Basty bet
Құқық бұзушылықтың профилактикасына салғырт қарауға болмайды!
Өткен бейсенбіде аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.
Отырысқа аталған комиссияның мүшелерімен қатар, жиын жұмысына Жамбыл облысы әкімінің аппараты басшысының орынбасары Ерлан Байболат қатысты.
Жиынның күн тәртібінде аудан аумағында қылмыстың алдын алу және жол қауіпсіздігін болдырмау бағытында атқарылған жұмыстар туралы мәселе қаралды. Күн тәртібінде қаралған мәселеге сәйкес, аудан аумағында қылмыстардың алдын алу бойынша қабылданған шаралар туралы және қылмыстар көптеп орын алған елдімекендерге талдау жасап, оның себептерін айқындау туралы аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Еркеғали Сартбаев баяндады.
-Аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен ағымдағы жылдың 3 айында аудан аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу, ескерту, қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілді. Орын алған қылмыстар мен жол-көлік оқиғаларына талдау жасалып, мұндай аймақтарда барлық жеке құрамды тарта отырып, локалдық жедел алдын алу іс-шаралары жүргізілді.
Іс-шаралар барысында жеке құрамның қызметі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және орын алған қылмыстарды ашуға бағытталған.
Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруда тиісінше, аудан аумағында «Құқықтық тәртіп», «Мектеп», «Жаяу жүргінші», «Тұрмыс», «Борышкер», «Түнгі қаладағы балалар», «Есеп» және «Қауіпсіз жол» атты жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Жүргізілген алдын алу жұмыстарының барысында аудан аумағында жалпы – 33 (2023 жылы – 25) қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, жалпы қылмыс 32,0 пайызға өскен. Оның ішінде, ауыр және аса ауыр қылмыстар – 5, ауыр дәрежедегі қылмыстар – 4, аса ауыр дәрежедегісі – 1, орта дәрежедегі қылмыстар – 12, ауыр емес дәрежедегі қылмыстардың – 15 фактісі анықталды. Есепті мерзімде отбасылық-тұрмыстық салада қылмыстар орын алған жоқ.
АПБ-ға қарасты Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің жеке құрамымен аудан аумағында көшелер мен қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеке құраммен алдын алу жұмыстары ұйымдастырылып отыр. ЖПҚ бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары және ювеналдық полиция тобының инспекторлары көшелерде патруль бағыттарында күндізгі және түнгі автопатрульдеу және жаяу патрульдеу шараларын атқару үстінде. Сонымен қатар, жұмыс атқару барысындағы маңызды мәселелердің бірі – отбасы тұрмыс аясындағы құқық бұзушылықтар бойынша түскен арыз-шағымдар, хабарламалардың негізінде полиция инспекторлары оқиға орындарына жедел шығып, тиісті шаралар қабылдап отырады. Ағымдағы жылдың 3 айында отбасы аясындағы бұзақылық жасаған 29 азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, соттың қарауына жолданды. Басқа да хабарламалармен қоса, жалпы 38 азаматқа қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып, есепке қойылды,- деді баяндамашы.
Е.Сартбаев сонымен бірге, күн тәртібіндегі қаралған негізгі мәселеге байланысты АПБ-ның ЖПҚ бөлімшесінің жеке құрамымен жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып берді. Оның сөзінше, жеке құрамның қызметі жол ережесін өрескел бұзған деректерді анықтау, оның ішінде, мас күйде автокөлікті басқару, жолдың қарама қарсы бетіне шығып кету, авариялық ахуал туғызу және бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өтіп кету сияқты деректерді анықтауға бағытталғанымен, ағымдағы жылдың 3 айында адамдардың жарақаттануына және қаза болуларына әкелген 12 жол-көлік оқиғасының тіркелгенін, соның салдарынан екі азамат қайтыс болып, 49 азаматтың жарақат алғанын жеткізді. (Ал 2023 жылдың осы кезеңінде 5 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 9 азамат жарақат алған, ал адам өлімі тіркелген жоқ).
Ал ағымдағы жылдың 3 айында жалпы жол ережесін бұзуға байланысты 1 036 дерек анықталған. (2023 жылы – 373 дерек). Баяндамашы сонымен қатар, ЖПҚ бөлімшесінің жеке құрамымен табиғат байлықтарын қорғау, жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстардың алдын алу, «Мүлдем төзбеушілік» қағидатымен атқарылып жатқан жұмыстар және түрлі құқық бұзушылықтарға айыппұл салу және оларды өндіру бағытында атқарылған жұмыстарды да қоса атап өтті.
Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Еркеғали Сартбаевтың баяндамасынан кейін сөз алған Ерлан Байболатов:
-Өздеріңіз жақсы білетіндей, облыс әкімінің 2024 жылғы №11 Өкіміне сәйкес, арнайы ведомствоаралық топ құрылған болатын. Топты құраудағы мақсат та белгілі, ол – облыс көлемінде құқық бұзу жөніндегі профилактикалық жұмыстардың барысын қадағалау жәна осыған байланысты туындайтын ахуалды жақсарту. Осы ретте мен облыс әкімінің аппараты басшысының орынбасары ретінде ведомствоаралық топтың төрағасы болып бекітілдім. Қазіргі таңда облысқа қарасты барлық аудандарды аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарға зерделеу жұмыстарын жасау үстіндеміз.
Айта кететін болсам, жұмысшы топтың құрамында (топтың мүшелігінде) облыстық прокуратураның, облыстық полиция департаментінің өкілдері, ҰҚК-ның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің және экономикалық тергеу департаментінің өкілдері бар. Мен мұны не үшін айтып отырмын. Жалпы жұмыс атқару барысында оның сапасына мән беру өте маңызды. Жауапты басшылар ведомствоаралық комиссияның отырысына келген кезде оған тыңғылықты дайындықпен келулері қажет.
Бұл ретте жұмысшы топтың тарапынан күн тәртібінде қаралатын мәселелерге байланысты жасалатын баяндамалардың сапасына да мән берілетінін баса айтқым келеді. Айналып келгенде, барлығымыздың атқаратын қызметіміз бір. Ол – аймақта қылмыстарды азайтып, өңірдегі криминогендік ахуалды барынша жақсарту. Сіздердің атқарған жұмыстарыңызға арнайы ведомствоаралық топтың мүшелері баға береді. Жұмысқа баға беріліп қана қоймайды, жауапты басшылардың (қызметкерлердің) қызметіне (лауазымына) сәйкес немесе сәйкес еместігі туралы тиісті жоғары тұрған органдардың басшыларына ұсыныс беріледі. Сол себептен мен барлықтарыңызға ескертемін, комиссияның жұмысына сапалы дайындықпен келу керек.
Одан кейінгі айтатын бір ескертпе, қаралатын мәселелерге шынайы көзқараспен дұрыс қарау қажет деп есептеймін. Мұндағы мәселе, мінберге шығып алып, жаттап алған статистиканы баяндап шығу емес. Сіздердің атқарған жұмыстарыңыз осындай отырыстарда көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, комиссия мүшелеріне бірлесіп жұмыс жасауды тапсырамын. Қылмыспен күрес пен құқық бұзушылықтың профилактикасына қатысты мәселені тек полиция бөлімі қызметкерлерінің мойнына артып қоюға тағы болмайды. Біз мұндай мәселеде қоғам болып күш біріктіріп, қылмысқа қарсы күресті күшейтумен бірге, аудан, облыс көлеміндегі криминогендік ахуалды бірлесіп тұрақтандыруға күш салуымыз қажет,- деп атап өтті облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, жұмысшы топтың төрағасы Ерлан Бейсенұлы.
Жұмысшы топтың төрағасы Е.Байболат құқық бұзушылықтың профилактикасына тікелей жауапты саналатын аудандық полиция бөліміне жүктелетін жауапкершілік пен талаптың жоғары екенін айта келіп, жұмыс атқару барысында ең бірінші сапаға көңіл бөлудің қажеттігін ескертті. Құқық бұзушылықтың профилактикасы төңірегіндегі жұмыстарды және күн тәртібінде қаралған мәселелер туралы АПБ-ның бастығы, полиция полковнигі Дәурен Сапиевтен де сұралды.
Кезектен тыс комиссия отырысында екінші мәселе ретінде – аудандағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев баяндама жасады.
Оның сөзінен де мысал келтіретін болсақ, есепті мерзімде ауданда бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылған. Бірақ атқарылған жұмыстардың барлығы мардымсыз, тіпті, оның тиімділігі төмен деп бағалауға болады. Қазіргі таңда аудан аумағындағы бейнабақылау камераларының көбісі істен шыққан. Бөлім басшысының сөзіне сенсек, жол-көлік оқиғалараның алдын алуға бейнебақылау камераларының саны жеткіліксіз көрінеді. Былтыр (2023 жылы) жауапты бөлімнің тарапынан оларды қайта жаңартуға тапсырыс берілгенімен, мемлекеттік сатып алу жұмыстарында жеңімпаз болып танылған ақтөбелік мердігер мекеме бұл жұмыстарды сапасыз атқарып, мәселенің соңы екі тараптың сотқа жүгінуімен аяқталған. Ендігі кезекте мұндай олқылықққа жол беруге болмайды. Жиын барысында аталған кемшіліктерді жою мәселелері де кеңінен сөз болып, жұмысқа жауапты басшыларға ескерту берілді.
Комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімі Жалғас Мұртаза, ең біріншіден күн тәртібінде қаралған маңызды мәселелер бойынша атқарылған жұмыстардың тиімділігінің ескерілуі қажет екенін, онымен қоса, жұмыс барысында орын алған олқылықтар мен кемшіліктер тез арада жойылуға тиіс екенін, сондай-ақ алдағы уақытта ауданның аумағында қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында тиісті құқықтық профилактикалық жұмыстардың жүйелі жүргізілуін қадағалау туралы, оның ішінде, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, тағы да басқа маңызды ұсыныс-ескертпелерін жеткізді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»