Basty bet
Ауылдарда атқарылған жұмыстар аз емес, алайда атқарылар жұмыс одан да көп
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде аудан әкімі Жалғас Мұртаза өткен жұма күні Нұрлыкент, Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Үш ауылдық округтегі кездесу де ауылдық әкімдіктерде өтті.
Тұрғындармен кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, сайлау округінен сайланған депуттар және бірқатар бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Алғашқы кездесу Нұрлыкент ауылында болды.
Аудан әкімі тұрғындардан бірінші егін ору науқанының барысы туралы сұрай келіп, ауылдық округтегі мәселелерге, атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарларға тоқталды.
-Ауылдық округте жол мәселесі көтерілген болатын. Жол Алла қаласа, келесі жылы жөнделетін болады. Сонымен бірге келер жылы Нұрлыкент ауылынан спорт кешенінің құрылысы басталады.
Нұрлыкент ауылы аудандағы ірі ауылдардың бірі және ауылдық округте алыс-жақын шет мемлекеттерден көшіп келген қандастарымыз басқа елді мекендермен салыстырғанда көп болғандықтан мұнда жұмыссыз жандар көп, яғни қоғамдық жұмысқа деген сұраныс та жоғары. Биыл 22 адам қоғамдық жұмысты атқарса, келер жылы тұрғындардың сұранысына қарай 35-40-қа жеткізетін боламыз.
Аудандық “Жұмыспен қамту орталығы” Мансап орталығы болып қайта құрылды. Ендігі жерде қоғамдық жұмысқа ниетті жандар электронды портал арқылы тіркеліп, кезекке тұрасыздар.
Нұрлыкент ауылындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізуге құжаттары әзірленуде.
Ал, Түктібай ауылындағы мәселе – ауызсу мен жаңа мектеп салу мәселесі.
Ауылдан 150 балаға арналған мектеп салу туралы хат министрлікке жолданды. Сұранысымыз қолдау тапты, енді алдағы жылы салынатын болады.
Ауызсу мәселесіне келсек, 2024-2025 жылдары ауылға ауызсу жүйесі жүргізіледі деп жоспарланған,- деді аудан басшысы. Жалғас Әлижанұлы әрі қарай “Ауыл аманаты” бағдарламасы жайлы түсіндірді.
-Келесі жылы Нұрлыкент ауылдық округі аталған жобаға кіреді. “Ауыл аманаты” жобасы ауылдағы қарапайым халықтың әл-ауқатын көтеруге арналған. Оның тиімділігі сол – 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізу үшін ауылдағы ағайын өз үйі мен қора-жайын кепілдікке қоя алады. Сондықтан қазірден үй-жайларыңыздың құжаттарын реттеп, қандай кәсіп ашатындарыңызды жоспарлаңыздар.
Ауылдағы ағайын кәсіп ашып, еңбек етіп, жағдайын көтермей, ауылдың жолын, басқа әлеуметтік нысандарын жөндегеннен пайда аз. Халықтың әл-ауқаты көтерілсе, ол ауылдың болашағы да бар. Болашағы бар ауылға үкімет те үлкен қолдау көрсетеді.
“Ауыл аманаты” жобасының бірінші мақсаты, саясаты – ауыл тұрғындарының жағдайын көтеру болса, екінші, сол ауылды гүлдендіру. Мысалы, қазіргі таңда осы жобаға енген Жетітөбе ауылдық округінде жол жөнделіп, басқа да жұмыстар атқарылуда.
Бұл жобадағы маңызды мәселенің бірі – несиені тиімді игеру. Мақсатсыз жұмсалған қаржы міндетті түрде сот арқылы үкіметке қайта қайтарылады,- деді Жалғас Мұртаза.
Кезек тұрғындардың сауалдарына берілді.
Тұрғындар тарапынан ауылдық кітапхананы көшіру, ағын су, көше жөндеу, жарықтандыру, ескі электр бағаналарын ауыстыру, көшелерге тал-дарақ егу, тағы да басқа мәселелер көтерілді. Аудан әкімі барлық сұраққа жеке-жеке тоқталып, жауап берді.
Кездесу соңынан Жалғас Әлижанұлы тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Ауылдық округте 6 тамыз күні ауыл әкімін сайлау өтеді. Жаңа сайланған әкімге жаңа мүмкіндіктер жүктеледі. Ауыл әкімінің мақсаты – тұрғындарды ортақ іске ұйымдастыру, халықтың мұң-мұқтажымен нәтижелі жұмыс істеу, ауызбіршілікке ұйытқы болу, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін, тиімділігін халыққа дұрыс жеткізе білу. Сондықтан бұл мәселе тұрғысынан ауылдық округтің болашақ әкімін көп жұмыс күтіп тұрғаны анық.
***
Қызыларық ауылдық округінде өткен жиналыста аудан әкімі бірінші егін алқабын суғаратын су мәселесіне тоқталып, мән-жайды түсіндіріп, шаруаларды түсінісіп жұмыс істеуге шақырды.
-Дұрыс, жұмыстың сапасын талап ету қажет, бірақ барлығы орынды болуы керек. Бос айқай-шудан ештеңе шешілмейді. Қазір өздеріңіз білесіздер, әрбір мәселеден ілік іздеп, елді арандатып, өз пайдасы үшін жұмыс істейтіндер көп. Ондайдан сақ болу керек,- деді аудан әкімі.
Жалғас Әлижанұлы сонымен бірге “Ауыл аманаты” жобасына тұрғындардың 95 пайызы атсалысуы қажеттігін айтты. Бұл ауылдың жағдайын көтеруге арналған бірден-бір тиімді жоба болғандықтан, шаруаларды мүмкіндікті жіберіп алмай, нақты жоспар жасап, несие алып, жылыжай, тағы да басқа болашағы бар, халыққа қажетті кәсіп түрлерін ашып, жұмыс істеуге шақырды.
Сонымен бірге мемлекеттің саясатын, аталған жобаның сәтті жүруіне тікелей негізгі көшбасшы ауыл әкімі екенін айта келіп, ауыл әкімі өз қызметіне жауапкершілікпен қарап, ал ауыл тұрғындарын түсініп, ауыл әкіміне қолдау көрсетіп жұмыс істеуге шақырды.
Аудан басшысы сондай-ақ шаруаларға жыл өткен сайын су тапшылығы сезіліп келе жатқанын, су үнемдеу технологияларының тиімділігін айта келіп, тамшылатып, жаңбырлатып суғару құрылғысын алуда шаруалар үшін келер жылдан 80 пайыз субсидия болатынын басса айтты.
Бүгінгі таңда ауылда ауызсу жүйесі жүргізілуде. Көптен күткен игі іске қуанған ауыл тұрғындары аудан әкіміне және үздіксіз жұмыс істеп жатқан “Жуалы Су” мекемесінің қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
Ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Садиров ауылда жұмыс істеймін деген адамға жұмыс көздері барын, өзінің кәсіпкерлік нысандарын жалға емес, тегін беретінін айтып, жастар ерінбесе, жұмыс жоқ деп үкіметтен жұмыс сұрағанша, өздері кәсіп ашып, еңбек етсе деген тілегін де жеткізді.
***
Бәйтерек ауылында өткен кездесуде аудан әкімі ауылдық округ әкімі мен тұрғындардан ағын су, ауызсу және жол мәселесін сұрады.
Ауыл көшелерін жөндеуді ұтып алған мердігер жолдың негіздемесін жасап қойғанымен әлі күнге дейін асфальт жабындысын төсемеген. Бұл тұрғындар үшін қолайсыздық тудыруда. Ауылдық округ әкімі Көбейсін Хайралапов мердігер міндеттелген уақытына дейін бітірмесе, айыппұл төлеуге тартатынын жеткізді.
Аудан әкімі ауылдық округ әкіміне жұмысты заң аясында талап етіп, қажет болса, сотқа беруді тапсырды. Ондағы мақсат – мердігер халықтың алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек. Әрине, мақсат соттасу емес, дегенмен мердігер өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Сот процесінің өзі ұзақ уақытты алады, ал асфальтсыз жол халыққа ыңғайсыздық тудырады. Игерілмей кері қайтарылған қаржы да қайта бөлінбейді, оны қайта бөлдіру де үлкен мәселе. Сондықтан аудан әкімі ауылдық округ әкіміне бірінші кезекте осы мәселені тездетіп шешуді тапсырды.
Кездесуде сонымен бірге ауылдық округ әкімдігін балабақшаға беру, ауылдағы ауызсу мәселелеріне қатысты мәселелер талқыланды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»