Basty bet
Ұлыдан қалған ұлағат ұмытылмайды
немесе Халық жазушысы Шерхан Мұртазамен алғашқы дидарласу
Иман – қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат-пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым екені белгілі. Ата-бабаларымыздың ақиқатқа жетелеп, екі дүниенің бақытына бастайтын сенімінің де басты тірегі осы – имандылық. «Имандылық» деген бір ғана сөздің бойына ар, ұят, ынсап және қанағат сияқты бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр емес пе?!. Қазақтың жүзі жылы жанды жолықтыра қалса, «бетінен иманы төгіліп тұрған адам екен» немесе «иманжүзді кісі екен» деп сөз ететіні де сондықтан. Тіпті, адам ғұмырының мәні болып саналатын махаббат сезімінің де негізі дәл осы имандылықтан басталады.
Қазір бүкіл исі мұсылман қауымы үшін қадірлі ай саналатын – Рамазан айын өткеріп жатырмыз. Осы қасиетті айда Ұлы Жаратушыға құлшылық етіп, игі тілек тілеп жатқан барша жұртшылықтың тілегінің қабыл болуын тілей отырып, мына бір имани әңгімені назарларыңызға ұсынғым келеді. Бұл оқиға 2004 жылы болған еді.
Онда мен Қазақ Халықаралық Араб университетін жаңадан аяқтаған жас маман болатынмын. Алла тағаланың нәсіп етуімен және ауданға қарасты Талапты ауылы тұрғындарының өтінішімен, сол ауылға тарауих намазын өткізу үшін уақытша имам болып бардым. Бұл қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген қыс мезгілі болатын.
Сол тұста ауданның бас имамының қызметін Сейітқазы қажы Медетбек атқаратын. Сол кісінің ұйғарымымен әрі ауыл тұрғындарының өтінішімен жұртшылықпен бірге тарауих намазын өткізу үшін Талапты ауылына бардым. Менің алғашқы имамдық қызметім де міне, осылай басталған еді.
Имандылық – халқымыздың ата-бабадан ұстанып келе жатқан асыл құндылығы екенін барлығыңыз да жақсы білесіздер. Әлі есімде, мен Талапты ауылына барған 2004 жылы ол ауылда Алланың үйі жоқ еді. Осы ауылдың түлегі, жерлес жазушы Шерхан Мұртазаның бастамасымен сол жылы ауылға мешіт салынатын болды. Ол тұста қасиетті Рамазан айы да аяқталып, ұмытпасам, көктем мезгілі болатын. Ауыл тұрғындары жиналып, мешіт салардан бұрын құдайытамақ беріп, жұртшылықтан бата алу үшін жиын жасады. Менің жасым сол кезде небәрі 22-де болса да, дастарханнан ауылдың қарияларымен бірге мен де төрден орын алдым.
Төрде менің оң жағымда жазушы Шерхан Мұртаза отырды. Найзағайдай намысымен және найзадай қаламымен Қазақстанға кеңінен танымал болған Шерхан Мұртазамен бірге отырып, ол кісімен дастархандас, дәмдес болу бір жағынан мен үшін үлкен мәртебе болды. Ол кісі өзіне тән ұстамдылығымен айналасына жіті қарап, қариялардан елдің, ауыл тұрғындарының хал-жағдайын, ауылдастарының тыныс-тіршілігін тәтпіштеп сұрап жатыр.
Барлығымыз дастарханның басында әңгіме-дүкен құрып отырғанбыз. Сол тұста көп қарияның ішінен бір кісі маған қарап:
-Әй, бала, маған ана алмадан алып берші,- деді.
Мен әлгі кісінің айтқанын екі етпестен, дастарханға қолымды созғаным сол еді, оң жағымда отырған Шерхан аға қолымды ұстап қалып, қайта қайтарды да зор даусымен:
«-Уа, халайық, ағайын, қадірлілерім!»,- деп сөз бастағанда, дастархан басында отырған дүйім жұрт бір сәт сілтідей тына қалды. Бір жағынан қариялар Шерағаң не айтар екен деген оймен әліптің артын бағып отырғандай.
Шераға манағы «Әй, бала, маған ана алмадан алып берші» деген кісіге емес, ауылдағы өзімен тең өскен құрдасына қарап:
-Әй, біз о-бастан мұсылман халықпыз, оның ішінде, қазақ деген ел боламыз. Халқымызда «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген нақыл сөздің бар екенін бәріңіз білесіздер. Мен жұмыс бабымен, журналистік сапарлармен әлемнің талай елінде болдым. Сол талай елдің өздеріне тән сенім-нанымдарына байланысты ұстанатын діндері де бар. Мысалы, христиандарда діннің қызметкерін «әкей» немесе әулие әкей, поп, монах деп атайды. Ал туыстық жағынан өзімізге жақын болып келетін мұсылман халқының ішіндегі өзбектерде «Дом молла», ал бізде діннің қызметкерін «Молда» немесе имам, ишан, сопы, міне осындай атаулармен атап, оған халық арасында ерекше мәртебе беріп, құрметпен солай атайды.
Біз ауылда жаңадан мешіттің құрылысын бастайын деп жатырмыз. Асыл дінімізді осында кеңінен насихаттап, имандылықтың шарттарын үйрететін имам керек бізге. Олар халыққа өсиет, насихат айтатын адамдар. Міне, біз осындай дін қызметкерін «Ей, бала» деп атайтын болсақ, бұл да Сізге өте қатты сын емес пе?!
Бұл имам жігіт алақандай ауылдағы асыл дініміздің насихатшысы. «Әй, бала» деп көшеде ойнап жүрген бір топ балаға қаратып айтылса керек. Онда бұл баланы да сол топ баланың ішіне қосып жіберейік. Сондықтан біз ауыл болып бұл имам жігіттің сөзін де, өзін де сыйлауымыз қажет. «Әй, бала» деп отырсақ, алдындағы жамағат оның сөзін қалай тыңдамақ, өзін қалай сыйламақ? Осыған сақ болуымыз керек,- деп сөзін аяқтады Шераға.
Осыны тыңдаған жұрт та орнынан қозғалақтап, «Иә, иә» деп, қариялар жағы бас шұлғып, мақұлдап отырды.
Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген үлкен аталы сөз бар. Дін қызметкері болып жаңадан жұмысымды бастағанымда, Шерхан Мұртазаның мені, жалпы имандылықты жақтап, оған арашашы болып сөз сөйлегені әлі де менің жадымда жаттаулы тұрғандай.
«Мың қосшыға – бір басшы» деген. Шерағаң ауылға келген сайын имамға басшы емес, қосшы болудың қажеттілігін үнемі айтып, имамға құрмет көрсету арқылы асыл дініміз – Исламның, жалпы имандылықтың қадірін арттыру ісіне ұдайы көңіл бөліп, ауылдастарына осына насихаттап отыратын.
Арттағыға, жалпы жас ұрпаққа ұлағатты сөз қалдырған қасиетті Жуалы жерінің тау тұлғалы азаматының бірегейі – Шерхан Мұртазаның «Дін бұзылса, ел бұзылады» деп қадап айтып, ауылдың қариялары мен өзінің ауылдастарын имамды қадірлеуге, имандылықтың шарттарын орындауға деген ықылас-ниетінің шынайы болғаны кім-кімге де молынан үлгі-өнеге екені анық.
Халқымыз ежелден асыл дініміз – Исламды ұстанып, оны үнемі қадір-қасиет тұтып келеді. Ал діннің де өркендеуіне, оның ел ішінде өз деңгейінде насихатталуына үлкен күш-жігер керек. Ал дінді қадірлеген кісінің бірі ретінде жерлесіміз, халық жүргенінен ойып тұрып орын алған қайраткер тұлғаның ұрпаққа қалдырған ұлағаты жадымыздан өшпек емес.
Мен Шерағаның дастархан басында айтқан бір ауыз сөзінен мәртебем өсіп, бойыма күш-жігердің құйылғанын анық байқадым. Бір жағынан осындай ұлы тұлғаның туған ауылын мен де өз ауылымдай жақсы көріп кеткенімді қалай жасырайын…
«Ұлылардан – ұлағат, жақсыдан – шарапат» деген осы болар, Шерағаның ауылынан имамдық қызметімді бастағаннан кейінгі жалдары да ауданда біраз жыл имамдық қызмет атқардым. Қазіргі таңда денсаулық жағдайыма байланысты аз уақыт имамдық қызметтен қол үзіп қалғаным болмаса, асыл дінді ел ішіне насихаттау ісіне атсалыса беретін боламын.
Ал асыл дінді жұртшылыққа насихаттау ісіне Шерхан Мұртазаның сонау 2004 жылы айтқан ұлағатты сөзі игі әсер етіп, маған шарапатшы болғанын баса айтқым келеді. Шерағаның ұлағатты сөзі менің санамда әлі де жаңғыра беретін болады!
Нұрлан ӘМІРБАЕВ,
дін қызметкері.
Бауыржан Момышұлы ауылы