Basty bet

Еріктілер – жаны таза адамдар

Жақсылық жасау, жығылғанға сүйеу, жылағанға тіреу болу – кез келген адамның қолынан келетін іс. Тіпті бұл қазақ халқының өмір заңдылығы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігіне сіңіп кеткен. Мұны біз алыстан сұлбасы көрінген қарияның жүгін көтеруге асығатын баладан немесе жасы кішіге ізет білдіріп, үлкенге құрмет көрсетіп жүрген – жастардан аңғара аламыз.

Қазіргі таңда жақсылық жасаудың осынау үлгісі мемлекеттік маңызға ие болып, оған үлкен мән берілуде. Сәйкесінше қоғамда еріктілердің беделі де биіктей бастады. Оның бір дәлелі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұрғыда «Қазақстан Республикасының Президенті ретінде мен әрқашан волонтерлардың қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін. Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар – елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз», – деген еді. Осы тұста біз еріктілер туралы тарқатуды жөн санадық.
Ерікті сөзінің түп төркіні латынның «волонтер» сөзінен шыққан. Ол аты айтып тұрғандай қоғамдағы жұмысты өз еркімен, жүрек қалауымен істеуді білдіреді. Яғни, еріктілер көпшілікке көмектесіп, қол ұшын созғаны үшін ешқандай ақы талап етпейді. Айналаны көгалдандыру, абаттандыру, үгіт-насихат жүргізу сынды жұмыстарды да өз еркімен атқарады. Сол себепті еріктілердің қоғамдағы орны ерекше. Көпшілік еріктілерді қайырымды жандар ретінде таниды. Өйткені, еліміздегі еріктілердің барлығы дерлік жақсылық жасаумен айналысады. Бір жағынан бұл қазақтың көнеден келе жатқан «асар» дәстүріне ұқсайды. Асардың көрші-қолаң немесе мұқтаж жанға арналып жасалатын үрдіс екені барлығымызға белгілі. Еріктілік те солай. Бірақ еріктілік жұмысты адам жалғыз өзі істесе де болады. Ең бастысы әр жанның жүрек түкпірінде жақсылық жасауға деген ынта мен құлшынысы болса болғаны.
Ресми деректерге сүйенер болсақ, бүгінде Қазақстанда 200-ден аса еріктілер ұйымы жұмыс істейді екен. Ал, әлемдегі барлық еріктілердің саны 970 миллионға жетіп жығылатын көрінеді. Бұл ақпараттың өзі өзгеге жәрдемдесудің шеті мен шегі жоқ екенінен хабардар етіп тұрғандай. Сондай-ақ, осыған қарап еріктілердің барлық елде бар екенін байқаймыз. Әсіресе, осы қызмет азуын айға білеген АҚШ-та кең тараған. Бұл елде «жақсылық жасау» идеясы балаға мектеп жасынан бастап айтылады. Соның нәтижесінде волонтерлікпен айналысу әрбір АҚШ азаматы үшін басты қасиеттердің бірі болып саналады. Ал жұмысқа орналасқысы келген жастардың түйіндемесінде волонтерлікпен айналысқандығы туралы мәлімет тұрса, ол – үлкен мүмкіндік. Сондықтан шет елде студенттер мен оқушылар ерікті болуға қуана келіседі.
Жуалы ауданында да еріктілердің қатары көбеймесе, азаймаған. Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» инспектор-психологы Аида Мейірбек аудандағы еріктілермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Оның бізге берген мәліметінше, үстіміздегі жылға арналған волонтерлықтың 11 бағыты аясында ауданда өткізілетін іс-шаралардың жоспарында 130 іс-шара бекітілген. Аталған жоспар бойынша және жоспардан тыс ағымдағы жылдың 6 айында волонтерлық қозғалыстың 11 бағыты бойынша 109 іс шара өткізілген.
– Қазіргі таңда «Аяла», «Асыл мұра» бағыттары бойынша барлығы – 24 іс-шара өткізілді. Одан бөлек, «Жануарларды қорғауға және оларға көмек көрсетуге арналған ерікті қызмет» тақырыбында жануарларға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру жөнінде, «Бірлігіміз – татулықта!», «Асыл мұра» бағыты бойынша волонтер жастармен экскурсия ұйымдастырылған болатын. Сонымен қатар, «Білім» бағыты бойынша 6, «Қамқор» бағыты бойынша 17 іс-шара өткізілді.
Айта кету керек, «Қарияларға қамқорлық», «Жақсылық жасауға асығайық», «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» атты және «Саулық» бағыты аясында қарияларға медициналық көмек көрсету акциясы ұдайы өткізіліп отырады.
«Сабақтастық» бағыты бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған балалармен және өзге де санаттағы балалармен жұмыстар жүргізіледі. «Таза әлем» бағыты бойынша сенбіліктер және «Өзің оқы – өзгеге де бер!» тақырыбында түрлі акциялар өткізілді.
Бүгінгі күні медио-волонтерлік бағыты бойынша 17, мәдениет саласындағы волонтерлік бағыт аясында 6, әртүрлі спорт түрлері бағыты бойынша 10, басқа да әлеуметтік бағыт бойынша 9 іс-шара өткізілді. «Жомат жүрек» жобасы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілді. Қамтылған жастар саны 1196 адамды құрайды, – дейді Аида Баймұратқызы.
Иә, қазақ халқының қай баласы болса да өзгенің қолтығынан демегеніне ақы сұраған емес. Олардың ақ батасын алғанның өзін абырой санаған. Еріктілік те солай. Ерікті болғысы келген жан жасаған жақсылығына өтемақы талап етпеуі керек. Керісінше ерікті болу арқылы сіз ортаңызды кеңейтуге, жаңа достар табуға, өзгенің алғысына бөленуге мүмкіндік аласыз. Яғни еріктілік сіздің рухани қазынаңызды байыта түседі. Өн бойыңыздағы адамгершілік қасиетіңізді арттырып, мейірім шуағыңызды молайтады. Әрі еріктілік сізді материалдық жағынан қамтамасыз етуге де қауқарлы.

 

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close