Basty bet

КӨКПАР – ЖҮРЕКТІЛЕР МЕН БІЛЕКТІЛЕРДІҢ ОЙЫНЫ

өңір басшысы облыс біріншілігінде жүлде алған жас көкпаршыларды қабылдады

Жақында облысқа қарасты Жамбыл ауданындағы Бектөбе ауылының маңындағы атшабарда ұлттық спорт түрлері – көкпар және теңге ілуден жастар арасында Жамбыл облысының біріншілігі өткені белгілі. Жарысты ұйымдастырудағы басты мақсат – ата-баба мұрасын жалғастырушы талапкер жастарды қолдау, көкпар мен теңге ілу сияқты ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау, сонымен қатар, облыс намысын республикалық деңгейде қорғайтын үздіктерді іріктеу.

Чемпионатқа Жамбыл облысының аудандарынан және облыстың орталығы Тараз қаласынан құрама командалар қатысты. Көкпар додасы жас шабандоздардың күш-жігерін, ептілігі мен командалық рухын сынаса, теңге ілу сайысы ат үстіндегі шапшаңдық пен дәлдікті талап ететін көрермен қызыға тамашалайтын ұлттық спорттың бірі ретінде жоғары бағаланғаны анық.
Бәсі биік, беделі жоғары облыс біріншілігінің аясындағы жарыс қорытындысында көкпардан І орынға Шу ауданының жас шабандоздары ие болса, ІІ орынды Талас ауданы және жүлделі ІІІ орынды Жуалы ауданының жас көкпаршыларынан құралған команда иеленді.
Осыған сәйкес, сейсенбі күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза облыс біріншілігінде ұлттық спорт түрі – көкпар ойынында жүлдегерлердің қатарынан орын алған жас шабандоздарды қабылдап, оларды кезекті жүлдесімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.
– Көкпар – қазақ халқының ұлттық ойыны. Көкпарды тек қана жүректі әрі білекті жігіттер ғана ойнай алады. Аттың үстінде еркін отырып, өнер көрсету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Біздің ауданнан шыққан бірқатар мықты көкпаршылардың облыстық «Әулие-Ата» көкпар клубында және Қазақстанның ұлттық құрамасының сапында үздік өнер көрсетіп жүргенін жақсы білесіздер. Қазіргі таңда көкпардан ұлттық құраманың сапында өнер көрсететін шабандоздардың екеуі қасиетті Жуалы өңірінен болуы да біз үшін үлкен мақтаныш.
Құрметті жас шабандоздар. Сіздерді ең алдымен облыс біріншілігіндегі жоғары жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін облыс біріншілігінде үздік өнер көрсетсеңіздер, ертең ел құрамасының сапында Қазақстанның намысын абыроймен қорғайды деп сенемін. Абыройларыңыз асып, азаматтық беделдеріңіз жоғарылай берсін. Сіздерді кезекті жүлделеріңізбен құттықтай отырып, күш-қайрат, бұдан да жоғары нәтиже және амандық тілеймін,- деп атап өтті Жалғас Әлижанұлы.
Жас көкпаршыларға осылай игі тілек тілеген аудан басшысы Жалғас Мұртаза оларды Алғысхатпен марапаттап, сый-сияпат жасады. Олардың қатарында – Әбдуәзиз Кәрім, Дастан Дәулетбек, Дәулеткерей Пірмахан, Аслан Шералыұлы, Дидар Мұхым, Мәди Келсінбек және Арман Әсет сынды болашығынан үлкен үміт күттіретін жас шабандоздар бар. Кездесуде аудан құрамасының сапында сәтті өнер көрсетіп жүрген жас шабандоздарды облыс біріншілігінде жүлде алуымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев құттықтап, ұлттық спортқа жаңа келген жас талапкерлерге толағай табыс тілейтінін жеткізді.

Таңдаулы материалдар

Close