып, демалуына да жағдай жасалған.
Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында күту залы заманауи жабдықтармен толықтырылып, билет рәсімдеу және қызмет көрсету аймақтары жаңартылған. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен кішкентай баласы бар ата-аналар үшін арнайы күту орындары қарастырылып, нысанда қолжетімді орта қалыптастырылған.
Вокзал ғимаратында жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін 10 кондиционер орнатылып, ішкі желдету жүйесі іске қосылған. Сонымен қатар су есептегіш құралдары қойылып, жылыту жүйесіне арналған бөлмелер қарастырылған. Нысанда техникалық қызметкерлерге арналған арнайы бөлме де бар.
Ғимараттың ішкі бөлігін аралап болған соң, вокзалдың сыртқы аумағына шықтық. Бұл жерден жүйткіген пойыздар Боранды бекетіне аялдап, жолаушыларын түсіріп, жаңа жолаушыларын мінгізіп, сапарын әрі қарай жалғастырады. Сыртқы аумақ та назардан тыс қалмаған. Мұнда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы пандус орнатылған. Вокзал маңына барлығы 14 орындық пен төрт күту аялдамасы қойылған. Ал ұзындығы 306 метрді құрайтын перронға брусчатка төселіп, жолаушылардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалған.
Ғимаратты жылыту үшін екі қазандық орнатылған. Оның бірі газбен жұмыс істесе, екіншісі электр қуатымен жылытуға арналған қосалқы жүйе ретінде қарастырылған. Сонымен қатар, вокзал аумағында тұрмыстық қалдықтарға арналған арнайы контейнер қойылып, электр қуаты өшкен жағдайда нысанның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін резервтік генератор орнатылған.
Қазіргі таңда вокзал аумағында көгалдарды суару жүйесін және инженерлік-коммуникациялық жүйелерді толық іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта аумаққа көпжылдық жасыл желектер отырғызылып, айналасы одан әрі көркейтіле түспек.
Вокзал қызметкерлері үшін арнайы автотұрақ жасалған. Ал жолаушыларға арналған тұрақ толықтай асфальтталып, пайдалануға берілген. Осылайша, Боранды теміржол вокзалының тек ғимараты ғана емес, оның айналасы да заман талабына сай жаңартылып, жолаушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылған.
Жалпы аумағы 303,94 шаршы метрді құрайтын вокзал тәулігіне орта есеппен 54 жолаушыға қызмет көрсетеді. Бір мезетте 28 адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Мұнда тоғыз қызметкер бір ауысыммен еңбек етеді.
Жаңғыртылған вокзал қалааралық және қала маңындағы пойыз жолаушыларына сапалы әрі қолайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Кезінде теміржолшылардың аялдайтын қарапайым бекеті болған Боранды теміржол вокзалы бүгінде заман талабына сай жаңарып, жолаушылар үшін жайлы да қолайлы нысанға айналып отыр. Кеше мен бүгінді жалғаған темір жол бойындағы Боранды бекеті енді жаңа келбетімен Жуалының ажарын айшықтап, жолаушыларға қызмет көрсете бермек.
