Basty bet

Азаматтар бірқатар мәселемен қайырылды

Бейсенбі күні алдын ала жасалған қабылдау кестесіне сәйкес, аудан әкімі Жалғас Мұртаза өзінің қабылдау бөлмесінде бірқатар азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдау жүргізді.

Аудан әкімінің қабылдауында Қайрат ауылы М.Әлімбекұлы көшесінің тұрғыны Әбдірахман Сағынбеков ең бірінші болып кіріп, ол аталған көшеде орналасқан бес тұрғын үйге ауызсу құбырының тартылмағанын айтты. Ауызсу құбырында қажетті қысым болмағандықтан, бес үйге су келмейді. Аталған мәселеден аудандық «Жуалы-Су» мекемесінің басшылығы хабардар.
Ауыл тұрғынының мәселесін тыңдаған аудан басшысы Жалғас Мұртаза аудандық «Жуалы-Су» мекемесінің басшысы Қуанышбек Болысбаевқа алдын ала жасалған есептеулерге байланысты шығып отырған 1,5 млн теңгеге тиісті заңдылықтар аясында құжаттарды дайындап, аудандық бюджетке өтінім беруді тапсырды.
Екінші кезекте аудан басшысының қабылдауында болған Диқан ауылының тұрғыны Тұрсын Байбосынов ауыл маңындағы жаңа тұрғын үй алабынан (Диқан орта мектебінің маңынан) жеке балабақша немесе басқа да кәсіпкерлік нысанын ашу жөнінде кеңес сұрап, егер балабақша салған жағдайда оған ауданның тиісті бөлімінен рұқсаттама алудың жолдарын сұрады. Ауыл тұрғыны бұл үшін ауыл маңынан 50 соттық жерді аукцион арқылы алған екен.
Аудан әкімі ауыл тұрғынының өтінішін мұқият тыңдай келе, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Мәденовадан жеке балабақша ашқан жағдайда жеке кәсіпкер қандай талаптарды ескеру қажет екенін сұрады. Бөлім басшысының м.а. Г.Мәденова Диқан ауылында жеке балабақша ашудың қажеттілігі туындап отырмағанын айтты. Оның үстіне 2025 жылға дейін балабақша ашу жөнінде білім бөлімінің ешқандай жоспары жоқ екенін жеткізді.
Сондай-ақ келесі кезекте аудан басшысының қабылдауында болған аудан азаматтары – Талғат Нұрмашев, Роза Қапарова, Нұрсейіт Мырзахметов және Бақытжан Жұманов жұмысқа орналасуға көмек көрсетілсе деген өтініштерімен қоса, ауызсу және ағын су, сонымен бірге аудан орталығынан қымызхана ашу үшін жер телімін алуға көмек сұрап және тағы басқа жеке мәселелермен қайырылды. Олардың барлығына заңдылықтар аясында тиісті жауаптар берілді.
Аудан әкімінің тұрғындарды жеке қабылдауында аудан әкімдігінің бірқатар бөлім басшылары да болып, жеке мәселелермен қайырылған тұрғындардың өтініштерін назарға алды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close